Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Сүйек берген кісімнен көрейін бе, мүжи алмаған тісімнен көрейін бе?

Ұлттық танымды табанға таптап, этиканы ескермейтін кейбір сайттар бүгінгі БАҚ-тың соры емес пе?

"Жарғыш" жаңалықтар жас ұрпақты жарға жықпай ма? Қазақтың "обал болады", "ұят болады", "жаман болады" деп, тексіздіктен тежеп отыратын үш ауыз сөзі неге санадан шығып кетті?!

Жаһандық көштің көшбасшысына айналған интернетті игілікке жаратамыз деп жүргенде илеуіне түсіп қалмайық. Бәсекелестік пен басқаларды басып озамыз деп жарыса жазып жүрген журналистер жұрттың құқығын, ұлттың ұятын да ойлауы керек сияқты. Қай істе болмасын жаманын жасырып, жақсысын асыратын қазақ едік қой. Ал, бүгінгі сайттағылар жамандықты жар салып, жарыса жазады. Өсек пен төсекті төңіректеген сайттардың түпкі мақсаты не?

Интернеттегі ұлттық ұят пен ар-намысты исіндіріп тұрған сайттардың іргелісі Nur.kz. Ұлттық менталитет деген ұғымға пысқырып та қарамайтын сияқты. Әредік әйелдің кеудесіне қарап, біреудің көрпесін ашпаса, тәбеттері ашылып, қаламдары жүрмейтін тәрізді. Ашып қалсаңыз, анайы жаңалықтар жабайы аңша өріп жүр. Барлығын сын садағына алып, тезге салып бітуің мүмкін емес. Десе де көзбұршағына іліккен біразына тоқталайық. "Түркістан облысында 76 жастағы қария келінімен не үшін төсектес болғанын айтты", ""Әр түні аймалайтын": Алматылық әйел әкесінен көрген қорлығын жайып салды", "Алматы облысында 26 жастағы жігіт оқушыны зорлады деп күдіктелуде", "Астанада 37 жастағы әйел пәктігін қалпына келтіріп, тұрмысқа шыққан" қатарлы тағы да басқа ұлттық талғамға сай емес тақырыптар толып тұр. Оқудың өзі ұят. Бүгінгінің "Қодарының" жағдайын жақсылап баяндап берген. Шалдуар шалдың ұятсыз ісін кімге үлгі қылмақ. Баба ғұрыпты белінен басып, арсыздық жасаған әйелдің қылығы кімге керек. Оқыс оқиғаға тап болған оқушының болашағына неге қаламмен қаралы жол салады. Атың шықпаса, жер өрте деп жетесіз істі жарнамалағаннан не ұтпақ. Осындай істер бола қалған күннің өзінде қазақ, "көрпе астының кеңесінде" шешетін еді ғой. Бассыз кеткенінің төбесіне қолын қойдырып, баусыз кеткенінің бұрымын қиып, жүгенсіз кеткен журналисін жөнге салатын, бір Құнанбай керек-ақ біздің қоғамға.

Ар-ұжданды аттап өткен, табанға таптап өткендердің бірі zakon.kz ""Ұрды, зорлады". Алматыда жоғалған 15 жастағы қыз басынан өткен жағдайды айтып берді", "“Арманым орындалды”: Блогер Әсел Асқар омырауын үлкейтіп алды", "Шымкентте ер адам әйелін сабап өлтірген" т.б тақырыптарының түрі осы. Жасөспірім қыздың аты-жөнін, тіпті, суретін қоса берген. Осыны жазған адамда қарындас жоқ па? Ұлттық намыс жоқ па? Болары болып, бояуы сіңді десек те, ол бала ертең бойжетпей ме? Басқа өмір бастағанда, бұл жазба алдынан кесе көлденең шығатынын неге ойламайды. Қыздың туыс-туғанының, ұлттың намысын неге ойламайды. Жалпы осы істі жалпақ жұртқа жайғанда не ұтпақ? Ұлттың ұрпақ алдында ұтылып жатқанын білмей ме? Zakon.kz тілшілері ар-намыс, Әдеп кодексі дегеннен бейхабар сияқты. Әсел Асқарқызының анары жайлы ақпаратты айтамыз. Осыны жазған адамның арғы пиғылы ұрпақты азғыру ма, аздыру ма? Әлде, ана сүтін ембеген пәтшаһар ма?! Әнші Бүркіттің қарындасы деп бірнеше қайталап көрсеткен. Бұл сонда ән әлемінде өзіндік тыңдарманы бар Бүркітті қорлағаны ма, әлде жеке бас құқығына қол сұққаны ма? "Әйелін сабап өлтірді" деп әйгілепті. Біреудің өлімін табалап, жығылғанға жұдырық сілтейтін ұлт емес едік қой. Тентегін тезге салар дала дәстүрі азайса да, тәуелсіз елдің заңы бар емес пе? Ақиқатын солар анықтап, жазасын берер. Осыны жалпақ жұртқа жайып қажеті қанша!

Үлкен-кіші оқырманның алдында именбейтіндердің бірі kaz.365info.kz екен. Тақырыпты тауып қойып, оқырманды арандатуда да алдына жан салмайтын сияқты. Кезекті бір тақырыпты "Дәурен Айдарқұлов жыныстық қатынас жайлы ашып айтты" деп қойыпты. Оқыдық. Бар болғаны сұраққа жауап берген. Төрт баланың әкесі деп көрсетіпті. Сонда деймін-ау осыны жазып отырған автор, Дәуренді төрт баласының алдында ұятты етіп көрсеткісі келді ме? Кейіпкерін төсекке дейін түсіргенде не ұтпақ. Оқырманға қандай ой салмақ. Жалған намысқа жол берген келесі тақырыбының түрі мынау: ""Қырғыздың астында…". Санын жалтыратқан Кәмшат Жолдыбаева "төсектен" бір-ақ шықты". Намысы бар адам осыны шүйіншілеп ел-жұртқа жая ма. Кейіпкермен қосып қырғыздың астына күллі ұлттың намысын салып беріп отырғанын біле ме екен. Әлде әдейі істей ме?!

"Ұғымы жоқтың - жұғымы жоқ" дейді қазақ. Журналистикаға жолшыбай қосылатындардың қатары көбейді. Қатері де көбейді. Ұлттық мүддені ұмыттық. Сүрініп-жығылып, бетіңді басып, жағаңды ұстап сайттан шықсаң, алдыңда әлем-жәлем болып әлеуметтік желі тұрады. Ол жерде де әуреттен бастап әлемдік деңгейдегі жаңалықтарды жазып отыратын жазармандар көп. Ал сол парақша да өзінің туыс-туғаны, біреудің әкесі, біреудің шешесі отырғанын білмейді. Білсе де, білгісі келмейді бәлкім. Үй артында кісі барын ұмыттық. Жапырақ байлап жүрген африкалықтар да ар-ұжданның алдында осы сайттардай жалаңаштанбаған шығар. "Сүйек берген кісімнен көрейін бе, мүжи алмаған тісімнен көрейін бе" деген қалге түстік.


Следующая →