Усть-Каменогорск
ясно
+22°
  • Усть-Каменогорск
    +22°
  • Алматы
    +22°
  • Нур-Султан (Астана)
    +18°
  • Актобе
    +15°
  • Форт-Шевченко
    +16°
  • Атырау
    +17°
  • Караганда
    +16°
  • Кокшетау
    +13°
  • Костанай
    +9°
  • Кызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +19°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +17°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +16°
$
443.44
480.51
¥
61.36
4.88
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

ШҚО-дағы Тарбағатайда жанармай қымбаттады

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында жанармай бағасы қымбаттады. Халық арасында көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің құны 168 теңгеге дейін көтерілген

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Ақжарда төрт жанармай құю бекеті бар екен. Ақылдасқандай төртеуі де бағаны 155 теңгеден 168 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Ал солярканың бағасы - 220 теңге.

  Ең қымбат жанармай қай ауылда?



Бағаның өсуіне наразы болған жүргізушілер мәселені әлеуметтік желіде көтерген. Фейсбук әлеуметтік желісінде Ермек Құрманғалитегі есімді желі қолданушысы жанармайдың қымбаттауына байланысты жазба қалдырып, бейнематериал жариялады. 
- Қазақстандағы ең қымбат жанармай біздің ауылда ғана. Атап айтсам, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 168 теңгеге қымбаттап кетіпті. Қалаға бізден 100 шақырымға алыс орналасқан Зайсандағы жеке меншік ЖҚС-лардың өзінде АИ-92 маркалы бензинінің литрі 155 теңге. Ақжарда бензиннің бағасы былтыр 180-185 теңгеге дейін қымбаттаған болатын. Халық болып шулап, әупірімдеп әрең дегенде 165 теңгеге түсірген еді. Оның өзі де қымбат болатын. Өйткені Зайсанда сол кезде АИ-92 маркалы бензин 155-158 теңге болды. Енді, міне, биыл бензиннің бағасы еш негізсіз қайтадан 168 теңгеге қымбаттады. Тарбағатай ауданы әкімдігі Ақжардағы бензиннің қымбаттығын былтыр бізге "жолдың алыстығы, бензинді қаладан тасымалдау шығыны жоғары" деп түсіндірген еді. Ал мына видеоны түсіріп отырған тұрғын айтып тұрғандай, Өскемен мен Семейге біздің Ақжардан 100 шақырымға шалғай Зайсанда неге бензин қымбаттамады екен? Ақжардағы бензиннің қымбаттауына не себеп? Құрметті облыстық маслихаттың депутаттары,  сіздерді бензин мен солярка бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермей, бұл мәселеге нүкте қоюға шақырамын. Баға Зайсанның ЖҚС-ларымен бірдей болуы керек, - деп жазба жариялаған болтын.
Ал Айнаш Қожаева есімді әлеуметтік желі қолданушысы Тұғыл ауылында жанармайдың бағасы 175 теңгеге дейін көтерілгендігін айтты.
-  Тұғыл ауылында да бензин қымбат. Бір литр бензиннің бағасы 170 теңге. Былтыр 175-180 теңгеден болған. Біздің ауыл Зайсаннан 62 шақырым қалаға жақын тұрады. Ауылымызда 5 мыңнан астам халық бар. Ауыл адамдары балық шаруашылығымен айналысқандықтан бензинді көп пайдаланады. Біздің ауылымызға неге "Казмұнайдың" ЖҚС орнатпасқа? - дейді тұрғын. 
Мәселе фото Мейіржан Темірбектің парақшасынан алынды.jpg

Бензин сатпай койған



Мәселені ескерген аудан әкімдігі Ақжардағы жанармай бекетінің өкілдері және жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, ымыраға келе алмапты. 
- Жанармайдың литрін Павлодардан 145 теңгеден әкелеміз. Жақын маңайда 158 теңге. Ол бізге тиімсіз. Зауыттан Тарбағатайға әкелгенге дейінгі тасымалы, тоқ ақысы, салығы мен жұмысшыларға беретін жалақыны есептегенде 163,5 теңге болады. Арғы жағында 4,5 теңге ғана қосып тұрмын. Мен 10 теңге қосуым керек еді, - деді "Мойын" ЖШС жанармай құю бекетінің өкілі Әсел Күренбаева.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің орынбасары Қайрат Мауадинов кәсіпкерлермен кездесу барысында бензин бағасын 168 теңгеден 165 теңгеге арзандатуын талап етіпті. Десе де, кәсіпкерлер ымыраға келмей, тіпті жанармай бекеттерінде бір күн бойы бензин сатпай қойған.
- Кәсіпкерлер халықтың қалтасымен санаспайды. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында бензин бағасын арзандату мәселесі талқыланды. Өкінішке қарай, одан еш нәтиже шықпады. Тіпті кәсіпкерлер бір күн бойы жанармай құю бекеттерін жауып, өз наразылықтарын білдірді. Баға әлі 168 теңге. Сонда кәсіптенудің жөні осы екен деп бағаны негізсіз көтеруге бола ма? Баға тұрақтылығын қай мекеме қадағалайды? Қазір Ақжарда төрт жанармай құю бекеті бар. Барлығында баға бірдей. Бізге "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы немесе "Sinooil" жанармай құю бекеттерінің бөлімшелерін салса дейміз, - дейді ауыл тұрғыны Мейіржан Темірбек.

