Усть-Каменогорск
пасмурно
-4°
  • Усть-Каменогорск
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -5°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Уральск
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Өскеменде пеш жарылып, үйдің қабырғасын қиратып кеткен

Жаңа жыл қарсаңында Өскемен қаласының Защита ауданындағы саяжай бірлестіктерінің бірінде тұрып жатқан отбасының үйіндегі пеш жарылып, қабырғасын түгел жұлып әкеткен

Үй иесі Сара Аманжол (авт.ескертпесі: аты-жөні өзгертілген) әдеттегідей пешке отын салып келіп, шырылдап кеткен немересін қолына алып отыра қалған. Пеш маңында келіні баланың тамағын әзірлеп әлек... Қарны ашып, қолға тұрмай шырылдаған баланы "өзің ала қойшы" деген енесінің сөзін ести сала келіні де лып етіп жанына жеткені сол еді, тарс еткен қатты дауыстан үйдің іші астаң-кестең болды да кетті. Шаң-тозаң әрең сейілгенде байқағандары: ас үйдің қабырғасы бірақ опырылып қирап қалған, арғы жағынан дала көрініп тұр. Қайта пеш отындығы жарылғанда сыртқа қарай лап берген екен. Төргі бөлмеде қалған үшеуі үрпиісіп, сілейіп қалған.
- Сол күні үйде ұлдарым да жоқ, жұмыста еді, - дейді Сара Аманжол. - Келінім мен немерем үшеуіміз ғана отырғанбыз. Пешке көмірді содан біраз уақыт бұрын ғана салғанмын. Кенет жарылғанда үйдің қабырғасын бірақ жұлып әкетті. Құдай сақтап, пеш маңында жүрген келінім төргі бөлмеге келіп үлгерді. Ал жанында тұрғанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Айта кетейік, Сара шағын үйінің ас бөлмесіне жапсарлас шағын азық-түлік дүкенін салып алған екен. Үкіметке салығын уақтылы төлеп, шағын ғана дүкенінен күнделікті нәпақасын тауып отырған кәсіпкер. Жарылыс болғанда бұл бөлме де қирап, қопарылып қалған. Қазір іске жарамсыз. Ішіндегі азық-түлік түгел шашылып, бизнесі "банкротқа " ұшырап қалған жайы бар.
- Дүкен қирап қалды. Енді оны қайта тұрғызып, сауданы дөңгелетуге әзірге шама жоқ. Жеке кәсіпкерлікті (ИП) жабу үшін тағы қаржы керек. Осындай қиын жағдайда не істеріңді де білмей қалады екенсің, - деп қаймығады Сара.

Динамит жарықшақтары қалуы мүмкін бе?

- Полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер келді. Бірақ өрт шықпағандықтан, ешқандай шара қолданбады. Менің өзіме "пештің құбырларын бітеп тастағансыздар" деп ауызша айтты да жөндеріне кетті. Сонымен ешқандай сараптама жүргізілген де жоқ, жарылыстың нақты неден болғаны анықталған да жоқ. Ал дәл осылай пеші жарылып кеткен таныстарымның бірі "менің пешім жарылғанда көмір арасында динамиттің жарылмай қалған бөлшектері немесе жарықшақтары қалып кетуі мүмкін деген болатын" дейді. Яғни, көмірді кен орнынан жарылыс жасап бөлшектеп алады. Сол кезде қалып кетуі мүмкін дегенді алға тартты. Бірақ бұл жағдайға не себеп болғаны сол қалпымен белгісіз болып қалды, - дейді өмірі бұндай оқыс оқиғамен бетпе-бет келіп көрмеген Сара.
Осы мәселе төңірегінде облыстық Төтенше жағдайлар бойынша департаментке сауал-хат жолдап, мәселенің анық-қанығын білуге тырыстық. Алайда...
- Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті сіз көрсеткен мерзімде көмірде қалдырылған жарылғыш заттың салдарынан жарылу оқиғасының тіркелмегенін хабарлайды, - деп жауап берді ШҚО ТЖД басшысының орынбасары полковник Дмитрий Титов. - Көмір жанғыш, қатты отын болып табылады және физикалық қасиеттеріне байланысты жарыла алмайды, сондай-ақ ауадағы көмір шаңының көп концентрациясы жоғары температурамен әрекеттесу салдарынан жарылыс тудыруы ықтимал. 
Жалпы соңғы 5 жылда облыс бойынша көмірмен байланысты тұрғын үйлерде жарылыс оқиғасы тіркелмеген екен. 
Бізде бұндай оқыс оқиғалар орын алмаса да басқа өңірлерде тіркелген екен. Тіпті адам шығыны да бар көрінеді. Бірақ көбінде қыстың күні ұзақ уақыт пештің жағылмай, қатып қалуы себеп.

