"Альшемали" сауда үйі он жылдығын атап өтті
Өскемендегі ірі сауда үйлерінің бірі - "Альшемали" наурыз мейрамына орайластырып, он жылдық мерейтойын атап өтті
Сауда үйінің алдында ақшаңқан киіз үй тігізіліп, бауырсақ, наурыз көже, қымыз, палау сынды қазақтың ұлттық тағамдары тегін таратылды. Ыстық шәй ішкісі келгендер де киіз үйдің маңайына жиналды.
Алдымен "Альшемали" және "Император" сауда үйлерінің директоры Сергей Коротин мерекеге келгендер мен сауда үйін жалға алушы әріптестерін көктемгі жаңа жыл мейрамымен құттықтап, ұжымға үлкен табыс тіледі.
- Сауда үйінің ішіне де, сыртына да шағын фуршет үстелдер қойылып, келушілердің көңілін көтеру үшін тегін шәй-тағам таратылды. Сыртта сахна құрылып, өнер ұжымдары ән айтып, би биледі. Сауда үйін жалға алушы дүкендер мен бутиктердің барлығы келушілер арасында сыйлық сертификаттарын ұйымдастырып, әртүрлі ойындар өткізді. Сертификаттардың көбі соншалықты – мерекені тамашалауға келгендердің барлығы сыйлыққа ие болды десем болады, - дейді "Альшемали" сауда үйінің пиар-менеджері Анастасия Рубцовская.
Бес қабатты сауда үйінде қазіргі уақытта 15 дүкен бар. Осыдан он жыл бұрын сауда үйінің жартысы бос болатын.
- Ал қазір бос орын жоқ. Осынау он жылдың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзім қалаған даму жолына түстік. Сауда үйінің мақсаты да сол - келушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасау. Маусым сайын сырты да, іші де өзгертіліп отырады, - дейді сауда үйінің аға әкімшісі Анастасия Красикова.
Ал мерейтойға келуші қала тұрғындарының өздері де сауда үйінің маңында концерт болатынын алдын естіген екен.
- "Альшемалиге" жиі келіп тұрамын. Кеше де өтіп бара жатып, концертке дайындалып жатқанын көрдім. Бүгін жанұяммен келіп отырмыз. Өте қызықты, - дейді қала тұрғыны Нұрбек Шектібаев.
Айта кеткен жөн, сауда үйінің ішінде жиһаз, тұрмыстық техникалар мен киім-кешек және құрылыс материалдары сатылады.