Виртуалды медиация кабинеті ашылды
Облысымыздағы Қазақстан Халықтар Ассамблеясы республика бойынша алғаш болып виртуалды медиация кабинетін ашты <p> </p>
«Цифрлік Қазақстан» бағдарламасына орай жасалған бұл виртуалды бағдарлама кәсіби медиаторлар мен республика азаматтары арасында байланыс орнату мақсатында жасалған.
Виртуалды медиация кабинеті ШҚО Достық үйінің интернет порталында орналастырылған.
- Виртуалды медиация кабинетін ашудағы мақсатымыз - халыққа жеңілдік көрсету. Жұртшылыққа үйінде отырып-ақ өзінің мәселесіне қатысты мамандармен кеңес жүргізуіне мүмкіндік беру. Сонымен қатар, елімізде медиация саласын дамытуға да үлес қосу басты мақсатымыз болып отыр. Елбасы ҚХА-ның 22-сессия жиналысында Ассамблеяға медиация саласын дамытуға тапсырма берген болатын. Бұл - халық пен медиаторларды жақындастыруға септігін тигізетін жоба, - деді облыстық Достық үйі директоры Елдар Төлеубеков.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша медиаторлар ұйымының тіркеуінде 47 кәсіби медиатор, қала және аудан әкімдігі сайттарында 174 кәсіби емес медиатор тіркелген.
- Мұндай жобаның Қазақстанда ешқандай ұқсас баламасы жоқ. Жалғыз десек болады. Виртуалды медиация кабинетіне тіркелуді барынша жеңіл қылуға тырыстық. Тек ең қажетті мәліметтерді ғана тіркеуіңізге болады: аты-жөні, ауданы, мекенжайы, ұялы телефон нөмірі және е-mail мекенжайы. Кейін кәсіби медиаторлар сайтқа тіркеле отырып, өздерінің құжаттары мен сертификаттарын жүктейді, - деді виртуалды медиация кабинеті бағдарламасын жасақтаушысы, жоба авторы Александр Михайлин.
Қымбат Берікұлы