Усть-Каменогорск
ясно
+17°
  • Усть-Каменогорск
    +17°
  • Алматы
    +18°
  • Нур-Султан (Астана)
    +22°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +14°
  • Атырау
    +16°
  • Караганда
    +20°
  • Кокшетау
    +21°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +24°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +22°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +26°
$
443.44
+1.86
480.51
+0.51
¥
61.36
+0.17
4.88
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ә. Қаңтарбаев, жазушы: "Тілің болмаса, тәуелсіздік не үшін керек?!"

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз

Әлібек Қаңтарбаев



Әлібек Қаңтарбаев - жазушы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, Катонқарағай ауданы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы.

Аузынан сүбелі сөз, қаламынан қарымды дүниелер туған қабырғалы жазушымен Тәуелсізігіміздің 30 жыл мерейтойына орай сұхбаттасқан едік. Айтары бар ақсақал сұхбатында тіл тағдыры, қазақша білмейтін басшылар, саясаттың тарихқа ықпалы,  жемқорлықтан арылып, зайырлы мемлекет болу жайы, жазушы ретінде жеке мақсаты жайлы әңгіме өрбітті.


Сіз екі бірдей қоғамдық формацияның өкілісіз. Большевиктердің зорлықпен құрған жамау қоғамы – социализмді де, тәуелсіздіктен кейінгі нарықтық экономика деп атап жүрген капитализмді де көріп келесіз. Не өзгеріс, не жаңалық байқадыңыз?

- Алып-жұлып бара жатқан өзгеріс жоқ. Тәуелсіз ел болдық деп жүрміз. Ең алдымен осының басын ашып алғанымыз оңды болар. Мынау монданақтай Жер бетінде абсолютті тәуелсіздік деген мүлдем болмайды. Әлемдегі байы бар, кедейі бар – барша мемлекеттер бір-біріне тәуелді. "Неге" дейсің-ау... Тыңда... Кедей елдер жалтақ, мүсәпір. Олар бай мемлекеттерден сүйек-саяқ дәметеді. Байлығы асып-тасып жатқан мемлекеттерге не жоқ дейсің бе? Олар да әлемдік нарықта өз өнімдерін өткізуге құштар. Сол себепті олар да жүз пайыз еркіндікте емес. Қысқасын айтқанда, әлем елдері бір-бірімен өрмекшінің торы сынды шырмалып жатыр. Бұл ұғымды дипломатиялық тілде "экономикалық байланыс" деп те жатады. Жақсы, енді өзімізге, өзіме келейін...

Қазақстанның тәуелсіздігі – геосаяси тәуелсіздік. Әйтпесе, экономикалық-қаржылық жағынан Қазақстан әлемдегі көптеген елдерге тәуелді. Әлем елдері бізге өз тауарларын, азық-түлігін жалғанда теңгеге сатпайды. Дүниежүзілік нарықтағы сауда тек доллар арқылы жүзеге асады. Міне, дәл осы нүктеге тірелген кезде біздің шипамыз шыр ете қалады. Шыр ететіні, теңге мен доллардың ара қатынасы жер мен көктей. Неге? Себеп жалқы: өздігінен тауар өндірмейтін, тек шикізатпен тірлік жасап отырған елдің валютасы – құнсыз! Біз барлығын шетелден сатып аламыз. Тәуелсіздіктен кейін есімізді жинаған соң іле-шала өндіріс орындарына назар аударуымыз керек еді. Біз өйтпедік. Керісінше Тәуелсіздікті тойлап отыз жыл жүріп алдық. Әлі тойлап жатырмыз. Қазақ мұндайды "топалаңдағы той" деп атайды...


Қазіргі таңда дамыған елдер, өркениетті жұрт деген ұғымдар қалыптасты. Осыларға еліктейміз деп өзімізде бар асылдарымызды аяқ асты етіп алғаннан саумыз ба? 

- Дұрыс сұрақ. Жалпы біз, қазақтар, тым еліктегіш жұртпыз. Еліктегіштігіміз кей кездері, тіпті, дарақылыққа да ұласып кетеді. Мен білетін бір шындық бар, ол – есі дұрыс дамыған елдер екінші бір бауырын сыздан көтере алмай алақтап, ауа жетпей алқынып жатқан елге жалғанда асылын бермейді. Жасығын өткізеді. Бізге келіп жатқан руханият "тауарлары" да әлгі дамығын елдердің ірігі мен шірігі. "Өтірік" деші. Айта алмайсың! Айта алмайтының, әлгі ірік пен шірік біздердің күнделікті тірлігімізге еніп алған, тіпті тамырын жайып барады десек те болады. Әңгіме руханият төңірегінде ғой, сондықтан мен сол саладағы бірер келеңсіздікке тоқталайын... Мейлі қандай мемлекет болсын, руханият сарайын ең алдымен біліммен, ғылыммен толықтыруды қалайды. Басты қаржы көзін сол салаға салады. Өздерінде ежелден қалыптасқан, қалыптасып қана қоймай үлкен жетістіктерге жеткізген бағдарлама-әдістемелерін көздің қарашығындай сақтап, дамытуды басты нысана етіп қояды. Мәселен, Жапония екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп қалғанымен қоймай, тырдай жалаңаш қалған ел. КСРО мен АҚШ-қа контрибуция мен аннексия төлеген соң, шөнтегінде соқыр тиын да қалмаған. Енді не істеу керек? Ел-жұрт аш-жалаңаш. Ірі кәсіпорындар мен өндірістің қос өкпесіне  қаржы жетіспеушілігінен сырыл араласып, тынысы тарылып, естанды күйді бастан кешуде. Алайда ақылды жұрттың данышпан басшысы ақылды шешім қабылдапты: қазына қоймасындағы соңғы тиынды білім мен ғылымды дамытуға салған! Міне, соның арқасында Жапония 20 жылдың ішінде әлемдегі ғылым  мен білім орталығына, бай мемлекеттер қатарына қосылды.