"Көмекке қаржы жоқ, ақшаның бәрі шыршаға жұмсалған"

Қыс ортасында аядай ғана үйінің қабырғасы үңірейіп қалғанда не істерін білмеген ана жергілікті әкімдіктен көмек сұрай барған.
- Ұлдарым қалада емес, қала сыртына жұмыспен кеткен. Не істерімді білмей, бірден Защита ауданының әкімдігіне тарттым. Қандай да бір қолғабыс жасар деген үмітпен. Бірақ әкім "көмектесетін ешқандай қаржы жоқ, ақшаның барлығы шыршаға жұмсалған" деп шығарып салды, - деп ашынады Сара.
Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Ақшалай көмек болмаса да, жергілікті әкімдіктің үй қабырғасын тұрғызып беруге жәрдемдесер қауқары болмағаны ма?! 
- Ертеңінде Защита ауданындағы мешіттің қызметкерлері хабарласып, жиналған 100 мың теңгені көмек ретінде бергілері келетінін айтты. Бірақ одан бас тарттым. Мен мешіттен көмек алатындай мұқтаж емеспін, туған туыс, жақындарымыз бар, шүкір. Тек Қазақстан Республикасының азаматшасы болғандықтан басымызға осындай күн туғанда атқамінер азаматтардан қолдау болар деп үміттенген едім, - дейді Сара.

Егер сіз де осындай жағдайға тап болсаңыз...

Пеш көмір салғаннан кейін жарылған. Оның ішінде Сараның таныстары болжағандай "жарылғыш зат жарықшақтары" қалып кетті ме немесе пеш құбырларында ақау болды ма, ол жұмбақ күйінде қалып отыр. Хош, болары болды, бояуы сіңді. Айдың-күннің аманында үйі опырылған бір отбасы жанталасып әрекет етіп жатқан шығар. Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ. Осындай оқыс жағдай ертеңгі күні кез келгеніміздің үйімізде орын алуы мүмкін. Ондайда не істейсіз, кімнен көмек күтесіз? Әрине ең алдымен туған туыс, жақындардан, дос-жараннан ғана қайыр болары анық. Бірақ біздің елде халықтың мұң-мұқтаж, қайғы-қасіретінде демеу болар мемлекет басшылығы, жергілікті әкімдіктер бар емес пе? Орын алуы мүмкін кез келген төтенше жағдайларға әр жергілікті әкімдік бюджетінде қосымша қаржы қарастырылмай ма? Дәл осындай сауалды Өскемен қаласының әкімдігіне де жолдадық. Бірақ нақты жауап жоқ.
Әкімдіктегілер де бұл оқиға туралы біздің сауалхаттан ғана біліп отырса керек. Олар да жағдайдың анық-қанығын облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен анықтап білген көрінеді.
- Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар Департаментінің ақпараты бойынша көрсетілген кезеңде көмірде қалдырылған жарылғыш заттардың салдарынан болған жарылыс жағдайлары тіркелмегенін хабарлаймын, - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Денис Федченко. - Айта кету керек, көмір қатты жанғыш зат болып табылады және оның физикалық қасиеттері бойынша жарыла алмайды, алайда ауада тоқтатылған көмір шаңының жоғары концентрациясы жоғары температураға ұшыраған кезде жарылыс тудыруы мүмкін. Өскемен қаласында көмір жеткізуді коммерциялық ұйымдар жүзеге асырады. Олар ұсынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзыретіне кірмейді.

Следующая →