Усть-Каменогорск
ясно
+6°
  • Усть-Каменогорск
    +6°
  • Алматы
    +10°
  • Нур-Султан (Астана)
    +11°
  • Актобе
    +20°
  • Форт-Шевченко
    +21°
  • Атырау
    +24°
  • Караганда
    +8°
  • Кокшетау
    +11°
  • Костанай
    +13°
  • Кызылорда
    +20°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +14°
  • Уральск
    +21°
  • Шымкент
    +17°
$
443.35
-0.87
475.54
-0.84
¥
61.18
-0.13
4.82
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Өткен жылы өңірде туристер саны 42,4%-ға азайған

Коронавирус соққы берген алғашқы сала туризм индустриясы. Ресми деректерге сәйкес COVID-19 пандемиясына байланысты өткен жылы облысқа саяхаттайтын туристер саны 42,4%-ға азайған

 - 2020 жылы КВИ пандемиясына байланысты бүкіл әлемдегі сияқты, біздің аймақтың даму көрсеткіштері төмендеді. Осылайша, туристер саны 352 355 мың адамды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 42,4%-ға аз (612 689 мың адам). Бейрезиденттер саны 78,9%-ға қысқарып, 23 485 мың адамды, резиденттер саны 40,6%-ға қысқарып, 236 849 мың адамды құрады. 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы бейрезиденттер саны 3,1%-ға (29 741 адам), резиденттер саны 8,7%-ға (582 948 адам) артық болды, - дейді облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.
Облыс туристерді орналастыру орындарының саны бойынша көшбасшы болып табылады. Облыс бойынша 560 демалыс орны бар, бір жолғы сыйымдылығы 340 000 төсек-орынды құрайды.

Жыл сайын жаз мезгілінде біздің облысымызға республиканың барлық өңірлерінен туристердің үлкен легі келеді. Келушілер Алакөл көлінің жағалауында, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасында, Сібе көлдерінде, Катонқарағай пантымен емдеу орындарында, Риддер қаласында демалады.

Айта кету керек, өткен жылы пандемия кезінде аймаққа келушілер саны 42,5%-ға азайып, 352 355 адамды құрады. 2019 жылы келушілер саны - 612 689 адам болған еді. 

Алакөл көлінің жағалауына келушілер саны 70%-ға азайып, 43 336 мың адамды құрады. Ал 2019 жылы 143 480 адам келіп демалған.
- Адамдардың пандемия жағдайында өмірге бейімделгенін ескере отырып, жаппай вакцинация процесі жүргізілуде. Сонымен қатар, "Ashyq" қосымшасы жасалды, келушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда төмендемеуі керек деп санаймыз, бірақ бәрі елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады, - дейді облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов. 

 

Берелдіктер туризмді кәсіпке айналдырып отыр



Катонқарағай ауданының Берел ауылында ауыл туризмін дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жасалуда. Қазір ауданда 23 демалыс орны бар: 12 ерекше пантамен емдеу орны, бес қонақ үй, алты демалыс үйі бар.

Берел ауылында 141 отбасы тұрады. Яғни, 533 адам. Оның ішінде 336 адамы экономикалық белсенді. Мамандардың пайымдауынша, мұнда ауылдық туризмді дамыту жөніндегі жобаны іске асыру кезінде негізгі назар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және туристермен жұмыс істеу тәжірибесі бар ұлттық парктің қызметкерлеріне аударылатын болады. 

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ақпараты бойынша, Берел ауылының 27 отбасы туристерді қабылдауды ұйымдастыруға дайын. Олар "Бизнес Бастау" жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйренген. Қазір олар "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гранттар беру бойынша конкурсқа қатысуда. Сонымен қатар, 20 жеке кәсіпкер тіркеліп, 20 бизнес-жоспар жасалған. "Катонқарағай ауданын дамыту" қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін 450-500 мың теңгеден грант бөлді.

"БЖК - 2025" гранттарын беру бойынша конкурста жеңіске жеткен кәсіпкерлер мемлекеттік қаражатты туристік операторлардың талаптарын қамтамасыз ету үшін үйлерді қайта жаңартуға жұмсай алады. Осылайша, жаңа нысандар салып қана қоймай, ауыл тұрғындарының үйлерін де пайдалану ұсынылады. Қызмет көрсету секторын кеңейту үшін гид, трансфер, атпен серуендеу, кәдесый өнімдерін сату қызметтерін ұйымдастыру үшін бес грант бөлу көзделіп отыр.

Осы бағытты сәтті іске асырған жағдайда ірі туроператорлар келесі жылы Берел ауылына туристердің алғашқы легін жіберуге дайын болады.

15 қонақ үй төрт айда 700-ге жуық адамды қабылдай алады. Жатын орын мен тамақтану қағидаты бойынша тек қонақ үйлердің көрсеткен қызметтерінің көлемі 39 млн теңгені, ал мультипликативтік әсерді ескере отырып, 79 млн теңгені құрайды. Осылайша, әрбір қонақ үй айына орташа есеппен 540 мың теңге табыс таба алады. Бұл ретте қазір ауылдағы орташа жалақы 98 мың теңгені құрайды.

