Усть-Каменогорск
ясно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -4°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -5°
  • Кокшетау
    -8°
  • Костанай
    -8°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Алакөл Түркияның демалыс аймағынан кем болмайды

Аймақ басшысының өңір дамуына елеулі үлес қосады деп болжанған жоспары туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызуда

Арада 2 ай өтті, аталған бағытта не атқарылды, болашақта қолға алынар шаруалар анықталды ма деген сауалдарға жауап іздеген Даниал Ахметов жаз айларында қазақстандықтардың демалыс орталығына айналған Алакөл демалыс кешеніне жұмыс сапарымен барып қайтты.

Былтырғыға қарағанда Алакөлдің өңі кіріп, ажары ашыла түскендей. Өзгерістер облыс әкімі Даниал Ахметовтің мамырдағы жұмыс сапарынан кейін енгені белгілі. Отандық туризмнің даму көрсеткіштері бойынша Алакөлде қолға алынған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғы 3 жыл ішінде бұл салада ілгерілеу бар. Аймақта туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. Тынығуға, орталықта шығармашылық және би кештерін өткізуге арналған үш өлшемді шатыр конструкциялары орнатылған. Енді бір ғана Алакөлге келетін туристер саны 1 миллионға жетпекші.

- Мына көлдің жағасын көріп, қуанып, мақтанып жатырмыз. Сізді ел Елбасының ең сенімді серігі ретінде біледі. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді халқымыз. Сізге үлкен рахмет айтамыз, - деп алғысын білдірді немерелерімен көл жағасында демалып жүрген Қабанбай ауылының тұрғыны.

Алакөл көлінің жағалауында демалушылар қатарының жыл сайын артуына байланысты, 2018 жылы Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) маусымдық теміржол қатынасы ашылған болатын. Билет құны 2800 теңге. Ал туристерді Алакөл көлінің жағалауына қолайлы жеткізу үшін Үржар қаласында Алматы, Астана, Өскемен мен Семейден әуе рейсі қолданысқа берілді.

- Тасжолдың жөнделуін 10 жыл күттіңіздер, енді 3 жыл күтесіздер. 3 жылдың ішінде жол жұмысы толықтай бітеді. Сонымен қатар, Жалаңашкөл-Қабанбай бағытындағы жолды жөндеу жұмысы да қызу. Жол құрылысы 2 айдың ішінде бітеді деп жоспарлануда, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Жалпы, биыл Алакөлдің жағалауына жүргізілген реконструкция нәтижесінде демалыс аймағы адам танымастай болып өзгерді. Бұл жұмыстар әлі де болса жалғасуда және ол үшін 3 жылда жергілікті бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жағажай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа автовокзал өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, туристердің автокөліктері үшін тұрақ салынып, көшелер мен жағажайды жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Алакөл жағасында жаңа саябақ та салынған. Мұнда қазір көгалдандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

- Даниал Кенжетайұлы, демалыс кешені қатты өзгерген. Барлығы керемет. Жақсы бір демалыс болып жатыр, - деп ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Алакөлдегі еңбек демалысында алған әсерімен бөлісті.

Қазіргі таңда ШҚО ішкі туризмнің даму көрсеткіші бойынша республикада Астанадан кейінгі екінші орынды алады. Ал Алакөлдегі маусымдық шомылуға қонақ үйлер мен демалыс орындарына келген туристер саны 15 мың адамды құраған. Ресми дерек бойынша, 9200 орынның 5685-і бос емес. Дегенмен, қонақ үйлерге соқпай, тек табиғатты тамашалап кететін саяхатшылардың саны күрт артып отыр. Биылдан бастап демалушыларға күннен көлегейлейтін шатырлар мен жайлы орындар жалға берілетін болды. Бұрын-соңды болмаған тротуарлар салынып, балаларға арналған спорт алаңдары мен ойын аттракциондары ашылған. Алакөлдің орталығындағы арбатта сауда павильондары тұрғызылған.

- Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Алайда Алматы облысы жақтағы Алакөл демалыс кешеніне емес, бірден елдің Шығыс жағындағы кешенге отбасыммен бірге демалысқа тарттық. Мұнда барлығы ұнап жатыр, - деді алматылық мейман Жалғас Қадір.

Айта кету керек, жаз мезгілі - жергілікті халықтың нағыз қауырт жұмыс істейтін шағы. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көл жағалауында жүріп, туристерге түрлі қызметтерін ұсынады. Бірі - көптеген ауруларға ем болатын қара балшық пен ақ сазды сатса, енді бірі - демалушыларды көл бетінде моторлы қайықпен саяхаттатып нәпақасын табады.