Қазір жастарымыздың шет елдерге қоныс аудару белең алып кетті. Сіздің ойыңызша бұл үрдісті қалай тоқтатамыз?

- Тәуелсіздіктен бергі жылдар ішінде Білім мен ғылым министрі он шақты мәрте ауыстырылды. Орта және жоғары білімнің КСРО кезіндегі тәп-тәуір, дәуір теперіштерінен өткен, шыңдалған, нәтижелерін берген оқу бағдарламаларын күзедік, жондық, үстіріктедік, ең соңғы актісінде топалаң тигендей  талқандадық. Біреудің қаңсығын біздер таңсық көрдік: шетелдің бізге мүлдем жат іс-тәжірибелерін сынамадан өткізбей өзімізге телуге тырыстық. Білім мен тәрбие бетімен кетті. Білімнің құлдырағаны бер жағы көрінеді, ұрпақтарымыз қайырусыз, жүген-құрық тимеген шу асауға айналды. Имансыздық, пәтуасыздық, ұятсыздық, ынсапсыздық алдыңғы қатарға шықты...

Осымен тоқтайын. Айта берсем, жақ талып, жүрегім іриді. Жемқорлық жайлаған елден жақсылық іздеу – абсурд! Барлығына Тәуелсіздік емес, жемқорлық кінәлі. Елдегі барлық салада жемқорлықтың тырнағы батпаған түйнемдей жер жоқ. Қазақстан шұғыл түрде иман мен ізгілікке бой ұрмаса, соларды мақсұт етпесе, тарих бетінде қалуы неғайбыл. Бос сөз бен дарақы ұрандау, өтірік пен жалған мақтаннан шыққан шыңымыз қане?!.

Елдің бүгінгі тірлігін көріп жаны түршіккен, ертеңіне үміт-қайығын салу тәуекелінен үрейленген басы істейтін отандастарымыздың біраз бөлігі шетелге қоныс аударып жатыр. Оларды да сөге алмайсың: Алла бір ғана ғұмыр берген екен, басы істейді екен, неге соны пайдаланып қалмасқа.


Тәуелсіз біздің қоғамға қазір не жетіспейді?

Мемлекеттік тіл - қазақ тілін дамыту, өркендету деген сөздер биік-биік мінбелерден айтылатын желбуаз, пәтуасыз тіркестерге айналды. Мен айтар едім, Қазақстанда орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып қалатын болса, қазақ тілінің дамуы, тірлігі жайлы ауыз ауыртып қажеті де жоқ. Міне, бұл - рухани бодандықтың боямасыз көрінісі. Тілің болмаса, тәуелсіздік не үшін керек?!  

Осындай-осындай рухани-экономикалық тығырықтардан шығудың бір ғана жолы бар, ол – жемқорлықтан арылып, зайырлы мемлекет болу. Әйтпесе...


Бұрын кітап шығарса, жазушылар қаламақы алатын, қазір кітап шығару үшін өздерінің қалталары қағылады. Жазушы ретінде бұл үрдіске не айтасыз?

-   Әрине, қалам ұстағандарға біраз еркіндіктердің келгені рас. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, жазушының өнімі - жазған шығармалары десек, сол өнімді шығаратын, өткізетін қаржы жазушыда мүлдем жоқ. Кеңестік дәуірде қалай болғанда да мемлекеттің қаржысымен жазушылардың кітаптары топырлап шығып жататын. Топылдатып қаламақы төленетін. Қазір ол жоқ. Қаламгерлер тағдыр талқысына тасталған. Бізді қойшы, асарымызды асамасақ та шет жағасын көріп қалдық, қазіргі жастарға обал. Жазушылықпен, ақындықпен жан сақтай алмайтынына көзі жеткен сандаған таланттыларымыз қазіргі таңда басқа саланың отын жағып, күлін шығаруда. Ішің қорғасын құйғандай ашиды, алайда дәрмен жоқ...


Әдебиетті редакциялау қажет пе?

- Көркем әдебиет не ықылым замандардан бері редакцияланудан құр алақан емес. Ол үрдіс әдебиет бар заманда тірлігін тоқтатпайды. Әңгіме мынада: ең алдымен Қазақстандағы Тәуелсіздікті редакциялау қажет! Сонда барып, ертегілерде бақыт іздеп шыққан жетім тазшаның мұратына жеткені сияқты, біз де мұратымызға жетеміз. Сол жақсы күндердің жылуына қыздырынуға керемет құштармын!

Әңгімеңізге рахмет! Жазарыңыз таусылмасын!
Следующая →