Усть-Каменогорск
пасмурно
+8°
  • Усть-Каменогорск
    +8°
  • Алматы
    +14°
  • Нур-Султан (Астана)
    +7°
  • Актобе
    +14°
  • Форт-Шевченко
    +17°
  • Атырау
    +16°
  • Караганда
    +7°
  • Кокшетау
    +4°
  • Костанай
    +6°
  • Кызылорда
    +20°
  • Павлодар
    +5°
  • Петропавловск
    +2°
  • Тараз
    +14°
  • Уральск
    +11°
  • Шымкент
    +15°
$
447.15
+1.01
485.74
+0.87
¥
61.83
+0.15
4.8
-0.01
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Шығысқа Құрмет келе жатыр

Қайырымдылық пен қамқорлық науқанын бастап, игі жақсыларды жұмылдырған Құрмет Талапқазы қолдау іздеп, демеу сұрап шығыс еліне келе жатыр

Ел басына күн туғанда ерлер етігімен су кешер, аттар ауыздығымен су ішер. Арғы-бергі тарихты ақтаратын болсақ, қазақтың талай қиын-қыстау кезеңді өткергенін таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Алайда сол бір тар жол, тайғақ кешкен заманның барлығында тығырықтан шығар жол тапқан, халықты дұрыс әрі түзу жолға бастай білген көшбасшылар аз болмаған.

2021 жыл Қазақстан үшін айтарлықтай ауыр болды. Есігімізден аттаған сиыр жылы бар қиыншылығын бірге ала келді. Көктем басталғалы бері еліміздің әр өңірінде табиғат апаттары жиілеп, мал-жанды есеңгіретіп тастады. Маңғыстау мен Қызылорда облысында төрт түлік мал даладан тістейтін тікен шөп таппай, тырапай асып қырылып жатыр. Үкімет болса, көрсе де ештеңе көрмегендей, естісе де ештеңе естімегендей, дымбілмес бола қалды. Қаржы бөліп, жем-шөп жіберіп, көмек көрсетудің орнына солтүстік астана қоладан ескерткіш тұрығызып, оңтүстік астана 20 миллион теңгеге сувенир сатып алып жатты.

Осы кезде екі дүниенің есігі болған киелі Түркістаннан арқардың асығындай халықтың баласы шықты. Шықты да, алаулатып-жалаулатпай-ақ, дос-жарандарын жинап, шөп шабуға кірісіп кетті. Сөйтті де, жергілікті әкімдіктің, теміржол бастығының тілін тауып, қол ұшын созған қалталы азаматтардың қолдауын алып, малы жұттан қырылып жатқан Маңғыстау мен Қызылордаға жем-шөп тиелген алғашқы жәрдем вагонын жөнелтті. Ақын Исраил Сапарбайдың:
"Ұлылықтың ұғынбай әліппесін,
Адам ұлы болмайды қағып төсін.
Әкім де емес, хан да емес, сын сағатта,
Біртуарлар бастайды халық көшін" деген бір шумағы осы бір жағдайды тап басып айқындап тұрғандай.

Батыс өңірі мен Сыр еліндегі қуаңшылық пен құрғақшылық шаруаларды әлі де әуре-сарсаңға салуда. Жұт жеті ағайынды дейді қазақ. Егер де оңтүстік өңірден жөнелтілген жем-шөп болмаса, Кіші жүздегі ағайындардың қолындағы төрт түліктен қазіргіден де көп шығын шығар ма еді?!

Қайырымдылық пен қамқорлық науқанын бастап, игі жақсыларды жұмылдырған Құрмет Талапқазы қолдау іздеп, демеу сұрап шығыс еліне келе жатыр. "Қол ұшын созамын, өз үлесімді қосамын" дейтін ел басшылары мен халық жанашырлары, жеке кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар және ерікті жастар болса, Құрметке тікелей байланысқа шыға алады. Ұялы телефон нөмірі: 8-771-884-03-13, 8-708-157-93-06. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы: kurmet2856.

Қазіргі уақытта ең қажет нәрсе - шөп шабатын жер, жем-шөп, теміржол басшылығының келісімі, камаздар мен вагондарға тиеп, жөнелту үшін қаржылай демеушілік.

Құрмет Талапқазы - шекарамызға енбей сыртта қалып қойған қазақтың жерінде, ҚХР-дың Алтай аймағында дүниеге келген. Таяу күндері шығыс өңіріне ат басын бұрып, табан тірегелі отырған өр Алтайдың құлжадай баласын кенді Алтайға мақаламызбен таныта берейік деп сұхбаттасқанды жөн көрдік.

Туған жеріңіз, өскен ортаңыз, отбасыңыз жайында қысқаша мағлұмат берсеңіз?

