Усть-Каменогорск
ясно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -4°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -5°
  • Кокшетау
    -8°
  • Костанай
    -8°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Көпбалалылар табысын растамай-ақ жәрдемақы ала ма?

Ел үкіметі 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгертуді ұсынды

Бұл туралы 7 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

Министрдің айтуына қарағанда, ұсыныс заң жобасы түрінде әзірленген. Бұл жоба бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Яғни, бала көп болған сайын жәрдемақы да көбейеді. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.

- Осыған байланысты көпбалалы отбасылар құрамынан атаулы әлеуметтік көмек алатындарды шығарып, оларға табыс көлеміне қарамастан қолдау көрсетуді ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін арттырып, материалдық жағдайын жақсартады, - деді Нұрымбетов.

Егер көпбалалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те (АӘК) беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ұсынылатын жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлейді, жеңілдетілген кредит беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

- Менің төрт балам бар. Ең кішісі 1 жаста, үлкен балам биыл колледжге түсті. Жұбайымның тапқан табысы балаларды тамақ, киім, керек-жарағымен қамтамасыз етуге кетеді. Бірақ балаларды мектепке дайындағанда тек аса қажетті заттарын алып беруге тырысамын. Соның өзінде 200 мың теңгеден көп ақша жұмсалады. Қиын, әрине, 3-еуі мектепте оқиды, біреуі кішкентай. Бала болған соң, ауырмай тұрмайды. Оған да қаржы кетеді. Биыл тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекке де іліне алмадым, себебі мамандар табысымыздың жеткілікті екенін айтады. Ал енді жаңа жылдан бастап барлық көпбалалы отбасыларға табыс көзін растамай жәрдемақы тағайындалатыны қуантты. Мемлекеттің бұл бағытқа көңіл бөлгеніне бек қуаныштымыз, - дейді семейлік көпбалалы ана Райхан Мүбаракова.

Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалатын болды. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Ал Үкімет отырысына қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті бұлай нақтылай түсу - "мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін" жасалған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл тоғыз айда 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілгенін айтады. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін табысын "жасырғаны" белгілі болған.

Еске салсақ, биыл ақпан айында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы - ред.) тұрмысы төмен отбасының бес сәбиі өрттен қаза болғаннан кейін көпбалалы отбасыларға берілетін көмекті көбейтуді талап еткен наразылық акциялары Қазақстанның әр өңірінде күрт көбейіп, бірнеше айға жалғасты. Осыдан кейін билік табысы төмен отбасыларға көмектесудің түрлі жолдарын ұсынды, сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады.

Следующая →