Усть-Каменогорск
ясно
+26°
  • Усть-Каменогорск
    +26°
  • Алматы
    +30°
  • Нур-Султан (Астана)
    +30°
  • Актобе
    +18°
  • Форт-Шевченко
    +24°
  • Атырау
    +23°
  • Караганда
    +30°
  • Кокшетау
    +24°
  • Костанай
    +27°
  • Кызылорда
    +28°
  • Павлодар
    +31°
  • Петропавловск
    +26°
  • Тараз
    +29°
  • Уральск
    +18°
  • Шымкент
    +31°
$
471.46
+5.94
504.79
+6.59
¥
64.92
+0.87
5.53
+0.08
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

"Декреттегі" ерлер жәрдемақыны қайтара ма?

Шығыс Қазақстан облысында бала күтіміне байланысты бір жылға дейін төленетін жәрдемақыны өз атына рәсімдеген ер адамдардан уәкілетті орган ақшаны қайтаруды талап етуде

Өскемен қаласының тұрғыны Рауия Мухаметкалиева 2018 жылдың наурыз айында баласын дүниеге әкелген соң, денсаулық жағдайына байланысты бара алмай, ХҚКО-ға жәрдемақыға қажет құжаттар тізімін алу үшін жұбайын жіберген. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жалақысы көп ата-ананың бірінің атына жәрдемақыны рәсімдей салуға болатынын айтқан. Мамандардың сөзіне сенген азамат бала күтіміне байланысты жәрдемақыны өз атына рәсімдеген.

 Мемлекеттік қызметкерлер жөн сілтеген



- Жұбайым ХҚКО-дан келген соң, ондағы мамандар жәрдемақыны жалақысы көп ата-ананың бірі өз атына рәсімдеуге болатынын айтты деді. Біз қуанып, ХҚКО мамандарына сеніп, құжаттарды тізім бойынша жинап, тапсырдық. Сөйтіп жәрдемақыны бір жыл көлемінде үздіксіз алып келдік. Енді 3 жылдан кейін бізге мемлекетке осы уақытқа дейін алып келген ақшаны қайтару керексіздер деген хабарлама келді. Неге сол кезде басын ашып айтпаған, осындай жағдайдың орын алатынын білсек, мен жәрдемақыны өз атыма рәсімдеуші едім, - дейді Рауия Мухаметкалиева.
Уәкілетті органнан қарызды қайтару жөнінде қағаз келген отбасылардың барлығы бала бір жасқа толғанға дейін мемлекеттен жәрдемақымен қоса, жұмыс орындарынан жалақы алып келген. Яғни, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны өз аттарына рәсімдеген ер адамдар ресми өз жұмыстарын жалғастырып келген.
- Құжаттарды рәсімдеу барысында ХҚКО қызметкерлері күйеуіміз екеуміздің орташа табысымызды есептеп, жәрдемақыны жолдасымның атынан алған тиімді болатынын айтты. Біз үш рет сұрадық. Иә, бәрі дұрыс деп жауап берді, - дейді қала тұрғыны Назира Берікова.
Мемлекеттік сақтандыру қоры өкілдерінің түсіндіруінше, бұл жәрдемақылар негізсіз алынған. Тиісті қаражатты алған отбасылар мұндай уәжбен келіспей отыр. Олар құжаттарды рәсімдеуге ХҚКО қызметкерлері көмектескенін айтады.
- ХҚКО-ға кім келсе, біз содан құжатты қабылдаймыз және құзырлы органға жібереміз. Құзырлы орган тағайындай ма, тағайындамай ма өздері шешім қабылдайды, - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал басшысы Азамат Есембулов өз қызметкерлерінің кінәсін жоққа шығарып.
Редакциямызға хабарласқан қала тұрғынының өтінішімен оқиғаның мән-жайын анықтауға облыстық Nur Otan партиясына кезекті отырысқа біз де бардық. Тұрғындармен кездесуге қалалақ прокуротура өкілі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал басшысы, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ облыстық филиал директоры және Nur Otan партиясының өкілі қатысты. 

Жиналған тұрғындардың көпшілігі "уәкілетті органдар жәрдемақыны заңсыз алғандарын білсе, төлемді сол уақытта неге тоқтатпаған" деп наразы. Ал аталған жәрдемақыны тағайындайтын орган заңға сай әрекет еттік деп отыр. Ол кезде әлеуметтік төлем алатын адамның жұмысы туралы мәлімет жинау мекеме міндетіне енбеген.

