Усть-Каменогорск
пасмурно
+6°
  • Усть-Каменогорск
    +6°
  • Алматы
    +15°
  • Нур-Султан (Астана)
    +10°
  • Актобе
    +17°
  • Форт-Шевченко
    +20°
  • Атырау
    +17°
  • Караганда
    +7°
  • Кокшетау
    +11°
  • Костанай
    +13°
  • Кызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +9°
  • Тараз
    +16°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +19°
$
442.05
474.14
¥
61.07
4.74
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қазақстанда балға сұраныс азайғаны рас па?

Табиғаттан нәр жинап, нәпақа терген жандар жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысады. Сондай жандардың бірі - омарташылар. Олар ой мен қырға ара салып, бал шығарып, өз шаруашылықтарын дөңгелетуде

Шығыс Қазақстан өңірі өзінің омарташылығымен танымал. Деректерге қарағанда, Қазақстанда тоқсаныншы жылдары 500 мыңнан астам бал арасы ұялары болыпты. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысында бал шаруашылығына мамандандырылған іргелі шаруашылықтар да болған көрінеді. Шағын шаруашылықтардың өзі 40 мың басқа дейін бал араларын ұстаған дейді омарташылар. Алайда еліміздің тоқырау кезеңінде ең бірінші ара шаруашылығы құлдыраған. 


Даму жоқ па?


Қазақстан бойынша бал өнімінің 70%-ы Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Бұл еліміздегі омарташылықпен айналысатын ірі шаруа қожалықтарына ғана емес, кіші және орта бизнес өкілдеріне бал өнімін саудаға шығару үшін берілген үлкен мүмкіндік. 

Фото редакция мұрағатынан (4).jpg

Дегенмен жеке кәсіпкер, омарташы Алексей Виноградов біздің еліміздегі омарташылықты дамытуға бірнеше жағдай кедергі екенін айтты. 
- Біз сияқты жеке кәсіпкерлерге омарташылықты дамытуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Бізге субсидия берілмейді. Қазақстан Омарташылар ассоциациясына мүшелік етуімнен ешқандай пайда болмайды. Онымен қоймай, біздің өңірдегі аралардың 95%-ы Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерден әкелінеді. Яғни, жергілікті омарташылардың аралардың үйірін (пакет) ерте көктемде Өзбекстаннан әкелінген үйлерден алады. Жыл сайын ол жақтан елімізге 100 мыңға жуық пакет келеді. Олардың басым көпшілі ауру аралар. Олар келесі жылға дейін шыдамайды. Ал біз өзіміздің жергілікті бал өндіруші араларды сата алмай отырмыз. Себебі көрші елдерден әкелінген аралар біздікінен әлдеқайда арзан. Ал біз қыстан оларды аялап шығарғандықтан, оларды арзан бағаға сатпаймыз, - дейді омарташы.
Сондай-ақ, омарташы Алексей Виноградов 2020 жылы зімбір мен қойдың майын халық таласа алғанымен,  бал өніміне сұраныстың аз болғанын айтады.

Өзге елдерден ара ұяларын әкелудің бірден бір себебі қыстың қаталдығы екен. 
- Еліміздің солтүстік, шығыс өңірлерінде қыс ұзақ, жаз қысқа, ал оңтүсіктен келген аралар ол жақта қыстың жоқтығынан ерте оянып, бал жинауға ерте араласады. Ал өз еліміздің жылы өңірлері, Шымкент, Түркістан сияқты жерлерде ара ұяларын көбейту үшін қаржылай салым, оларды күтіп баптайтын білімді әрі білікті мамандар қажет. Бұл үлкен жобаға айналады. Әзірге оны қолға алу мүмкін емес, - деді Қазақстан Омарташылар Ассоциациясының төрағасы, "Пасека" шаруа қожалығының басшысы Валерий Касымбаев.

Ал бір кездері омарташылықпен айналысқан өскемендік Қуаныш мырза аралардың қай өңірден әкелінгенінде еш айырмашылық жоқ екенін алға тартады. 
- Аралар бала сияқты күтім мен махаббатты қажет етеді. Оларды қай жақтан әкелінгенінде ешқандай айырмашылығы жоқ. Бастысы ұяның ішінде не болып жатқанын бақылауда ұстай алу, араларды баптап, асырай алу. Мен ара шаруашашылығымен айналысқан тұста байқағаным: аралар міндетті түрде көктемде ауырады. Ал ауырған аралар бал жинауға жарамсыз болып қалады. Сондықтан ұяларды қайта жаңартуға тура келеді, - деп қосты омарташылықтың қызығы мен шыжығының дәмін татқан Қуаныш мырза.


