Ақжарлықтар әкімдіктен жолды қайта жөндеуді талап етуде
Тарбағатай ауданына қарасты Ақжар ауылында қырық жыл жөндеу көрмеген көше жолдары ойылып жатыр. Тіпті кейбірінің тереңдігі жарты метрге дейін барады екен
Жуықта фейсбук әлеуметтік желісін қолданушылардың бірі, Тарбағатайдың тумасы Ақжардағы шұрық тесік болған жолды видеоға түсіріп, жеке парақшасында жарияланған болатын.
Бұған дейін Ақжар ауылына кәріз жүйесін тарту мақсатында көшелерінде қазба жұмыстары жүргізілген. Жұмыс аяқтағаннан кейін мердігер компания жолдарды қалпына келтірген. Өкінішке қарай, көп ұзамай сапасыз жұмыс салдарынан жолдар ойылып, опырылып кеткен. Енді бұл жолмен көлікпен жүру қиынға соғып тұр.
Следующая →
Бұған дейін Ақжар ауылына кәріз жүйесін тарту мақсатында көшелерінде қазба жұмыстары жүргізілген. Жұмыс аяқтағаннан кейін мердігер компания жолдарды қалпына келтірген. Өкінішке қарай, көп ұзамай сапасыз жұмыс салдарынан жолдар ойылып, опырылып кеткен. Енді бұл жолмен көлікпен жүру қиынға соғып тұр.
- Бұған дейін "ДК Проект" компаниясы ауылымызға кәріз жүйелерін тартқан болатын. Жұмыс барысында көше жолдары қазылып, қайта қалпына келтірілген болатын. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан шақта тұрғындар жиналып, істеген жұмыстарына көңіліміздің толмайтындығын жеткізген едік. Бірақ мердігер компания жұмысты сапалы істеп жатырмыз деп сендірді. Біраз уақыттан кейін сапалы істеген жұмыстары сапасыз болып, Сансызбай мен Жұмабай көшесінің қиылысындағы жолдар ойылып кетті. Тіпті кейбір шұңқырдың тереңдігі жарты метрге дейін барады, - дейді ауыл тұрғыны Дастан Мұратов.Тұрғындар ойылып кеткен жолдың әр жеріне ағаштар шаншып, белгі қойған. Себебі түнде келе жатқан адам байқамай түсіп кетіп, мерт болу қаупі әбден мүмкін.
- Аудандық әкімдіктен жолды қайта жөндеп беруін талап етеміз. Жол бір емес, бірнеше жерден үлкен көлемде ойылып кетті. Түнде сырттан келген біреу түсіп, мерт болмаса игі еді. Қаншама қаржы далаға кетті. Неге жұмысты сапалы істемейді? Мердігерлер көзбояушылықпен жұмысты өткізіп, ақшасын алса болды. Оны тексеріп те жатқан ешкім жоқ. Зардабын жергілікті тұрғындар көреді. Енді бұл жолмен қалай жүреміз? Аудан әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин мырзаға айтқан едік, әне-міне істейміз деп, әлі жоқ. Әлі күтіп отырмыз. Енді, міне, күздің жаңбыры келе жатыр. Ойықтарға су толса, жол апаты орын алмасына кім кепіл, - дейді ауыл тұрғыны.Мәселе әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан да қызу талқыға түсті. Ермек Құманғалитегі есімді желі қолданушысы былай деп жазды:
- Ақжар ауылындағы жөнделген жолдың сиқы осы. Не сұмдық мынау? Онсыз да қырық жыл жөндеу көрмеген көшенің жолын қиып қазған екен. Енді соны қайтадан дұрыстап тегістеп, бетіне дұрыстап асфальт төсеу бұлардың міндеті емес пе? Қашанғы шыдауға болады? Бұл бір ғана көшенің қиылысы. Ал бұндай шұңқырлардың жүзін видеоға түсіріп бере аламын. Мынаны және басқа да ой-шұңқырларды түгелдей қайтадан жөндеп беруді талап етеміз, - дейді ол.Осы орайда Тарбағатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық.
- Ақжар ауылындағы төрт көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары әлі басталмады. Алдағы уақытта басталатын болады, - дейді Тарбағатай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жарқын Түндікбаев.Ауыл көшелерін жөндеу үшін "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында қаржы бөлініп қойған екен. Ал жұмыстардың не себепті басталмай жатқанын алдағы санда жазатын боламыз.