 Заңға өзгеріс енген



Уәкілетті орган басшысының сөзінше, бұл азаматтар 2018 жылдың қаңтарында қолданыста болған заңға сәйкес 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жәрдемақыны рәсімдеген. Ол заңға сәйкес МӘСҚ филиалы құжаттарды тек стандарттар тізімі бойынша тексере алды. Ол тізімде кірісті растайтын құжат болмаған. 2018 жылдың 2 шілдесінен бастап заңға өзгертулер енгізіліп, қор филиалдарына ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын тексеру құзыреті берілген.
- 2021 жылғы ақпанның 10-ы күні бізге Өскемен қаласындағы прокуратураның заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынымы түсті. Өскемен қаласының прокуратурасында 2018-2020 жылдары және 2021 жылдың өткен кезеңі аралығында бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер бойынша қаражатын есептеудің заңдылығы талданды. Сол бойынша жоғарыда айтып кеткен кезеңде Өскемен қаласы бойынша 254 әлеуметтік төлемді алған ер адам әлеуметтік сақтандыруға жатпайтындығы анықталды. Өйткені әлеуметтік төлемдерді алу кезінде олар табыстарын жоғалтпаған. Ол үздіксіз зейнетақы есептеулерімен расталды. Осы тізімде мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау және өзге де органдардың қызметкелері бар. Бізге ұсынымды 30 күн ішінде қарап, осы 254 адамнан негізсіз алған әлеуметтік төлемдерді қайтаруды және тоқатуды қамтамасыз ету тапсырылды. Тізім бойынша заңсыз жәрдемақы алып келген адамдарға сотқа дейінгі жұмыстарды жүргізу үшін оларға мән-жайды түсіндіріп хабарлама жібердік. Егер біздің шешіммен келіспеген жағдайда, сіздер сот органдарына жүгінулеріңізге болады, - дейді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ облыстық филиал директоры Нұрлан Қыстаубаев.
Шағымданушы тұрғындардың көпшілігінің сөзінше, ХҚКО қызметкерлері кеңес бергендіктен жәрдемақыны солай рәсімдеген. Тұрғындардың "неге орталық қызметкерлері дұрыс ақпарат бермейді?" деген сұрағына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал басшысы Азамат Есембулов былай жауап берді:

- Біз ешқандай ұсыныс жасамайыз. Құжаттарды рәсімдейтін қатаң түрде бекітілген стандарт бар. Егер азамат тиісті құжаттар жиынтығын алып келсе, біз оны қабылдасақ, жәрдемақыны тағайындау туралы шешімді біз емес, уәкілетті орган қабылдайды. Қазіргі статис-тика бойынша? 2018 жылы жәрдемақы алу үшін 4471 өтініш берілген. Олардың ішінде 52 өтініш egov.kz порталы арқылы берілсе, 202 өтініш ХҚКО арқылы берілген. Бұл жалпы берілген өтініштің 10%-ына да жетпейді. Егер ХҚКО-ның қызметкелері сіздердің айтуларыңызша барлығына кеңес берсе, онда бұл көрсеткіш одан жоғары болушы еді, - деді мекеме басшысы.


Борышкерлерге енді қандай жеңілдік бар?



Бүгінде азаматтардың қалтасына салмақ түспес үшін қарыз болып қалған ата-аналарға ақшаны бөліп төлеуге рұқсат берілді. Ал жәрдемақы алып келгендер өздерінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін сот төрелігіне жүгінуді көздеп отыр. Шешімсіз аяқталған отырыстан кейін тұрғындар ШҚО Адвокаттар коллегиясының адвокаттарымен кездесіп, кеңес алды. 
- Сіздер ешкімнің құқығын бұзған жоқсыздар. Органдарға барып шағым жасаудың мәні жоқ. Мемлекеттік уәкілетті органдар сіздерге сотқа дейінгі талаптарын қойып тұрса, енді олар өз жақтарынан берілген жәрдемақыны қалай қайтарып алатындықтарын ақылдасады. Талап бойынша сіздер барлық соманы қайтарып берулеріңіз керек. Төлем сіздерге ойын-сауық құруға берілмеген. Менің ойымша, бұл жәрдемақыны алу негізгі заңда қарастырылған. Бұл сіздердің Конститутциялық құқықтарыңыз. Егер мәселе сотқа дейін шешілмесе, сотқа жүгінетін боламыз. Әділдікті сот шешетін болады, - дейді ШҚО Адвокаттар коллегиясының адвокаты Алексей Беляев.
Жәрдемақы аударымдарын бақылауда қай орган ұстайтынын білмей басы қатқан тұрғындар, уәкілетті органдардан әділдік талап етеді. Шешімі табылмаған мәселе бір айдан кейін қайта қаралатын болады.

Следующая →