Усть-Каменогорск
пасмурно
+4°
  • Усть-Каменогорск
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +9°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -3°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ұннан картоп екі есе арзан. Неге?

Өткен жылдың қазан, қараша айынан бастап елде ұн және одан жасалатын өнімдердің қымбаттағаны байқалды

Астық 2018 жылмен салыстырғанда аз жиналды деп уәж айтатын билік, нан бағасы айтарлықтай өспейді деп сендіргісі келеді.

Кей сарапшының сөзінше, сапалы астықтың экспортқа жіберілуі ішкі рыноктағы бағаға әсер етеді.

"Жалақымыздың бір тиыны да өспеген"

Осыдан бірнеше жыл бұрын Катонқарағайдан Өскеменге көшіп келген Қалеловтар отбасында 9 адам бар. Алпыстан асқан шаңырақ иесі Алтай жұмысқа жарамайды. Әйелі Гүлзияның айтуынша, балалары мен келінін бөлек шығару үшін ауыл шетінен жер алып, үй құрылысын бастағанымен қаражат таусылып, бітіре алмай тоқтаған.

Қариялардың өздері 60 мың теңге айналасында зейнетақы алады. Балалардың киім-кешегі мен күнделікті ішіп-жеміне бірде жетіп, бірде жетпейді. Азық-түлік үнемдеу үшін айына 50 және 25 келі екі қап ұн сатып алады.

Бірінші сортты елу келі ұннан нан пісіреді, 25 келі жоғарғы сұрыпты ұнды басқа да ұннан жасалатын тағамдарға пайдаланады. Алайда ақша үнемдеуге сеп болып отырған ұн да соңғы кездері күрт қымбаттап, отбасы бюджетіне салмақ түсіре бастаған.

Қарияның сөзінше, бұған дейін 6 мың теңгеден сатылып келген бірінші сортты ұнның қабы (50 келі) қазір 7 мың теңге тұрады. Ал жоғары сұрыпты ұнның 25 келісі 6000 теңгеден сатылып жатыр.

- 5-6 қап Тұрақтандыру қорының картобын алып қойдық. Қазір арзан тұр ғой, келісі 70 теңгеден екен. Ұн қымбаттаса, енді нанның орнына картоп жейміз. Соғым соймағалы да 2-4 жыл болды, - дейді Гүлзия.

Қара күзден бастап ұн бағасының күрт қымбаттай бастағаны бәріне аян. Өскемен тұрғындарының бірі Айтуған Слямов ұн бағасы былтырғымен салыстырғанда "екі есе өсті" дейді.

- Былтыр осы уақытта 4 мың теңге болған бір қап ұн қазір 8 мың теңге. Ал біз наразылық танытпақ түгілі "тағы қымбаттайын деп жатыр, 10 мың теңге болады екен, тағы да екі-үш қап алайық деп жүрміз. Жалақымыздың бір тиыны да өспеген, - дейді ол.

Министрдің жұбатуы

Өскемендегі бірнеше базарды аралап, ұн бағасын сұрастырып көрдік. Ең қымбат "Цесна" ұны болып шықты. Сатушылардың айтуынша, бұған дейін 2 келісі 350-400 теңге болған "Цесна" ұны 490-550 теңгеге жеткен.

Өскемендегі "Мыза" толайым сауда орынында 10 жылдан бері ұн және ұн өнімдерін сатумен айналысатын Жанна биыл ұн бағасының күрт өскеніне таңырқайды. Оның сөзінше, бұған дейін күз басталса ұн көбейіп, бағасы арзандайтын.

- Бір қап ұнға әрі кеткенде 200 теңге ғана қосып сатамыз. "Элит" ұнының бірінші сортының келісі 600 теңге. Ал осы сорттағы ең арзан ұнның бір қабы 3100 теңге, - дейді Жанна.

Өскемендегі ел аузында "Көк базар" аталатын орталық базар сатушылары да ұнның қымбаттағанын айтады. "Үстеме бағамызды азайтсақ та қымбат болып тұр, алушылар қиналады" дейді олар.

Базардағы сатушылардың көбі ұнның қымбаттағаны жайлы ашық айтқысы келмейтіні, қысым жасайды деп тартынатыны байқалады. Олар "ұннан жасалатын тағамның бәрі қымбаттайды, тағы да қымбатшылық басталды" деп алаңдайды.

Өскемен қаласындағы бірнеше дүкенді аралап, нан бағасын да сұрастырып шықтық. Сатушылардың сөзінше, нан бағасы қымбаттауы мүмкін деген хабар шыққалы, яғни, қыркүйек айының басынан бері бөлке нан бағасы біртіндеп көтеріле бастаған. Қазір бір бөлке нан орта есеппен 115 теңгеге өсіп, 100-110 теңгеге тұрақтаған. Ал әлеуметтік нанның бағасы - 75 теңге. Өкініштісі, бұл нандар барлық дүкендердің сөресінде жоқ.