Карантиннің кесірі



Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер бойынша, 2019 жылы еліміздің омарташылары 2 900 тонна бал өндірген. Ал былтыр пандемияға байланысты өнім жинамақ түгілі 7 миллиард теңгеге шығынға батыпты. Мұндай ақпаратты "Бал-Ара" Қазақстан омарташылары ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұрәділұлы отандық баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында айтты. 
- 2020 жыл пандемияға байланысты өте күрделі жыл болды. Себебі омарташылық маусымдық кәсіп болғандықтан, оған дайындық жұмыстары оңтүстік өңірлерде ақпан айынан басталады. Наурыз айында алғашқы тозаң шырындары алына бастайды. Наурыз-сәуір айларында алғашқы алма ағашы гүлдейді. Маусым айында ең бірінші балды шайқау кезеңі басталады. Былтыр осы уақыт пандемия кезіне келді де, омарташылық қиындыққа ұшырады. Өткен жылы бірінші шайқауды жіберіп алдық. Оны біздің тілде "мамыр балы" деп атайды. Ең бір тез сіңімді, дәруменге бай, емдік қасиеті жоғары бал. Енді орта есеппен жылына 8 мың тоннадай бал өндірілсе, соның 2 мың тоннасы бірінші шайқаумен кетті деуге болады. Одан бөлек, ішкі нарықта сұраныс 90%-ға дейін төмендеп кетті, шекара жабылғандықтан экспорт 100% тоқтап қалды. Осы және басқа да себептің барлығын орташа есеппен алар болсақ, 100 омартасы бар омарташының осы жылдағы шығыны айына 580 мың теңгені, ал жылына 7 миллион теңгені құрады. Бұл жалпы көлемі 6,9 миллиард теңгеге шығып отыр, - деді ол.
Алайда еліміздің 120 ірі бал өндіруші шаруалары мүшелік етіп отырған Қазақстан Омарташылар Ассоциациясының төрағасы мұндай ауқымды проблемалар болмағанын алға тартады. 
- 2020 жыл өндірістің қай саласына болмасын оңай тиген жоқ. Омарташылар үшін бұл жылы ешқандай даму болған жоқ, бірақ бұл омарташылық тоқырауға ұшырады деген сөз емес. Тауарларды шетелдерге экспорттау кезінде қиындықтар болды. Мысалы, Қытай еліне бал өнімдерін жеткізу үшін шекарада жарты жылдай кезекте тұрдық. Монғолия елінде шекараға жеткізілген өнімді тура сол шекарада түсіріп, екінші жақтан келген көлікке тиедік. Мұнда да қосымша шығын, жұмыс күші қажет болды. Бірақ бұл біздің бал өндіруімізге және оны саудаға шығаруымызға қатты кедергі болмады, - дейді Қазақстан Омарташылар Ассоциациясының төрағасы, "Пасека" шаруа қожалығының басшысы Валерий Касымбаев.
Ара өсіруде ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтіруі мүмкін. Жайсыз ауа райында аралар алаңдайды екен. Күн райы жәндіктердің еңбекке қабілеттілігіне ғана емес, олардың көңіл-күйіне де әсер етеді.
- Биылғы ауа райының қолайсыздығы, қуаңшылық бал өнімін өндіруге қалай әсер ететінін білмейміз. Омарташыға қажетті тауар - балды жинау үшін бір ара ұясы қанша бал шығаратыны белгісіз болып тұр, - деп қосты Қазақстан Омарташылар Ассоциациясының төрағасы.