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, қонақ үйлер ауылда орналасатынын ескере отырып, ауылды абаттандыру және көше жолдарын жөндеу мәселесін шешу қажет. Алдын ала мәліметтер бойынша, абаттандыруға 213 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 120 млн теңге - бес көшенің жолдарын жөндеуге, 47 млн теңге - су құбырын жөндеуге, 45 млн теңге - ауылды абаттандыруға жұмсалады. 

Қандай талаптар қойылады?



Карантин кезінде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 23 мамырдағы №7, сондай-ақ 12 маусымдағы №8 қаулысына сәйкес туристерді қабылдау бойынша жұмыс "Ashyq" қосымшасы бойынша немесе ПТР-тест, вакцинация паспорты болған жағдайда жүзеге асырылады.
- Сәйкестік актілерін алу мақсатында жұмыс басталар алдында демалыс орындары Info.Kazakhstan сайтында тіркелу рәсімінен өтеді. Ағымдағы жылдың мау-сым айының екінші жартысында 354 демалыс үйі Info.Kazakhstan сайтында сәйкестік актілерін алды. Шамамен жартысы "Ashyq" жобасының қатысушылары болды, - дейді Марат Қабақов.
- Туристік-рекреациялық аймақтар орналасқан объектілерге келушілер объектіге кіре берісте келуші статусын анықтау үшін "ASHYQ" мобильдік қосымшасының арнайы QR-кодын сканерлеу және көрсету шартымен ғана жіберіледі, - деп мәлімдеді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті. - Ғаламтор желісі болмаған кезде, мобильді қосымша істен шықса немесе өзге де себептер болған жағдайда туристік аймақ объектілеріне демалушылардың статусын тексермей кіргізуге рұқсат: берілген күнінен бастап үш тәуліктен (72 сағаттан) аспайтын уақыт өткен, теріс нәтижесі бар ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру туралы құжатты (еріп жүрушілерде анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда); немесе COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғанын растайтын құжатты (вакцинация паспортының электрондық нұсқасын); DAMUMED медициналық сервисінен еңбекке уақытша жарамсыздық парағының қағаз (көшірмесі немесе түпнұсқасы) немесе электрондық нұсқасын ұсынған кезде кіруге рұқсат берілген.

 

Орта Азиядағы ең үлкен сахна ашылады



Алакөл - Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан тұйықталған көл. Қазақстаннның жауһарларының бірі саналатын көл ел ішінде көлемі жағынан екінші орынды алады. Суының құпиясы да жетерлік. Табиғаты ерек, тылсым күші өзіне тартатын бұл мекенде демалуға қазақстандықтардан бұрын, шетелдіктер жиі келетін болған. 

Облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметіне сәйкес, өткен жылы Алакөл жағалауында 13 жаңа қонақ үй (780 төсек орын) ашылып, инвестиция сомасы - 800 млн теңгені құраған. Алдағы уақытта Алакөлде тағы бір ірі нысан ашылмақ.

Нысанның аты - Alazone аренасы. Юрмала қалашығының үлгісінде салынып жатқан нысанның іргесі былтыр қалана бастаған. Инвестициялық жоба облыс әкімінің бастамасымен 2020 жылдың сәуір айында қолға алынды. Жобаны "SignTech company" мен "Semey korkem" компаниялары жүзеге асыруда. Құны - 560 миллион теңгені құрайды.

Аренаның сыйымдылығы - 4000 адамға есептелген. Ал сахнасы Орта Азиядағы сахналардың ішіндегі ең үлкені болмақ. Сахнаның төменгі қабатында өнерпаздарға арналған әрлеу бөлмесі, сондай-ақ, би алаңы, намазхана, қонақүй, балалар алаңқайы, көгал, караоке және мейрамхана бар. Мейрамханада 700 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Инвесторлардың айтуынша, тамақтануға келгендердің алаңсыз концерт тамашалауына мүмкіндік бар. Себебі дастархан сахнаға ыңғайлы орналасқан.
- Жобамыздың аяқталуына да көп қалған жоқ. Бірақ биыл әзірше сахнаны және би алаңын ашсақ деп жос-парлап отырмыз. Келушілер үшін арнайы концерттік бағдарламалар әзірлейміз. Мейрамханаға келер болсақ, әзірше Еуропа және шығыс асханасы болады деп жоспарлап отырмыз, - дейді инвестор Жалын Жайнарбай.
Нысанның салтанатты ашылуы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне белгіленген. Ал мейрамхана келесі маусымда ашылады деп жоспарлануда. Нысанның тағы бір артықшылығы - арена маңына тікұшақ қонатын болады. 

Сондай-ақ, 17 маусымнан бастап Алакөлге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан қосымша пойыздар қатынайтын болады. Тасымалдаушы вагондар саны 61-ге дейін көбейтілді, автобустардың да саны артты. Ал әуежайдағы қайта жөндеу жұмыстары аяқталған соң ұшу-қону жолағының ұзындығы екі шақырымнан асады. Кейін Үржар әуежайы Embraer типті үлкен ұшақтарды да қабылдай алатын болады. Ұшу-қону жолағын қайта жаңартқаннан кейін Үржар әуежайы орта қашықтықтағы ұшақтарды, соның ішінде жақын шетелдерден келетін ұшақтарды қабылдай алатын болады.
Следующая →