Этот сайт собирает метаданные пользователя (cookie, данные об IP адресах и местоположении). Это необходимо для функционирования сайта.
Продолжая пользоваться сайтом, Вы даете согласие на использование ваших cookie-файлов.
Екі аптадан соң елде құрылыс материалдары қымбаттайды. Ал әзірше баға тұрақты
- Бір-екі аптадан кейін құрылыс материалдарының бағасы өсе түседі. Өткен аптада қож-блоктың (шлакоблок) данасы 112 теңгеден сатылса, қазір ол 120 теңгеге өсті. Негізінен, сұранысы көп материалдар болғандықтан, кірпіш пен цемент, газоблок пен шлакоблоктардың бағасы көтеріледі. Ал үйді салу үшін, кем дегенде, үш мың дана кірпіш керек. Кірпіштен салынған үйлер жылы келеді. Жер үй салумен айналысатын құрылыс бригадалары да алдын ала хабарламалар таратып, науқанға дайындалуда. Қолдан келгенше тұрғындарды құлақтандырып, бағаның өсетіндігін, материалдарды қазірден бастап сатып алу керектігін айтып жатырмыз, - дейді Дастан есімді құрылысшы.Тағы бір құрылысшы Өскемен қаласындағы құрылыс материалдары елдің өзге қалаларымен салыстырғанда қымбат екендігін айтады.
- Өскемен - елдің түкпірінде, шетінде, торап жолдан тыс орналасқан қала. Сол себепті де құрылыс материалдары көрші қалалар мен Ресейден келетіндіктен, бағасы біршама қымбаттау. Одан да Ресейдің өзіне барып, Барнауыл мен Новосібірден құрылыс материалдарын сатып әкелген тиімді. Екі есе ақша үнемдеуге болады. Өскемен мен Семейде де кірпіш шығарылады. Бірақ оның сапасын ешкім тексеріп, қарап жатқан жоқ. Мемлекеттік стандарт жасалмайды. Бірақ сапасы жаман дей алмаймын, десек те Ресейдің құрылыс заттары сапалырақ, - дейді Ерік есімді құрылысшы.Егер бригада жалдамай, тұрғынның өзі жер үй салатын болса, онда ең арзан дегенде 3,5 млн теңгеге үй тұрғыза алады. Ал құрылыс бригадасының қызметін қосса, онда бұл үйді 5 млн теңгеге дейін салуға болады.
- Бірақ қазір жергілікті құрылыс бригадаларының қызмет бағасы түсіп тұр. Себебі Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген бауырлас ағайындар үйді әлдеқайда арзанға салып береді. Соңғы уақыттары мұндай бригадалардың саны көбейген, - дейді Ерік.Былтыр қызыл кірпіштердің данасы 35-37 теңгенің аралығында сатылса, биылдың өзінде бұл кірпіштер 40-44 теңгеге дейін жеткен. Бұл - ең арзандары.
- 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда кәсіпкерлік қызметімен айналысатын шағын кәсіпорындар қызметкерлерін қоспағанда, құрылыста жұмыс істейтіндердің саны 8,3 мың адамды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 12%-ға азайды, - деп мәлімдеді ШҚО Статистика департаментінің баспасөз қызметі."Нұрлы жер" бағдарламасы мен "7-20-25" бағдарламасы аясында құрылыс саласы жанданып, материалдарға деген сұраныс та артары сөзсіз. Оның үстіне, қалаға жиналушы жұртшылықтың қарасы мол. Үй сатып алғанға қарағанда, оны салудың шығыны әлдеқайда аз екенін білетін жұрт үй тұрғызуға бар күшін салуда.