Бал өндіруге білім қажет



Қазіргі уақытта омарташылық атадан балаға мұра болып қалатын, отбасылық, династиялық кәсіп іспетті. Дегенмен омарташылық оңай шаруашылық емес. Араларды күтіп-баптау тәжірибені, білім мен біліктілікті қажет етеді. 
- Омарташылықпен көбінде орта жастан асқан адамдар айналысады. Жастар бұл іске қатты әуес емес. Дегенмен омарташылықты дамыту үшін ауылшаруашылық колледждерінің жанында арнайы "омарташылық" мамандықтары бар. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының жанында жас омарташыларды оқытуға бағытталған "Білімді дамыту орталығы" жұмыс істейді. Ол жерге білімі мен біліктілігін арттырғысы келген кез келген омарташы барып, тәжірибе жинап, білім ала алады, - деп қосты Валерий Касымбаев.

Фотоны В. Касымбаев ұсынды (13).jpeg


 

Мемлекеттің қолдауымен...



Қазір омарташылық саласындағы қиын-қыстау жағдайға қарамастан, қайтадан белең алып, сұранысқа іліге бастаған, еңбек пен білімді, білікті қажет ететін мамандыққа айналуда. Катонқарағай ауданындағы Қайсановтар отбасы биыл омарташылық кәсіпті қолға алып, жаз бойы ара асырап, енді соның жемісін көре бастады. 

Жаңа істі бастау үшін Қайсановтар жанұясы мемлекеттің қолдауына жүгінген. Себебі бұл отбасында отағасы Дидар маусымдық жалдамалы жұмыс істесе, отанасы Еркежан үй шаруасындағы әйел. 
- Біздің үш ұлымыз бар. Үлкені 10 жаста, ортаншысы 7 жаста, кішісі 2 жаста. Осы уақытқа дейін мен үй шаруасымен ғана айналысып отырдым. Кез келген адам өз ісін бастап, өзіне-өзі жұмыс істеп, жағдайын жақсартуды армандайтын шығар. Бізде де сондай ой болды. Осы уақытқа дейін ай сайын атаулы әлеуметтік көмек алып жүрдік. Биыл өзіміздің бизнес жоспарымызды құрып, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болдық, - дейді Еркежан Қиятова.
Осылайша, Қайсановтар отбасы мемлекеттен қайтарымсыз 583 мың теңге грант алып, ол ақшаға 12 ара ұясын сатып алған. Бірақ бұдан бөлек олар өз қаражаттарына арнайы киім және басқа да керек-жарақ заттарын алыпты. 

(сельское пчеловодство) фотоны Т. Смағұлов ұсынды (1).jpeg

Қазіргі уақытта отағасы Дидар Қайсанов 15 ара ұясын күтіп, бал жинаумен айналыса бастады. 

Бал алып, оны сату - маусымдық кәсіп. Себебі онымен тек күннің жылы уақытында ғана айналысуға болады. Ал күн суықта аралар ұясында қыстап шығады. Бал жинау маусымы сәуір айында басталып, қыркүйектің соңына дейін созылады. 
- Біздің өңір таулы аймақ болғандықтан ең бірініші ауыл ішіндегі гүлдер гүлдейді, сол кезде біз араларды ауылда ұстаймыз. Жаз ортасында ауылдағы гүлдер солып, таудағы гүлдер бүр жара бастайды, сол кезде араларды тауға көшіреміз. Біз ара шаруашылығымен енді айналыса бастадық. Сондықтан араларды қыста сақтап көрмедік. Келесі жылы сапалы, таза бал алу үшін біз тамыз айының соңына таман бал жинауды тоқтататын шығармыз, - дейді Еркежан Қиятова.
Аралар қыста көбеймейді, керісінше, суықтан өзін сақтап шығады. Күн жылынғанда көбейе бастайды, бал жинайтын қарт аралар орнын жас араларға береді екен. 
- Осы уақытқа дейін біз шамамен 100 келі бал шығардық. Интернеттің арқасында өндірген балымызды Өскемен және Алматы қалаларына саммық. Алғашқы табысымыз өзімізге жетеді. Ойлаған ойымыздан шықты, - дейді шаңырақтың шырағы Еркежан.
Биылғы маусымды табиғи аномалиялық құбылыстар да қиындатып отырғанға ұқсайды. Өйткені күн райының қас-қабағына қарап отырған омарташыларды көктем кезінде әдемі болып жарқырап тұрған ашық күннің аяқ астынан күрт құбылып жаңбыр немесе бұршақ жауып кетіп жатқаны алаңдатады. Уақытында араларды жинап алмаса, мұндай жауын-шашыннан үйірдің 50-60 пайызы қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан ауа райының құбылмалылығы бал жиналуына тікелей әсер етеді. 

