Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қолөнер шебері Д. Шөкей: "Білетінімнің бәрін үйреткім келеді"

Қазақтың тұрмысы, өмір сүру дағдысы, күнделікті еткен еңбегі - тұнып тұрған үлгі-өнеге. Бабадан балаға мирас, мұра болып қалған баға жетпес құнды да қастерлі байлықтарымыздың бірі - қолөнершілік

Бүгінде Өскемен қаласындағы Мұхаммади мешітінде қарапайым күзетші болып жұмыс істейтін Дүйсен Шөкейұлы - ер-тұрман, жүген-қамшы, садақ, тағы да басқа ағаш бұйымдарын жасайтын, он саусағынан өнер тамған нағыз шебер. Тарих пен шежіреге жетік, мақал-мәтелге жүйрік, бес парызын қаза қылмайтын діндар ақсақал. Атакәсіпті қуған қариямен Алланың үйінде сырласудың сәті түсіп, аз-кем қауқылдасып қалдық.

Ата, бізге де, оқырмандарға сіздің қай кезде, қай жерде туып-өскеніңіз беймәлім әрі қызық. Сол жөнінде сыр шертіңізші?

- Мен 1950 жылы қазіргі Қытай Халық Республикасының Шәуешек аймағы, Дөрбілжің ауданында дүние есігін аштым, Орқашар тауының бөктерінде кіндігім кесілген. Сол заманда жақсы жағдай жоқ болды ғой, орта мектептен кейін оқи да алмай қалдық. Мал бақтық, тауға кеттік, аңшы болдық. Орқашар деген атақты тау бар мен туған жерде. Ойы - балық, қыры - киік, түгін тартсаң майы шығатын, бір шыбық қадап кетсең ертесіне жайқалып орман болып тұратын керемет өлке. Бұл кезінде ту жатқан иен жер болған екен. Алатаудан қашқан-пысқан қырғыздар сол жерді паналаса керек. Арасында сарт, өзбек - бәрі аралас. Кейін бұл маңайға осындай бір ел келіпті деп қалмақтар естиді. Қуса - кетпейді, "ел болып қалдық" деп жалынып-жалбарынып қалыпты. Содан қалмақтар ол қырғыздарды кәпірдің дініне кіргізіп кетіпті. 1962 жылы қазақтардың бір қауым елі бергі бетке көшкенде, қытайлар оларды сол жерге күшпен әкеліп орналастырған. Қытай жерінде қырғыздар әлі де бар. Орқашардың тарихы осындай.

Қазақияға қай жылы көшіп келдіңіз?

- 2005 жылы қоныс аудардық. Алдымен Үржар ауданына табан тіредік. Ол жерде біраз кәсіп еттік, мал бақтық. Кейін балалар мен немерелер оқу, жұмыстың қамымен қалаға бет бұрған соң ақырындап осылай қарай сырғыдық. Руым - Найман. Оның ішінде Байжігіт, Байжігіттен Сайболат. Нағашыларым - Мұрын, Мұрынның Сарысы.

Бойыңыздағы өнер қанмен келді ме, топырақтан дарыды ма?

- Әкем темір ұстасы болатын. Зергерлікпен айналысқан. Ағаш шауып қолөнерді кәсіп еткен. Мен бірақ әкеден 15 жасымда ерте айырылдым. Қасында ұзақ уақыт жүрген жоқпын. Талпынып жүріп үйрендік, ысылдық, төселдік әйтеуір. Жалпы, арғы тегімде бар дүние болған соң жарып шығады ғой.

атакәсіп - фотоны автор ұсынды (15).jpg

Кіндігіңізден өрбіген қанша балаңыз бар? Олардың ішінде, жалпы әулетте сіз секілді атакәсіпті қуғандар болды ма?

- Құдай менің маңдайыма он баланы жазғанымен, тоғыз баланы сыйғызыпты. Атажұртқа барлығымыз бет бұрып, табан тіредік, Қытайда қалып қойған ешкім жоқ. Екі інім бар, олар да ілесіп көшіп келді. Негізінде, қолөнермен, ұсталықпен, тігіншілік немесе зергерлікпен айналысу түгелінің қолынан келеді. Тегімізде бар қасиет болған соң, қанға тартпай тұрмайды ғой. Бірақ олар осы саланы кәсіп етіп, табыс көзіне айналдырып, я болмаса ұлттық құндылығымыз деп жас ұрпаққа үйретуді қолға алған жоқ. Өйткені әрқайсының жеке бас шаруасы, үй мен түздің тірлігі, өзінің жұмысы болғандықтан мойын бұрар мұршасы жоқ, уақыт тапшы.

Көпшілік біле бермейтін, жұрт көзінен тасада ұстаған тағы қандай қырларыңыз, құпияларыңыз бар?

