Биыл Алакөлден қанша табыс түсті?
Алакөл жағалауындағы демалыс базаларында туристердің саны жыл санап артуда
Жаз маусымы да аяқталды. Күрең күздің күңгірт күндерінде жазғы демалысыңыз жайлы ыстық естеліктер ғана жылытатын болады. Жаздың жайдары күндерін сіз қалай өткіздіңіз?
Қазір елімізде ішкі туризм қарқынды дамып жатыр. Бұрын шығысқазақстандықтар Бұқтырманың бойында, Көгілдір бұғазда демалатын еді. Соңғы жылдары бұл тізімге Алакөл де кірді. Алакөл өзінің пайдалы балшығымен, қонақжайлығымен, сапасымен кең танылып, ел аузында жүрген бірегей демалыс орнына айналып отыр. Былтыр курорттық аймақта, ресми деректер бойынша, 95 538 адам демалған екен. Облыстық Туризм басқармасы биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деп болжап отыр.
Көлеңкелі экономика
Облыстық Туризм басқармасының болжауы бойынша Алакөлдің жағасында демалушылардың шынайы статистикасы қолдағы ресми деректен әлдеқайда жоғары.
- Бір күнге келушілерді қоспағанда, былтыр Алакөлге 600 мыңға жуық турист келген. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары. Бұл көлеңкелі экономиканың көлемі жоғары екендігін көрсетеді, - деді облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.
Көлеңкелі экономиканы жою мақсатында әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Соның арқасында салық көлемі 2017 жылғы 37 млн теңгеден 2018 жылы 67млн теңгеге дейін өсті. Биыл салық көлемі 108 млн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Алғашқы көмек ақсап тұр
Жағымды, жақсы демалысты не бұзады? Әрине, бұл сапасыз сервис, қолайсыз ауа райы және адамның өз денсаулығы сыр берсе...
- Біз жыл сайын Алакөл жағасында отбасымызбен демаламыз. Жаңадан қалыптастырған дәстүріміз. Қыс кезінде билеттерді сатып алып қойып, жазымызды тағатсыз күтеміз. Жылда демалысымыз сәтті өтетін. Бірақ биыл баламның тісі ауырып, жағажайдағы бар медициналық пунктен көмек таба алмадық. Такси жалдап, ең жақын орналасқан Қабанбайдағы емханаға барайық десек, ол жерде стоматолог белгілі бір күндерде арнайы Мақаншыдан барып отырады екен. Біз ол күндерге түспедік. Содан ұлымды Алакөлден Мақаншыға дейін 1200 шақырым жүріп, стоматологқа апардық. Сол жердегі такси жүргізушілері 20 мың теңге сұрады. Бұл дегенің масқара жағдай болды. Өз басыма түспегенше, мұндай демалыс орнында медициналық жағдай ақсап тұр деп ойламаппын, - деді Өскемен қаласының тұрғыны Ғалия Абаева.
Алакөлдей ауқымды курорттық демалыс орнында алғашқы медициналық көмекке арналған пунктінің болмауы және барлық қажетті құралдармен, білікті мамандармен қамтылмауы болашақта Түркиямен бәсекелескейі отырған демалыс аймағына сын.
- 2017 жылы Алакөлдің жағасында травматологиялық пункт пен дәрі-дәрмек және алғашқы қажеттілік заттары сатылатын дәріханалық пунктер ашылды. Демалушыларға тегін медициналық көмек жағажайда орналасқан 1 медициналық пунктіде және травматологиялық бөлімде көрсетіледі. Травматологиялық бөлінде дәрігер және фельдшер, медициналық пунктіде 1 мейірбике жұмыс істейді, - дейді облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша, Алакөлдің жағалауында медициналық және полиция қызметкерлеріне арналған әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Жобаның жалпы ауданы 300 шаршы метр, оның ішінде медициналық пунктің 5 медициналық қызметкеріне 102 шаршы метр аумақ қарастырылған.
Туризм басқармасы мәлімдегендей, демалушылар көбінде асқазан ауруына, аллергиялық ауруларға, өкпенің қабынуына, белгісіз жәндіктердің шағуына, күнге күюіне, жол-көлік апаты кезіндегі түрлі жарақаттарға, гипертониялық криз, күн соққысы және т.б. себептермен жиі жүгінеді. Сондай-ақ, демалушыларға артериалды қысымды өлшеу, инфильтративті анестезия, сүйек шығуды жабық түзету, гипс таңу, жарақаттар мен күйікті хирургиялық өңдеу, таңу, т.б. қызметтер көрсетіледі.
Санитарлық норма сақталады
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау туралы Заңнамасына сәйкес, барлық санитарлық тексеру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін нақты дәлелденген шағымдар түсуі керек.
Жалпы жағалауда отыратын орын саны 50-ден асатын 4 қоғамдық тамақтану объектісі тіркелген. Оның екеуі 2019 жылдың тексеру кестесіне кіріп отыр. Бір қоғамдық тамақтану объектісі ерекше тәртіп бойынша тексеруден өтті. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша субъектіге әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылып, әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар, жағалауда эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз 15 дүкен, дәмхана тіркелген. 2019 жылы олардың қызметіне, сапасына, тамақтарына қатысты арыз-шағымдар тіркелген жоқ.