Үржар мен Тарбағатайдағы шаруалар су жетпей шырылдап жүр
Үржар ауданы Егінсу ауылының тұрғындары суармалы судың жоқтығына шағымдануда
Үржар ауданына қарасты Егінсу елді мекенінің халқы сусыз отыр. Осыдан 30 жыл бұрын алқапқа арнайы тоған толы су келсе, бүгінде тоған құрғап қалған. Керісінше тоғанның ішін қоқыр-қоқыс пен шөп-шалаң басқан.
Жергілікті әкімдіктен жәрдем сұрайды
Шыдамдары таусылған тұрғындар мәселені аудан әкіміне айта-айта жауыр болған. Бүгінде тоғанның ішінде су ағып жатудың орнына арам шөп басып кеткен.
- Егінсу ауылы сулы, нулы жер. Екі жағынан да өзен ағып жататын. Бес мың гектардай суармалы жері бар. 700-800 гектар шабындықтан 30-35 мың центнер шөп алатын. Міне, соның бәрі құрып қалды. 1968 жылдары тоғанды халық өз күшімен қазған. Тағаны тазартылмай, ернеуі қирап жатыр. Бірнеше жыл бұрын қатты су тасқыны болып, Егінсу су қоймасын жарып кеткен. Қазір онда шырдақсу ғана ағып жатыр. Бары 100 гектардай ғана суармалы жер қалды. Қалғаны сусыз құлан түзге айналды. Билік ауыл халқына "мал бағып, егін салып күн көріңдер" дейді. Суға жарымаған халық қалай күн көреді?! Бұрын 30 мың центнер шөп жинайтын болсақ, бүгінде 1000 центнер шөп әрең жиналады. Тоғандар қараусыз қалған. Ауылдың жайы қиын, - дейді ауыл тұрғыны Сәрсенбай Қайрат.Тұрғындардың айтуынша, ауылға су әкелуге болатын көрінеді. Тек аудан әкімі ниет білдірсе болғаны.
- Ауылға су келсе, елдің жағдайы жақсаратын еді. Осыдан он шақты жыл ауданды басқарған әкім Бауыржан Жанақов өзі бас болып су тартқан. Сол жылдары ел егістіктен көп өнім алды. Кейін әкім ауысқан соң судан үмітімізді үзгендей болдық. Бір тоғаннан су келетін болса, 2000 гектардай жер суарылады екен. Аудан мен ауыл әкімі аудандағы мекемелерді аралап жүре бергенше, нақты түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелерді шешудің жолын іздесе құба-құп қой. Бұл жердің топырағы құнарлы. Тек су ғана жетіспейді. Бірақ оған құлақ асар әкім жоқ. Шекара шебінде орналасқан ауыл ертең қаңырап бос қалуы мүмкін. Сондықтан аудан әкімінен ауылымызға келіп, су мәселесімен айналысуын сұраймыз, - дейді тұрғындар.Тұрғындардың айтуынша, ауылда 120-ға жуық үй бар. Негізгі күнкөріс көзі - егін және мал шаруашылығы.
- Аудан шекаралық аумақта орналасқандықтан су мәселесі өте өзекті. Тіршілік көзінен айрылған жұрт ауылдан қоныс аударуы ықтимал. Тұрғындар базынасын жеткізді. Енді тек аудан әкімі іске кіріссе жақсы болар еді, - дейді жергілікті тұрғын Берікқан Тайжігітов.Үржар ауданы әкімдігі болса, мәселені жуық арада шешеміз деп уәде беруде. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр екен.
- Егінсу ауылдық округіне қарасты "Урджарка" өзеніндегі "Соединительный" каналы 2016 жылы "Шығыс су қоймалары" коммуналдық мекемесінен "Қазсушар" РМК ШҚФ Үржар өндірістік учаскесінің теңгеріміне өтті. Қазіргі таңда аталған жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Мердігер компания Алматы қаласындағы "Қазақ жобалау құрылыс" ЖШС, - деп хабарлады Үржар ауданының әкімдігі.Десе де, ауыл халқының әкімдікке сенері жоқ. Ауылға су келмейінше, оны көзбен көрмейінше атқамінерлердің сөзіне сенуге болмайды дейді халық.
Отыз бес жыл жөнделмеген
Ауылда судан басқа тұрғындардың мазасын қашыратыны жол мәселесі. Тұрғындардың айтуынша, 35 жылдан бері жөндеу көрмеген ауыл жолы жауын жауса - лайы, күн ысыса - шаңы шығып жатады.
- 35 жылдан бері ауылдың жолы жөнделмеген. Бұрынғы әкім Серік Зайнулдин бюджеттен жол жөндеуге 140 млн теңге бөлдірмекші болған еді. Бірақ әкім ауысып, қаражат басқа бағыттағы жұмысқа жұмсалды. Өркениеттен құр қалып отырмыз. Ауылда жол, су мен интернет жоқ. Облыс әкімі шекаралық аудандарды дамыту бойынша аудан әкімдеріне тапсырма берген еді. Бірақ ол орындалмай жатыр. Қазір ауылдан халық үдере көшуде. Жастар тұрмайды. 12 шақырымдық жерге бір сағат жүріп барамыз. Әкім "жолды жасаймыз" дегелі қашан. Халыққа берген уәдесінде еш тұрмады, - дейді ауыл тұрғыны Дәулет Тілеуберді.Бұл мәселеге де әкімдік уәдемен жауап берді. "Биылдан қалмай ауылға барар жол жөнделеді" дейді аудан басшылығы.