 Мемлекет субсидия бөледі


 
Елімізде Омарташылар палатасы құрылғалы бері ара шаруашылығын дамытуға мемлекет субсидия бөле бастады. Бұл субсидияға ие болу үшін шаруа қожалығы бірнеше талаптарға сай болуы керек. Олардың ең негізгісі бұл кәсіпкердің шаруашылығында кемінде 100 ара ұясының болуы. 
- Елімізде 2018 жылдан бері бал өндірісіне субсидия бөліне бастады. 2020 жылы мемлекет Шығыс Қазақстан облысында омарташылық жақсы дамыған деп, біздің өңірге субсидия бөлмеді. Биыл біздің облысқа 90 млн теңге көлемінде субсидия бөлінуі жоспарланған және әкімдіктен бізге субсидия алып, омарташылықты дамытқысы келетіндердің тізмін жасап жолдауға ұсыныс түсті. Өңірдегі омарташылардан сұрастыра келе қазіргі таңда 137 млн теңгеге ұсыныс дайын тұр, - деді Омарташылар палатынысының ШҚО бойынша төрағасы Генадий Каллер.
Субсидия берілгенде бір ара ұясына 5000 теңгеден бөлінеді. Алайда бұл жердегі проблема жыл өтсе де, шығындар көбейсе де 5000 теңгенің көлемі өзгермейді екен. 
- Алғаш рет субсидия бөлінген кезде субсидия көлемін 5 мың теңге емес, айлық есептік көрсеткішке бекіткенде, бұл сома жыл сайын өзгеріп, өсіп отырар еді. Ал жыл сайын тауар айналымындағы бағалар көтеріледі, омарташы-лардың шығыны да азаймайды. Бірақ субсидияға берілетін ақша көлемі өзгермейді, - деп қосты Генадий Александрович.
Айта кету керек, омарташылық саласының дамуына бөлінетін субсидияға қыркүйек айының 20-сынан бастап өтінімдер қабылданады.


 "Аралар апокалипсі"



Әлемде аралардың азайып бара жатқаны ғалымдарды алаңдатып отыр. Аралар жер бетіндегі барлық өсімдіктердің 85%-ын тозаңдандырады. Егер аралар осылай жойыла беретін болса, алдымен бал жоғалады, содан кейін көкөністер, жарма және жаңғақтар жетіспейтін болады деп дабыл қағуда ғалымдар. 

Әлем мемлекеттері, соның ішінде Қытай, АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Канада сынды мемлекеттер соңғы жылдары араның азаю көрсеткішін байқаған. Америка Құрама Штаттарында 2018-19 жылдардың басында шамамен аралар колониясының 40%-ға азайғаны анықталған. Ал 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында Бразилия 500 мыңға жуық бал арасынан айырылған. Әлемде соңғы он жыл ішінде шамамен аралар саны 15 миллионға азайған.

Қияр, пияз, паприка, куркума ең бірінші болып жойылады. Ара рапс пен сояға да әсер етеді. Олардан табиғи май, соус алады. Күнжітті де қатарға қосып қойыңыз. Әдетте сиырды тамақтандыру үшін аралар арқылы көбейетін жоңышқа пайдаланылады. Әрине, оны басқа өніммен алмастыруға болады. Дегенмен сиырлар сүтті әлдеқайда аз береді. Тозаңданусыз біз алма өнімінің басым бөлігінен айырыламыз. Араларсыз фермерлер сұранысты қанағаттандыра алмайды. Құлпынай, қарақат өнімдерінің өсу көрсеткіші күрт төмендейді. Қазір әлемдегі ең сұраныс жоғары өнім кофе де өндірісін тоқтатады. 

Ал жергілікті омарташылар аралардың құрып кетуі мүмкін емес деген пікірді алға тартады. Олар аралардың өлімі ара асыраудағы білім мен тәжірибенің аздығынан, аурулардың алдын алып емдей алмаудан болады деген пікірде. 

P.S. Әлемнің және еліміздің омарташылары бастарынан осындай қиын кезеңдер өткізіп жатқан кезде омарташылықты дамытуды қолға алу бұл әлемді, адамзатты құтқаруды қолға алумен тең шығар.
Следующая →