- Ес біліп етек жапқалы тауда өстім, тауда ер жеттім. Мал бағып, аң аулап ғұмыр кештім. Сонда жартасқа өрмелеуді, тез түсуді үйрендім. Қыстыгүні таудың басындағы қатқан қар аяғына дейін бірақ түседі. Сол қардан сырғанап түсетін бір әдіс ойлап таптым. Жай сырғанап түсе салу емес, тезірек етекке түсудің тәсілі. Бала күннен бері күнұзақ ойнап, мал қарап, қызығына кіріп биікке шығып кетеміз ғой. Ал одан итіңдеп түскенше үш-төрт сағат уақыт қажет. Содан ақпа қардан, таяқтың көмегімен "сыр" ете қалып түсетін бір амалын тауып алдым. Бір-ақ сағаттың ішінде ұшпақтан етектегі өзенге дейін сырғанап түсіп, қатқан мұздың бетімен өтіп, үйге қайтып келетінмін. Осы әдісті бір ғана жігіт үйрене алды. Өзге жұртқа қиындық туғызды. Қазақтың мың шақты мақал-мәтелдерін білемін.

атакәсіп - фотоны автор ұсынды (Таутеке мүйізінен жасалған домбыра тиегі) (2).jpg
                                                                   Таутеке мүйізінен жасалған домбыра тиегі

Асыл мұрамызды қайтадан жаңғыртуға, дамытуға мемлекеттен арнайы демеуқаржы бөлініп, "істеймін, қолға аламын" деген жандарға субсидия беріліп жатады. Сіз осы саланы қолдауға қаражат сұрап, тиісті мекемелерге өтініш жасап көрдіңіз бе?

- Жоқ. Ондай дүниенің бар екенін білмейді екем. Ондай болатын болса, өте жақсы болар еді. Жастарға үйрететін нәрсе өте көп. Қазір қыс кезі, бірдеңемен айналысатын қолайлы орынның жоқтығынан осындай жұмысқа көштік. Шеберхана немесе кең, ыңғайлы орын болса, айналыса беретін едім.

Қолыңыздан қанша бұйым шықты, санадыңыз ба? Сатумен айналысасыз ба?

- Сатылымға шығарып көрген жоқпын, санамаппын да. Арғы бетте жүрген кезде ер-тұрман жасайтынмын, тапсырыс көп түсетін. Үржарда жүргенде де халық "шебер ата" деп таныды. Садақ, ер, ағаш бұйымдарын жасайтынмын. Қалаға келгеннен кейін анда-санда бір, кісілер керекті дүниелерін сұрағанда ғана жасап беремін. Әйтпесе, бизнеске айналдырып қарық қылып жатқаным шамалы.

атакәсіп - фотоны автор ұсынды (Таутеке мүізінен жасалған садақ) (1).jpg
                                                                               Таутеке мүйізінен жасалған садақ

Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?

- Толады. Жастардың ұлтжандылығы, білімділігі, қаншылдығы, елім, жерім деп еміреніп тұрғаны қуантады. Керісінше үлкендерге көңілім толмайды. Жүректері қарайып кеткен, құлдық сана сүйектеріне жеткен кәрілер жас ұрпаққа орындарын босатып, мүмкіндік бермейді. Қазақ айтады ғой, "атқа бермес бие бар: борбайында ені жоқ, патша болар жігіт бар: оған берген шені жоқ" деп. Мансап берсе, шен берсе, ерлік істерді атқаруға даяр небір жігіттер бар көзім көріп жүрген. "Жас келсе іске, кәрі келсе асқа", "ақыл - жастан, асыл - тастан" деп тағы айтқан. Жастардың жүректері таза, олар түзейді, ертең тұниды. Сондықтан жол беру керек. Мен осы ұлттық құндылықтарға қатысты көп нәрсені айтып кеткім келеді, үйретіп кеткім келеді.

Қамшының түрлері жайын-да айтып беріңізші, жалпы бұйымдарыңызды қандай шикізаттан жасайсыз?

- Қамшының ең алды 12 таспа болады. 8 таспа, 6 таспа- да келе береді. Тиген жерін тіліп түсетін, батыр бабаларымыз ұстаған ең мықты қамшы 6 таспалы қамшы. 12 өрімдік қамшыны жыланбауыр дейді, ол сәндік үшін. Сабын тобылғыдан немесе таутекенің мүйізінен саламын. Садақты да таутекенің мүйізінен жасаймын. Мүйізден басқа да бұйымдар шығаруға болады.

P.S.: Дүйсен қария сырлы сұхбат, татымды әңгімеге разы болып, маған таутекенің мүйізінен өз қолымен ойып, кертіп жасаған домбыраның тиегін сыйлады. Тиекте сүзіскен тауешкілердің бейнесі сомдалған екен. Өте жоғары, сапалы деңгейде жасалған мұндай сыйлықты домбыраны жастайымнан серік еткен мен қуана қабылдадым.
Следующая →