"Баға негізсіз көтеріліп отырған жоқ"



Мәселенің анық-қанығын білу ниетімен Тарбағатай ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне хабарластық. 
- Баға негізсіз көтеріліп отырған жоқ. Тұрғындар Зайсан қаласындағы бензин бағасымен Тарбағатай ауданындағы бағаны салыстырып айтып отыр. Зайсан қаласында екі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бөлімшесі бар. Олар да тікелей зауыттан алатындықтан жанармай литрі 155 теңге. Сонымен бірге, компания өз бөлімшелеріне өздерінің тасымал көлігімен жеткізіп береді. Тарбағатайлық кәсіпкерлер жанармайды Павлодардан және Жаңғызтөбеден тасымалдайды. Өздерінде тасымал көлігі жоқ болғандықтан шығыны да аз болмайды. Ал Тарбағатайда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бөлімшесін Боғасқа орналастырды. Бірақ Ақжар мен Боғас аралығы алыс болғандықтан тұрғындарға тиімсіздеу, - дейді Тарбағатай ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлем Қабдешұлы.
Жауапты мамандар баға тұрақтылығына бақылау жүргізе алмайтындығын жеткізді.
- Осы мәселе төңірегінде аудан әкімінің атынан "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшылығына Тарбағатайға бірнеше жанармай бекеттерін салу туралы хат жолдадық. Өкінішке қарай, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы ұсынысымызды қолдамады. Қазір бағаны бағамдауға біздің құзыр жүрмейді. Себебі 2015 жылы кыркүйек айынан бастап үкімет АИ-92 және АИ-93 маркалы жанармай бағасын реттеуден бас тартып, еркін бағаға жіберді, - дейді бас маман Әлем Қабдешұлы.

Азаматтық зерттеу жүргізді



Осы орайда аудандағы белсенді азаматтардың бірі Ақжардағы жанармайдың қымбаттау себебін өз бетінше зерттеп көрген екен. 
- Ақжарда жанармайдың қымбат болуының ең негізгі себебін біраз зерттедім. Негізгі себеп - сатылымның төмендігі. Зайсанмен салыстыра алмаймыз. Маңайындағы ауылдарын санамағанда Зайсан қаласының өзінде 15 мыңнан астам халық тұрады. Екі "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жанармай құю бекеті бар. Олар АИ-92 бензинін 155 тенгеден сатып тұр. Автокөлік те көп. Зайсанда жеке жанармай құю бекеттері 160 тенгеден сатады. Яғни, 150-ден алып, 160-тан сатады. 5 теңгесі жол шығынына кеткенде, қалған 5 тенге ғана пайда. Өйткені оларда күніне 4-5 мың литр бензин сатылады. Сонымен-ақ пайда табады. Ал Ақжарда сатылым өте төмен екен, - деп жазады Ермек Құрманғалитегі.
Ақжардағы шеткі ЖҚС-да күніне 500-700 литр бензин сатылады екен. Екі оператор кезектесіп жұмыс істейді.
- АИ-92 бензиннің Жаңғызтөбедегі мұнай базасындағы құны толайым бағамен 1 литрі - 150 теңгеден сатылады. (Кәсіпкерлердің айтуы бойынша 150 теңге. Рас-өтірігін тағы да білмеймін), - дейді Ермек Құрманғалитегі. - Ақжарға дейінгі тасымалдау шығыны және бар. АИ-92 маркалы бензин Ақжарда 168 теңгеден сатылды. Айырмасы 18 теңге. Бір ЖҚС-да күніне орта есеппен 700 литр бензин сатылды деп есептесек, айына 21000 литр бензин сатылады. Әр литрден 18 теңге пайда көреді десек, 21000*18 айына 378 000 теңге пайда түседі. Ал енді осы пайдадан Жаңғызтөбеден Ақжарға дейінгі тасымалдау шығынын алып тастайық. Шамамен әр литрі 5 теңгеден деп алайық. 21000*5=105 000 теңге. Енді сол 378 000 теңге табыстан 105 000 теңге жол шығынын шегерсең, 273 000 теңге қалады. Енді осы 273 мың теңгеден екі оператордың жалақысын және электр энергиясына жұмсалған шығындарын шегерейік. Сонда жанармай құю бекетінің иесіне қанша қалады? Бұндай сатылымы төмен бағаны төмендету әрине тиімсіз. Ақтамайды. Ал Ақжарда бензин арзандау үшін әрбір жанармай құю бекеті күніне 2000-3000 литр бензин сату керек. Ол үшін Ақжар қайта аудан орталығы болып, халық саны мен көлік саны көбеюі керек немесе бүкіл Ақжарға 1 ғана жанармай құю бекетін қалдыру қажет. Бұл есеп бензин ең аз сатылатын шеткі жанармай құю бекеті бойынша жасалған есеп. Ал орталықтағы жанармай құю бекеттерінде есеп басқаша болуы мүмкін. Оларда күніне 500 литр емес, керісінше 2000-3000 литр бензин сатылуы мүмкін. Егер ондай болатын болса оған бензинді қымбаттауға еш негіз жоқ. Жалпы қай ауылда болмасын кәсіпкерлер өздерінің техникалары үшін ғана бір-бір ЖҚС ұстайды. Сондықтан да бұл ретте бағаны екіжақты ақылдасып, халықты ойлап, өздері де шығынға батпайтындай ортақ бір шешімге келуі керек.

Следующая →