Нан бағасы қымбаттауы мүмкін деген хабарды былтыр қыркүйек айының соңында Ауыл шаруашылық министрлігі де растаған еді.

Қазанның ортасында баспасөзге сұхбат берген ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан жылдағыдан 1-1,5 миллион тонна астық кем жинағанын айтқан.

- Егер 19 миллион тонна астық жинасақ, оның 9 миллионы ішкі рынокта қалады, 7-8 миллион тоннасын экспорттаймыз. Тағы да 2 миллион тонна артық қалады. Оның үстіне былтырдан қалған 1,5 миллион тонна астығымыз бар, - деген министр күнделікті пайдаланылатын нан бағасы қымбаттамайтынын айтып жұбатқан. - Астық қымбаттаған жағдайда "Азық-түлік корпорациясы" мен әр облыс әкімдігі тұрақтандыру қорына жинаған астықты пайдаланады.

Министр Қазақстан нан бағасын ұстап тұру үшін резервтегі астық қорын бұрын да пайдаланып, арзандатылған бағамен таратқанын айтады.

- Ішкі рынокты тұрақтандыру үшін жыл сайын ақпан мен шілде арасында "Азық-түлік корпорациясы" нан пісіретін комбинаттарға 150 мыңнан 250 мың тоннаға дейін астық таратады. Биыл 150 мың тонна астық ішкі рынокқа таратылды, - деді ол.

Ал Президенттің пікірінше, бағаның өсуін сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауымен байланыстыру мүлдем орынсыз. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі Қазақстан экономикасының осалдығын көрсетеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың соңында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы тамақ өнімдерінің, ең алдымен, нан мен ет өнімдерінің қымбаттауына жол бермеу керектігін айтты.

- Азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуі біздің экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек. Мысалы, сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауына сілтеме жасау мүлдем орынсыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның мәліметінше, үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін құру үшін қосымша шаралар әзірледі.

- Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Астық көлемі жылдағыдай болғанымен сапасы төмен

Ал экономист Дәулет Тоқтасынұлы министрдің сөзін алға тартып, "Азық-түлік корпорациясы" арқылы жылда арзан бағамен астық таратып, бағаны ұстап отыр. Былтыр да солай істеді. Олай болса биыл неге қымбаттайды?" дейді.

Оның сөзінше, мемлекет арзандатылған азық-түлік арқылы бағаны ұстауға тырысқанымен негізгі бағаны ұн өндіретін кәсіпорындар мен астық элеваторлары белгілейді. Ал санаулы алпауыттардың қолындағы элеваторлар астық бағасын көтере алады.

- Ұн бағасы қымбаттайды деген ақпарат шыққан соң алпауыттар қолдағы астығын барынша сақтап отыруға тырысады, бағаның одан әрі көтерілуін күтеді, - дейді ол.

Қазақстанның астықты өлкесі Қостанай облысында ұн өндірумен айналысатын "Қазақ ұны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Қайрат Бекенов былтыр жаздағы қуаңшылық астықты азайтып қана қоймай, сапасын да төмендетіп жіберді деп санайды. Оның сөзінше, сапалы астық экспортқа жіберіледі, ал ішкі рынокта қалатын астық көлемі жылдағыдай болғанымен сапасы төмен. Сондықтан сапалы астыққа сұраныс көбейеді.

Қазақстандағы азық-түлік бағасына мониторинг жасаған energyprom.kz сайтының деректеріне қарағанда, биыл ұн мен нан бағасы айтарлықтай қымбаттап, Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынан асып түскен.

Қазақстан 2018 жылы 20,3 миллион тонна, 2019 жылы 19,1 миллион тонна астық бастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстан Орталық Азия, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран сияқты бұрынғы дәстүрлі рыногынан өзге Түркия, Грузия, Италия, Испанияға астық сата бастаған. Әзербайжанға сатылған астық 2018 жылғыдан 30 пайызға көбейген. 2016 жылы Қытайға 300 мың тонна астық пен ұн сатылса, 2018 жылы 600 мың тоннаға жеткен, 2020 жылға қарай одан әрі көбейту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, 2019-2020 жылдары Қазақстанның астық экспорты 3 миллион тоннаға дейін азаюы мүмкін, бірақ 5 миллион тоннадан кем болмайды. Ол перспективасы жоғары саналатын Қытай рыногынан айырылмау үшін Қытаймен жасалған келісімді орындауға тырысу қажеттігін айтқан. Қазақстан 2018 жылы шетелге 6 миллион тонна астық, 1 миллион 700 мың тонна ұн экспорттаған.

Следующая →