Telegram

/ Ел аманатын адал атқарып жатқан азамат

Ел аманатын адал атқарып жатқан азамат

Ауданымыздың әкімдері ел аралап есеп беруді бүгінгі таңда дәстүрге айналдырды

02 февраля 2017 года, 11:37 936
Этот материал доступен на казахском языке
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Ел аманатын адал атқарып жатқан азамат
Источник: © Алдаспан Фото: © Алдаспан

Жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы халық алдында есеп беріп, бағындырған белестер жайлы айтып, халықтың көкейінде жүрген сан сауалға жауап беру - азаматтық қоғамның қалыптасып, демократиялық құндылықтардың сақталып отырғандығының бірден-бір дәлелі.

Осы үрдіске сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов қаңтар айының 26-сы Шар қаласында есеп берді. Қамба толық болса, халық аш қалмайды дегендей, ауданның өсіп-өркендеуі, экономикалық өрлеуі тікелей бюджетке байланысты екендігі ақиқат. Осыған орай Жарма ауданының қамбасы толық екендігінде ешкімнің күмәні болмады. Өйткені аталмыш аудан он жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Облыс бойынша Жарма ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша он алтыншы орыннан төртінші орынға көтерілді. Бұл аудан басшысының және әкімдіктің нәтижелі жұмыстарының бірден-бір белгісі.

Нұрлан Сыдықов жыл көлемінде жасалған жұмыстар жайлы нақты саннан құралған, нәтижелі жұмыстар жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аудан басшысы Әуезов кентінің әлеуметтік әлеуетін арттырып отырған ресейлік «Полиметалл» компаниясын тілге тиек етті. Аталмыш компания 2016 жылы 27 млрд теңге инвестиция әкелсе, биылғы жылы 70 млрд теңге инвестициясын алу жоспарда бар. Сонымен қатар, Нұрлан Бәтташұлы алтынның отаны болған ауданда қазіргі таңда кен орындарының қайта жандандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, Бөке ауылында кен байыту комбинатының құрылысы, Ақжал ауылында алтын өндірісі басталған екен, 15-ке жуық мекеме геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер қорытындылары оң болса, осы кен орындары болашақта аудан экономикасының негізгі тірегі болары хақ екендігін жасырмады.

Аудан әкімі есебі кезінде жылдар бойы шешілмей келе жатқан жол мәселесіне, яғни, Қалбатау-Семей бағытындағы 34 шақырым тас жолын жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, осы жылы жөндеу жұмыстары болатындығы айтылды. Сондай-ақ, көптеген оң нәтижелі жұмыстар жайлы есеп берген басшыны халық ұйып тыңдады.

Есеп аяқталған соң жиылған жұрт өңір басшысына сауалдарын қойып, есепке оң бағаларын берді.

Сонымен қатар тұрғындар Шар қаласының көркеюіне елеулі үлесін қосып жатқан Нұрлан Бәтташұлының еңбегі ерен екендігін айтты.

- Біздің қала күннен күнге көркеюде, былтыр жолдар жөндеуден өтіп, бағдаршамдар орнатылып, ауданымыздың орталығында емес, Шар қаласында су бұрқақ және Ұлы Абайдың мүсіні орнатылды. Шар қаласының тұрғындары аймақ басшысының жұмысына оң баға береді, - деп ағынан жарылды шарлық Нұрғаным апа.

Алайда әкімге тек алғыс қана айтылған жоқ, өкпесі қара қазандай болған жұрт шешілмей жүрген мәселелерін жасырмай айтты.

- Менің есімім Гүлнар Тұрсынова. Шар қаласының Амангелді көшесінің тұрғындары атынан келіп тұрмын. Біздің жылдар бойы шешілмей келе жатқан электр қуаты мәселесі шешімін табар емес. Сізден біздің уәжімізді назарға алып, осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын деді, - қала тұрғыны.

Нұрлан Бәтташұлы бұл мәселені өз назарына алып алдағы уақытта істің мән-жайын анықтап жауабын беретіндігін айтты.

Сондай-ақ, әкімге алғысын жаудырған азаматтар санында шек болмады.

- Шар қаласындағы балаларды бейімдеу орталығы бізде Қазпошта ғимаратының екінші қабатында болған, оның қолайсыздығы тұрғындар үшін шешілмей жүрген мәселе еді. Сіз жаңа ғимарат сатып алып, онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жартылай стационар бөлімін аштыңыз. Сізге алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, аталмыш орталық толық күнде жұмыс істесе деген ұсынысымыз бар. Сізге ел аманатын адал атқарып жатқаныңыз үшін алғыс білдіремін деді, - Шар қаласының тұрғыны Ержан Қарымсақов.

Аудан басшысының атқарған жұмысына жұрт ризашылығын білдіріп, Шар қаласының одан әрмен көркейе түсуіне аудан басшысының үлесі зор болатынына сенімді.

PS: Нұрлан Бәтташұлы ауданның экономикалық өрістеуінен бөлек, рухани құндылықтарын, оның ішінде Шығыс өңірінің мәдениетін дәріптеп, мәдениет діңгегін бекіткен тұлғалар тұғырын асқақтатуда. Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерейтойына орай Жарма ауданындағы Әуезов кентінде Ұлы жазушыға арналған нысан орналастыру жайлы жоспар бар. Сондай-ақ, осы ауданның тумасы Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Жарма ауданында республикалық айтыс өткізуге ниетті.


Айым Касембаева


Загрузка...

Получайте уведомления от Устинка Live