- Үржар ауданы Егінсу ауылына баратын 12 шақырым жолға қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылған. Жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары шілде-тамыз айларында жүргізіледі. Үржар ауданының 2022 жылға арналған "Кешенді даму жоспары" бағдарламасы бойынша Егінсу ауылына апаратын 12 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары енгізілген, - дейді Үржар ауданы әкімдігіндегілер.Айта кетейік, аудан әкімдігіндегілер 2023 жылы Ер Қабанбай, Қазымбет, Бекет, Қаратал, Айтбай, Егінсу, Жанай, Лайбұлақ, Некрасов ауылдарында сумен жабдықтаудың алты нысанын іске қосу жоспарланатынын мәлімдеген еді. Ал жыл соңына дейін 17 ауыл: Көктерек, Жоғарғы Егінсу, Ақшоқы, Егінсу, Көктал, Сегізбай, Некрасовка, Ер Қабанбай, Қазымбет, Қайынды, Қарабұйрат, Қызылбұлақ, Бұғыбай, Сағат, Благодатное 3G байланысымен, Жаңа тілек, Лайбұлақ ауылдары 4G байланысымен қамтылады деп жоспарлануда. Жыл соңына дейін 48 елді мекенде кен жолақты интернет қолжетімді болады деп күтілуде.
Қашанда халқымыз үшін ауыл - руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруа-сын өрге сүйреп отырған ауыл - бүтін бір елдің асыраушысы. Шекара аймағында орналасқан ауылдардан халықтың тұрақтамай үдере көшуі тұрғындарға жағдайдың жасалмауынан. Жол, су, интернет бүгінгі ауылдардың басты мәселесі. Әлем 5G интернетке көшіп жатса, біздегі ауылдарда 3G интернет әлі орнатылмаған. Осылай жүріп өркениеттің соңғы көшінде қалып қалмасақ болғаны!
Тарбағатайда да су мәселесі бар
Тарбағатай ауданында мал азығын әзірлеу қиындап барады. Биылғы қуаңшылықты қоспағанда бірнеше жылдан бері Қарғыба су тоспасының құрылысы аяқталмай шаруа-ларды тығырыққа тіреп тұр. Нысанды жөндеуге мемлекет қазынасынан 407 миллион теңге бөлінген. 2016 жылы жұмыстар басталғанымен сол күйі аяқсыз қалған. Осының кесірінен 4 мың гектар жерге салынған жоңышқа, көп жылдық шөп күйіп кетіпті. Енді құрылысты қайта жалғау үшін тағы 258 миллион теңге қажет.
- Қазір дайын тұрған жерлер игерілмей жатыр. 2020 жылы осы жерлерге минералды тыңайтқыштар, қажеттінің барлығын бергенбіз, егістік жер түгелдей дайын тұр, бір кемшілік - су жетпейді. Су қоймасы тұрақталса, мың гектар жерді игеруге болады. Мың гектарды игеретін болсақ, онда ауданды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өзіміз де қосымша жем-шөп бағасын түсіріп, үлкен нарыққа етті шығаратын едік. Ең басты мәселемізді жоғарғы жақ естісе деп тілейміз, су керек! - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Мейір Кәдірбекұлы."Қазсушар" мекемесінің жұмысшылары өз күштерімен арықтарды цементтеп, құрылысты аяқтауға күш салыпты. Алайда жұмыс бәрібір толық аяқталмаған.
- Көкбұқа деген каналмен, шаруа қожалықтарының егістіктері күйіп кетпесін деп қазір суды ескі тоғанмен беріп жатырмыз. Шамамен каналға сыйғанынша беріп жатырмыз. Ол 350-400 гектарға ғана жетеді. Ал егер мына каналмен беретін болсақ, 4332 гектар, - дейді "Шығыссушар" РМК Ақсуат өндірістік учаскесінің маманы Шерәлі Елшібаев.Облыс әкімі Даниал Ахметов те әлеуметтік желідегі өз парақшасында осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Тарбағатай ауданындағы суармалы жерлердің жағдайына су ресурстары комитетінің "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорыны кінәлі. Олар жобаға уақытында түзету енгізбеген. Соның салдарынан 2016 жылы басталған гидроқұрылыс жобасы аяқталған жоқ және магистральдық каналдарға өзеннен су жетпейді.
- Осы мәселені жылдам шешу үшін мен шұғыл түрде қаржы-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және нысан құрылысын аяқтау үшін бюджеттік өтінім беруді тапсырдым. Сонымен қатар, мәселені анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Әкімдік тиісті өтінішті Экология министрлігіне жолдады. Өйткені "Қазсушар" РМК аталмыш министрлікке бағынышты ведомстволық ұйым болып табылады, - дейді облыс басшысы.