- Мен жалпы, қазақияның қай жерін болса да өзімнің туған жерім деп санайтын азаматпын. Өйткені қай топырақты бассам да бабамның тұлпарының тұяғының ізі қалған. Тіпті, қазіргі уақытта еліміздің шекарасына енбей қалған арысы Астрахань, Ресей, берісі Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядағы қаракөздер қоныстанып отырған жердің бәрі - менің туған жерім. Отбасым қазір Алтайдың арғы бетінде. Өзім Шымкент өңірінде осыған дейін құрылыспен, саудамен айналыстым. Биыл Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 4-курсын тәмәмдадым.

Күллі қазақ жұртшылығы сізді биыл басымызға түскен нәубет - Маңғыстау және Сыр еліне келген жұтпен бірге таныды. Осы жолға келуіңіз қалай басталды?

- Енді өз ұлтың қиыншылықта қалып, күн көріп отырған қолындағы малы аштықтан өліп жатса, қарап отырмаймыз ғой. Қуаңшылықтан қиналған халықты көріп жаным ашыды. Бәрін көріп-біліп отырғандықтан, әрекетсіз қалуға шыдай алмай, көмектесемін деп шештім. Әрине, мен жалғыз болған жоқпын. Шөп шауып бастағанда маған көмектесуге өзім секілді жастар жиналды. Одан кейін ел ағалары да араласып, олар да қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жатты.

Бүтін бір аймаққа көрсетіліп жатқан үлкен бір шаруаны ұйымдастырып, басы-қасында жүрсіз. Аяғыңыздан шалып, жолыңызды бөгемек болған адамдар бар ма?

- Жоқ! Бұл жолда маған ешқандай кедергі болған емес. Керісінше қолдау білдіріп, демеп жатқандар көп. "А" деп білек сыбанып іске кіріскен кезде күш көмегі керек болып, халық көп жиылмай қалған болатын. Одан кейін барлығы оңымен жүріп кетті. Өз еркімен жәрдемдесемін деп Шымкенттің өзінен ғана емес, жан-жақтан келіп жатқандардың қарасы көбейгені қуантады. Олардың ішінде ақындар да, жеке кәсіпкерлер де, мемлекеттік қызметкерлер де баршылық.

Жанашырлықпен, ұлтыңызды сүйгендіктен жасап жатқан сауапты, игі ісіңіздің арқасында иісі қазаққа аз уақытта таныламын деп ойладыңыз ба?

- Қайдағы танымал болу?! Менің басыма титтей болса да ондай ой келмепті. Өзімді атақты болып кеттім, танымалдыққа ие болдым деп еш санамаймын. Мен бар болғаны елін, жерін, ұлтын сүйетін әрбір қазақтың баласы істеуге тиіс дүниені жасадым деп білемін. Жалғыз өзімнің шамам келмегендіктен көпшілікті жұмылдыруға, біріктіруге әрекет еттім. Өйткені Каспийдің жағасында бір тамшы жаңбырға зар болып, малдарына беретін шөп таппай, жем алатын ақша таппай қиналып жатқан шаруаларға азғантай болса да көмек көрсеткім келді. Аллаға шүкір, ойлағанымнан да асып түсіп, үлкен науқанға айналды.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның неше қаласында болдыңыз, қанша облысын көрдіңіз?

- Әзірге төрт өңірде болдым. Қазір Павлодар, Баянауыл аймағындамын. Енді бұйырса, Шығыс Қазақстанға ат басын бұрмақпын. Одан кейін Қостанай, Қызылжар облыстарына бару жоспарда бар. Барлығы уақыттың еншісінде және қазіргі қолыма алған жұмысымның ыңғайы қалай келеді, соған байланысты. Ол жақтағы ағайын-туыстан, замандастан сұрайтыным, Қызылорда мен батысқа жіберетін жем-шөпті қамдауға атсалысса екен. Бір ұлттың басына төнген көлеңке ғой. Батыс, шығыс деп бөлінбей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жәрдемдесейік. Қолымыздан келгенше тырысайық. Қазір телефонмен хабарласып, өздерін таныстырып, біреуі шөп шабатын жерін ұсынып жатыр. Біреуі аз-кем болса да тиын-тебенімен көмектескісі келетінін айтады. Бізге енді қолдың күші керек. Шөп шауып, оны тиеп, жөнелту де үлкен жұмыс. Өскемен, Семей өңірі содан қалыс қалмаса екен деймін.

Келешектегі арманыңыз, көздеген мақсатыңыз қандай?

- Болашақта отбасын құрып, ауылда тұрғым келеді. Қарапайым қазақтың бірі болып саудамен айналысып, одан бөлек жылқы ұстап, шаруашылықты қолға алып, қайырымдылыққа жұмсайтындай дәулетім болса деймін. Қазір кейбіреулер мені мансапқа ұмтылып жүр, билікке қызығып, атақты болуға тырысып жүрген шығар деп ойлайды екен. Тіпті, ол туралы өмірі бас қатырып көрмегенмін де. Мен оқу оқымаған адаммын. Креслоға отыру үшін сауатым да жетпейді. Сондықтан, атақтың да, мансаптың да бір тиындық құны жоқ мен үшін. Одан да осылай, жұрттың керегіне жарап, белсенді болып жүргенім артық.

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Следующая →