Этот сайт собирает метаданные пользователя (cookie, данные об IP адресах и местоположении). Это необходимо для функционирования сайта.
Продолжая пользоваться сайтом, Вы даете согласие на использование ваших cookie-файлов.
Мемлекеттік қызметкерлер қазақ ойшылдарының нақыл сөздерін тауып, елдің мәдени ескерткіштерінің тарихын паш етіп, қазақ тіліне арналған толғау-өлеңдерін оқыды
- 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні. Біле білсеңіз, мемлекеттік тіл де елдің рәміздері қатарына жатады. Мемлекеттік тіл, ең алдымен, мемлекеттік органдарда қолданылып, дамуы тиіс. Өйткені мемлекеттік қызметте жүрген жандардың 87%-ы қазақ ұлтының өкілдері. Бүгінгі байқауға қатысуға жас мемлекеттік қызметкерлер көп жиналған екен. Мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексінде "мемлекеттік қызметкер өзінің тілі мен дінін, тарихы мен мәдениетін білуі керек" деп көрсетілген. Бұл жастарымызға үлгі болса екен, - деді байқауда бас қазы болған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.Ал байқауды ұйымдастырушы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік қызметкерлер арасында байқаулардың аз өткізілетіндігін айтады.
- Бұл байқаудың негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамыту, мемлекеттік тілді қолданудың беделін арттыру, мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру. Байқау мемлекеттік қызметкерлердің өздері үшін ұйымдастырылып отыр. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің өмірі қағаз бен қаламға байланғандықтан, бір сәт сергуге шамалары болмай жатады. Ал мұндай байқауларды өткізу арқылы олардың қызметі мен өмірлеріне серпіліс, көңіл-күй сыйлауға болады. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған бүгінгі байқаудың жеңімпаздары облыстық байқауда тағы да бақ сынайтын болады, - дейді Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Сабиева.Байқауға қатысқан жеті команданың ішінде Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының "Форос" командасы ерік-жігерімен, креативті қойылымдарымен көзге түсіп, бірінші орынды қанжығаға байлады. Екінші орынды Өскемен қалалық әкімшілік сотының жас қызметкерлері иеленсе, үшінші орынды Өскемен қалалық білім беру бөлімінің мамандары қанағат тұтты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
- Байқауда бірінші орын аламыз деп күтпедік. Тосын жағдай болды. Қатты қуанып отырмыз. Дайындалуға уақыт тығыз болды. Бір аптаның көлемінде ғана дайындала алдық. Әрине, егер уақыт болғанда, бұдан да нәтижелі өнер көрсетер едік деп ойлаймын. Енді облыстық кезеңге мықтап дайындаламыз, - дейді "Форос" командасының капитаны Інжу Төлеуханова.Енді облыстық кезең мемлекеттік қызметкерлер күніне орай, 21 маусым күні өтпек.