Ваше сообщение отправлено.
Спасибо за внимание!
Спасибо за внимание!
Ұлттық ұлан әскерлері - мемлекеттік тұлғаларды, маңызды стратегиялық нысандарды қорғаумен әрі қоғамдық-құқықтық тәртіпті сақтау, төтенше жағдай кезінде құтқару сынды жауапты жауынгерлік міндеттерді атқарады
Тұтқындарды қарауылдайды
- Әскери қызметкерлер түзету мекемесіндегі сотталушыларды қарауылдаумен, тасымалдаумен айналысады. Басты бұйрық - олардың қашып кетпеуін қадағалау әрі түзету мекемесіне заңсыз заттар мен бұйымдарды енгізбеу. Әскери борышын өтеуге келген сарбаздар төрт ай бойы арнайы дайындықтан өтіп, қолына қару алып, түзету мекемесінің мұнара бекеттеріне барып, қарауыл жасайды. Бір мұнараға үш сарбаздан орналасады. Ал әскери қызметкерлер болса, түрменің ішінде жүріп, тұтқындардың тәртібін қадағалайды, - дейді әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі бөлім басшысының аға көмекшісі, капитан Бахтияр Асқарұлы.Бақылау пунктіне қойылған сарбаздар мен кинологтар түзету мекемесіне кіріп-шыққан адамдар мен көліктерді тексеріп, бөгде заттардың бар не жоғын анықтайды. Аға көмекшінің айтуынша, сотталушымен жүздесуге келген жандардың көбі ақша, есірткі, ұялы телефон сынды заттарды түрменің ішіне кіргізіп, тұтқынға беруге тырысады.
- Мәселен, 20 наурыз күні әскери қызметкерлер мекеме аумағына енген Газель көлігінің рамасына жасырылған ұялы телефонды тауып алды. Әйел адамдар көйлектің, етектің ішіне ақша жасырып өтпек болады. Мұндай астыртын әрекеттер жайлы біз күні бұрын біліп, болжап отырамыз. Ал бізге жетпеген қылмыстық деректерді бақылау пунктінде тұрған жауынгерлер анықтайды. Кинологтарымыз әскери қызметтен өзге, азаматтық істерге де жұмылдырылады. Мәселен, 15 наурыз күні жоғалып кеткен үш жасар баланы табуға көмектестік, - дейді капитан.
Арандап қалмауы тиіс
- Олардың жалғыз-ақ мақсаты бар. Ол түзету мекемесінен қашып құтылу не қазіргі әскери режімге қарсы төтеп беру. Әскеридің абыройын түсіріп, оған психологиялық қысым жасау. Қасақана іріткі салып, жаппай тәртіпсіздік орнату. Мәселен, бірде қатерлі жұқпалы аурумен ауыратын тұтқын әдейі барып әскери қызметкердің денесін тістеген жағдай болған. Қуанышқа орай, бұл ауру сілекеймен тарамайды екен, - дейді әскери қызметкер.Сондықтан Ұлттық ұланның әскерилері үнемі психологиялық дайындық пен тәрбие сабақтарын өтіп отырады. Сапқа тұрған қарауылшы жауынгерлерге де күн сайын қызметке аттанар алдында психологиялық қолдау көрсетіледі.
- Әскерилер үнемі физикалық дайындықта болады. Ұрыс жасау, қоян-қолтық күрес әдісін пайдаланып, күнделікті жаттығумен айналысады. Ал сарбазға ең бастысы психологиялық төзімділік керек. Сотталушыға арандап қалмауы тиіс, - дейді Бахтияр Асқарұлы.
Сотталушымен сөйлесуге болмайды
- Ұлттық ұлан қатарына іріктеліп алынған сарбаздың екі басымдығы болуы тиіс. Ең бірінші, сарбаз психологиялық жағынан сабырлы, салқынқанды болуы керек. Ал екіншіден, сарбаздың туған-туысы, таныс-жақыны сотталмаған болғаны дұрыс. Әскери борышын өтеп жүрген жауынгер "Алтыншы бекет" фильміндегідей таныс адамын көріп қалатын болса, оған артық психологиялық күш түседі. Қызметіне жағымсыз әсер етеді, - дейді капитан.Әскери қызметкер мен жауынгер сотталушының арандаушылық қақпанына түсіп қалмау үшін тәрбиеші офицерлер олармен күндіз-түні тәрбие жүргізеді. Егер әскери қызметкердің жұмыстан тыс тұрмыстық, отбасылық, одан өзге де қиындықтары туындаса, ол да қызметінен уақытша шеттеліп, онымен психологиялық жұмыс жүргізіледі. Қызметке дайын болған сәтте ғана сапқа тұрады.
Ұланда қызмет ету - зор мәртебе
- Сотталушының күзет желісін кесіп өтпеуін қадағалау - басты міндетіміз. Сондықтан жауынгердің басты қаруы да қырағылық. Қызметіміз үлкен табандылық пен жауапкершілікті талап етеді. Осы күнге дейін қырағылықтың арқасында оқыс оқиға болып көрген жоқ. Оны болдырмаймыз да, - дейді жас жауынгер.Қарауылға баратын топ таңнан қызметке аттанғанға дейін физикалық жаттығу мен әскери ұрыс тәсілдерін үйренумен болады. Қолына қару алған жас сардар әрбір әрекетін шарт та шұрт шұғыл жасауы тиіс.
- Сапқа тұрып бұйрық берер алдында бекет орнында орындау қажет қимылдарды пысықтаймыз, қайталап көрсетеміз. Ал оған дейін нұсқаулық тыңдап, қарауылдау амалдарын үйренеміз. Рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары жарты сағат психологиялық даярлық жасайды. Бұдан кейін сапқа тұрып, бұйрық алып, қызметке аттанамыз, - дейді сарбаз.Қарауыл тобы тәулік сайын ауысып, төрт күнде бір рет постқа барады. Бір топта алты сарбаз бен қарауыл басшысы, көмекшісі болады. Мұнараны күзететін сарбаздар бір тәулік бойы кезек-кезекпен ауысып отырады.