Усть-Каменогорск
пасмурно
-4°
  • Усть-Каменогорск
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -5°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Уральск
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Онколог А. Өміртаева: "Алдын ала емделгеннің есесі кетпес"

Қатерлі ісік - жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімі көп қауіпті дерт

Денсаулық - адам үшін баға жетпес байлық. Әлемде бірнеше ардақты да, құрметті мамандық бар. Соның бірі - медицина қызметкері. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілік. 

Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы тиіс. Маусымның үшінші жексенбісі асқан шеберліктің иесі - ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі. Бүкіл әлемдік коронавирус пандемиясы медицина қызметкерлерінің маңыздылығын арттырды. 

Өмірін медицина саласымен байланыстырғандардың бірі - онколог дәрігер Аймара Өміртаева. 


 "Ақ халат киюді армандадым"



Жаман дертпен күресетін Аймара Өміртаева дәрігер болуды бала кезінен армандаған. 


Аймара Өміртаева.jpg

- Мен 1990 жылы тамызда Семей қаласында дүниеге келдім. Қарапайым қазақ отбасында 3 қыз тәрбиелендік. Мектепте үздік оқитын оқушылардың бірі болдым. Ақ халатты абзал жан атану бала кездегі арманым. Мектепті бітірген соң ойланбастан Семей мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. 2013 жылы Семей қаласының мемлекеттік медициналық университетін "Жалпы медицина" мамандығы бойынша тәмамдап, 2015 жылы Семей қаласының АМКЕ базасында интернатура, "терапия" мамандығы, терапевт дәрігері біліктілігін алдым. 2017 жылы "Сәулелік терапия" мамандығы бойынша резидентураны аяқтадым. 2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінде қымет атқарамын. Қазір сәулелік терапия және диагностика бөлімшесінің меңгерушісімін. Тұрмыстамын. Үш баланың анасымын. Жолдасым Қуаныш өнер саласында қызмет атқарады, - дейді Аймара Өміртаева.
Медицинаның атасы Гиппократ: "Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек" деген екен ертеректе. Қай заманда да дәрігерлердің мойнына ауыр жүк артылған. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Онконауқастармен жұмыс істейтін Аймара Асылқызының айтуынша, жаман дертпен күресетін дәрігерлердің өзегі мықты болуы тиіс.
 - Бастапқыда онко-науқастармен жұмыс істеу ауырлау болды. Уақыт өте келе қайраттанып, қатаяды екенсің. Әрқайсысына түрлі диагноз қойылады. Науқастар дәрігерге міндетті түрде сенім білдіруі қарауы тиіс. Дәрігер алдында өздерінің ойын бүкпесіз, қорқыныш сезімін айта алуы қажет. Қиын науқастармен дәрігер екі жақты, үш жақты байланыс құры керек. Сондықтан дәрігердің тәртібі, жүріс-тұрысы, әдептілігі, адамды тыңдай білуі, оның ойын тиісті арнаға бағыттауы, сенімге кіруі өте маңызды. Дәрігер мамандығы жан-жақты қасиеттерінді талап етеді, - дейді маман.

Қатерлі ісіктің белгілерін қалай анықтауға болады?




Қатерлі ісік - жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімі көп қауіпті дерт. Өткен жылы бұл ауру 9,6 млн адамның өмірін жалмаса, әлемде 18 млн-нан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған. 2040 жылға қарай әлем бойынша қатерлі ісікпен ауыратын науқастар саны 30 миллионға жетеді деген болжам бар. Сондықтан Үкімет қатерлі ісіктің алдын алуға, азаматтарының денсаулығы үшін тиісті қаржы бөлуге, жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін қазірден әрекет етуі тиіс.
- Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі - созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақтылы емдеткен дұрыс, - дейді онколог-дәрігер Аймара Асылқызы.
Дәрігер көп жағдайда қатерлі ісіктің белгілері байқала бермейтінін айтады. Дегенмен дерттің кейбір белгілері қайталана берген жағдайда дәрігерге көрінуге кеңес береді. 
- Алғашқы белгілерді айтар болсақ, көбі отыздан асқан соң осы ауруға шалдығуы мүмкін. Профилактикалық түрде созылмалы өкпе ауруларын, асқазанды тексеру керек. Әйелдер үш түрлі онкология скринингінен өтеді. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, әйелдердің жатыр мойын онкологиясын анықтау және 50-ден 60-қа дейінгі адамдардың тоқ ішек пен тік ішегін тексеру жүргізіледі. Скринингтен өздерінің емханаларында өтеді. Сондай-ақ, егер адамда жөтел, дауыстың қатты қарлығуы, салмақ тастау, тамақтың жұтынған кезде ауыруы, мойынның ісіп, ауыруы, сондай-ақ несеп шығару мәселелері болса, онда дәрігерге көрінген жөн, - дейді маман.
Аурудың таралуына экологиялық фактор, мұрагерлік жолмен жалғасу, вирустар әсер етуі мүмкін.Мысалы В мен С гепатиті бүйрек обырын тудырады. Бүгінде күйзеліс те маңызды факторлардың бірі болып отыр. Егер қатерлі ісікті ерте анықтаса, адамның ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік туады. 


 Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде



Дәрігердің айтуынша, онкологиялық аурулардың алдын алудың екі түрі бар екен. Алғашқысы - ауырмай тұрып, салауатты өмір салтын ұстану болса, екіншісі - арнайы тексеруден - скринингтерден өтіп тұру. Бұл скринингтер емханаларда тегін жүргізіледі. 
- Тұрғындар жас ерекшеліктеріне байланысты арнайы скринингтен өтуі тиіс. Скрининг дегеніміз, шағын болса да, ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі адамдар жаман хабар естуден қорқып, дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн. Бұл тегін жасалады. Қатерлі ісіктен сақтану үшін адамдар өз денсаулықтарына немқұрайлық танытпай, дер кезінде емделу керек. Созылмалы ауруға шалдыққандар болмашы шағым болса да дәрігерге қаралып, кеңес алуы тиіс. Күйзеліс, темекі, спиртті ішімдіктерге және есірткі заттарға тәуелді болу қатерлі ісік қаупін арттырады. Сол себепті салауатты өмір салтын ұстау өте маңызды, - дейді маман.
Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. 
- Алдын ала емделгеннің есесі кетпес" дейді ғой, науқастар дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер уақытында скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, науқастың өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94%-ын толық емдеп жазуға болады, - дейді Аймара Асылқызы.
Маманның айтуынша, егер отбасында қатерлі ісік ауруымен аурығандар бар болса, тексерілу керек. Тез (бургер, шаурма, донер т.б.) дайындалатын тағамдарды көп тұтынбаған абзал. Керісінше жемістерді, көкөністерді, көк пияз, балдыркөк, бұршақ, талшын және жаңғақ түрлерін, айранды және ірімшікті көп тұтыну қажет. Пластикалық, мыс, алюминийден жасалған ыдыстарды қолданбау керек. Мұздатылған тағамдар еріген кезде дереу пісірілу қажет.
Следующая →