"Алаған қолым береген"

Іссапар барысында аймақтың туристік әлеуетін арттыруға қатысты мәселелер талқыға түсті. Әсіресе, аймақ басшысы Алакөлге турист тарту, демалушылардың келуі мен лайықты демалуларына қажетті сервистік қызмет көрсетуге қатысты кейбір мәселелердің басын ашып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

- 3 жылдың ішінде 4,5 млрд теңгені Алакөл демалыс кешенін дамытуға жұмсадық. Өткен жылы 500 мыңға жуық демалушылар келсе де, 24 млн теңге ғана салық түскен. Бұл болжалды соманың 10 пайызы ғана. Кем дегенде, бұл жерден 300 млн салық түсуі керек еді. Кәсіпкерлер басқа көзбен қараса дейміз. Екі жақты жұмыс жүрмей, пайданы кері қайтармай инфрақұрылымды дамыту мүмкін емес. Бұл жерде кәсіп қарқынды жүріп, демалушылар саны да күн сайын артуда. Алайда ешкім Отан алдындағы міндетін өтегісі келмейді. Қайталап айтамын, салықты төлемейінше ешнәрсеге рұқсат жоқ, - деп облыс әкімі өңір кәсіпкерлерін бір сілкіп алды.

Алайда облыс әкіміне наразылықтарын білдірген бірқатар кәсіпкерлер де болды. Себебі аймақ басшысы арбаттағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай емес кәуәпханаларды жабуды тапсырған.

- Ғимаратты жалға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Барлық рұқсат қағаздарымыз бар. Не үшін кәуап сатуға рұқсат жоқ? Соны түсіндіріп беріңізші?! Қарапайым халық қалай күн көрмек? Ең құрығанда маусымның соңына дейін жұмысымызды істейікші, - деп шағын кәсіпкерлер түсінбей әлек болды.

Аймақ басшысы кәсіпкерлердің наразылығын тыңдап, оларға лайықты жатын орындар мен келбеті әдемі, заманауи талаптарға сай ресторандар ашылуы керектігін түсіндірді.

- Бұл жердегі бірде-бір орынға кәуапты сатқызбаймыз. Әкімшіліктен ақпарат алуыңыз керек еді. 1 аптаның көлемінде кәуап сатуға арнайы жер береміз. Ол жерге асфальт төселеді. Сол жерде кәсіптеріңізді жалғастырасыздар. Тәртіп болуы тиіс. Тәртіп болмаса, қалай дамымақпыз, қалай өркендемекпіз?! - деді Даниал Ахметов.

Туризмге кедергі негізгі мәселелер

ШҚО әкімі Даниал Ахметов "Алакөл аймағы Еуропа елдеріндегі демалыс орындары сияқты заманауи талаптарға сай жоғары деңгейге жетеді. Ендігі жылы тағы да абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, парк кеңейтіледі, жиек жұмысы бітеді. Алакөліміз Түркияның демалыс аймағынан кем болмайды" деп уәде беріп отыр. Ал енді туризмге кедергі болып отырған негізгі мәселелерге тоқталып көрейік.

Біріншіден, демалушылардың көңілінен шыға қоймайтын бір жайт - қызмет көрсету сапасы. Себебі Түркия тек сол сапалы қызметінің арқасында әлемдік туризмнің орталығына айналып отыр. Әуежайдан түсе сала, сізді қарсы алып, жағажайға дейін жол көрсетсе, ешкім де қарсы болмас еді. Екіншіден, кейбір отандастарымыз Алакөлдің барын да білмейді. Себебі Алакөлге апарар жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді.

Ал Өскеменнен Алакөлге дейін жетудің бірнеше жолы бар. Біріншісі - Өскемен мен Семейден Үржарға дейін екі жарым сағат ұшып, әрі қарай автобус не көлікпен 2 сағаттық жолды еңсеру керексіз. Ұшаққа билет құны - 20 мың теңге. Ескертетін жайт, ұшақтан шыға сала демалушыларды қымбат бағамен Алакөлге дейін жеткізгісі келетін таксистер күтіп тұрады. Алакөлге жетудің келесі амалы - Өскемен-Үржар бағытындағы немесе Алматы қалалары арқылы автобус не көлікпен жолға шығу. 10 сағаттай жолда шаңға көміліп барасыз. Мұндай демалыстан кейін тағы бір мәрте демалғыңыз келетіні анық. Көбісі көлде демалып қайтудан бас тартып жататыны да сондықтан.

Ал шипалы көк көл адам бойына қуат, көңіліне шуақ сыйлайды. "Алакөлде демалған бағаға Анталияға барған артық" дейтін жансақ пікірлер де бар. Күніне орташа есеппен 4-10 мың теңгенің айналасындағы сомаға жатын орын алуға болады. Ол бағаға 3 реттік ыстық тамақ пен душ кіреді. Былай қарағанда қымбат емес. Иә, шетелдіктерді былай қойғанда, өзіміз қазақ жеріне берілген табиғаттың байлығын бағалай алмай келеміз. Оған себеп, туристік инфрақұрылымның жоқтығы мен туризм саласындағы ақпараттық материалдардың аздығы.

Следующая →