Усть-Каменогорск
пасмурно
+11°
  • Усть-Каменогорск
    +11°
  • Алматы
    +12°
  • Нур-Султан (Астана)
    +8°
  • Актобе
    +15°
  • Форт-Шевченко
    +19°
  • Атырау
    +17°
  • Караганда
    +8°
  • Кокшетау
    +10°
  • Костанай
    +12°
  • Кызылорда
    +17°
  • Павлодар
    +9°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +11°
  • Уральск
    +14°
  • Шымкент
    +14°
$
448.89
+0.08
477.93
+1.11
¥
62.02
+0.02
4.76
-0.01
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бошай Кітапбаев – шығыстың аңыз адамы

Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы өмірінің соңында шежіре жазумен айналысқан еді

Усть-Каменогорск и ВКО / Бошай Кітапбаев – шығыстың аңыз адамы
Фото:
assembly.kz
Біздің қазақта көзінің тірісінде де сый-құрметке бөленіп, дүниеден озған соң да еңбектері еленіп, мына жалғаннан армансыз өткен жандар ілуде біреуі ғана. Екінің біріне бұйырмайтын сол бақытқа қол жеткізген адамның бірі әрі бірегейі - Бошай Кітапбаев еді.

Бошай Кітапбайұлы - 1923 жылы қазіргі Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Шежіреші, атбегі, соғыс ардагері. Он сегіз жасқа толар-толмастан 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Артиллерист болып, аға сержант шенін алады. 1944 жылы Белорусияның Витебск қаласы үшін болған майданда бір аяғынан ауыр жараланып, әскерге жарамсыз болғандығы үшін елге оралады. 1945 жылы сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасып, жұмыс істеп 1950 жылы Зайсан аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымына жетіп тағайындалады. 1971 жылы "Социалистік Еңбек ері" төсбелгісімен марапатталған. Бошай ақсақал Ленин атындағы ұжымшарды отыз жыл бойы басқарып тұрғанда, ат спортымен айналысудан шаршамады. Қазақ КСР-іне аты жайылған, небір бәйгелердің алдын бермеген жүйріктерді баптады.  Катонқарағай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы өмірінің соңында шежіре жазумен айналысқан еді. Оның қаламынан "Тоғыз таңбалы Найман", "Шежіре", "Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды", "Жылы пікіріміз ешқашан өзгермейді" кітаптары  жарық көрді. Бұл қазына-кітаптар қазақ руханияты, оның ішінде шығыс жұрты үшін құнды мұра болып саналады.

Бошай ақсақал торқалы 90 жасқа толған тойында сол кезде шығыс өңірінің тізгінін ұстап тұрған Бердібек Сапарбаев: "Шығыс тек жер асты байлығымен емес, жерінің үстін толтырып жүрген мына Бошекең сынды алыптарымен мақтануы тиіс. Бошай Кітапбаев тек Шығыстың, Қазақстанның  ғана емес, кешегі Кеңестер Одағы дейтін алып державаның ардақтыларының бірі десек, асылық айтқандығымыз емес. Бошекеңдер кешегі күні арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысқан соғыс және еңбек майдандарында елі мен жерінің намысын ту етсе, қабырғалы халқы осындай ерлерін әспеттеді. Жасай беріңіз, ардақты аға!" деп ақ жүректен ақ тілегін ақтарған болатын.

Аңыз-адам туралы онымен бірге жасаған замандастарының, ағайын-туысының айтар естелігі көп екені хақ. Ал енді қаршадай бала кезінен шежіреші, атбегі, ардагер ақсақалдың көзін көріп өскен, бертін келе әңгіме-дүкен құрып, 80 жылдық, 90 жылдық мерейтойын атқарып, басы-қасында жүрген жерлес інісі Әлібек Қалиұлы секілді ел ағалары айтатын естеліктері тіпті бөлек.
- Әлі есімде, 1960 жылы Катонқарағай ауданында, Шыңғыстай мен Еңбек ауылдары арасындағы Қаражер аталатын телімде өңірдің сабантойы өтті дүркіреп. Бала кезім. "Той десе қу бас та домалайды", әкеме еріп мен де бардым. Ақтан Нұрбаев пен Бөгіс Жанжігітов ағалар ақ тер, көк терге түсіп айтысып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап жатқан алаөкпек мезетте: «Әне, әне, Бошай Кітапбаев келе жатыр!» деген дүрлігіс шыққан. Көппен бірге мен де аңтарылдым. Төңірегінде төрт-бес жігіт бар, маңдайы жарқырап келе жатыр екен. Маңайындағылардан бойы асып, астам қарайды. Қолыңда таяқ, оң аяғын сілкіп тастайды. Сол кезде оған тіпті протезбен жүру, таяқпен өз-өзін демеп қою да тым-тым жарасатын секілді көрінген маған. Ол - төрт мүшесі түгел азаматтардың белі кетер ауыртпалықты қайыспай көтерді. Протезін тоқылдата жүріп Алматы ауыл шаруашылық институтын тәмамдап, агроном мамандығын алып шықты. Ол - тарих шыңырауынан шыжымдап шежіре тартар зерделі жан. Оған куә - Найманның шежіресін шерткен екі томдық жинағы. "Әке көрген оқ жонатынын" да айнытпай дәлелдеді. Жылқының нарқы мен парқын, арда қасиеттерін айнытпай танитын сезімталдықты Кітапбай ақсақалдан мұралаған еді. Оның атақ-даңқының, абырой-беделінің аспандауына "Бошайдың үш қарасы" аталған бәйге аттарының да үлесі болғаны рас. Ту сонау 1970-1971 жылдары жыр алыптарымыз - Абай мен Жамбылдың 125 жылдық тойларында "Бұланқара", "Құланқара" атты сәйгүліктері, "Желмая» атты жорғасы бас бәйгелерді тымақпен ұрып алған. Оларға деген сүйсінісін жасыра алмаған қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов "Үш қара" атты очерк жазып, ол "Лениншіл жас" газетінде басылған. Бұл – оның атбегілік қыры, - делінген жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаевтың естелігінде.
Иә, Бошай Кітапбаев секілді ардақты азаматы, Алтай тауындай тұлғасы бар шығыс һәм қазақ бақытты. Елім деп еміреніп, ұлтым деп тебіреніп жүрген, ортамызда көзі тірі асылдарға да Бошай атаның бақытындай бақыт бұйырсын. Екі жылдан  кейін оның туғанына 100 жыл толады екен. Аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы мен қала әкімі Жақсылық Омар аты аңызға айналған қарттың мерейлі тойын лайықты дәрежеде атап өтер деген үміттеміз.
Следующая →