Ана мен бала өлімі артқан аудандар
Бірқатар аудандардың экономикалық көрсеткіші төмен, ана мен бала өлімінің жоғары екендігін айтып, облыс әкімі оларға ескерту жасады
Аймақ басшысының қатысуымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында Бородулиха, Глубокое, Бесқарағай, Жарма, Курчатов аудандарының әкімдері сынға қалды.
Тіпті, оларға: "жұмыс істемейсіңдер ме, барыңдар! Басқа мамандар табылады", деп ұрсып-ұрсып алды әкім.
Басты себеп, ана мен бала өлімі арта түскен. 2019 жылдың жоспары бойын-
ша бұл көрсеткіш 7,19 факты шамасында болуы тиіс екен. Алайда 1000 сәбиге шаққанда 7,6 факты тіркеліп отыр. Ал бұл көрсеткіш республика көлемінде 7,2-ге тең.
Сонымен қатар, жүкті аналардың 80 пайызы Өскемен мен Семей қалаларына барып босануға мәжбүр. Өйткені аудандық ауруханалар талапқа сай емес.
- Шалғай аудандардағы аяғы ауыр аналар 700-800 шақырымды басып өтіп, облыс орталығына немесе Семейге келіп, босануға мәжбүр. Өйткені аудан орталықтарында қажетті жағдай жасалмаған. Бұл ең бірінші әкімдердің жауапсыздығы. Содан кейін мұндай құрылым жүйесін жасап отырған Денсаулық сақтау басқармасының өзі де кінәлі. Тез арада жаңа құрылымдық жүйе жасап әкелетін болыңдар! - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жиынға келген Денсаулық сақтау басқармасының өкілі басын изеп, әкім берген тапсырманы қағазына түртіп алды. Тіпті түйткілді мәселе туралы тіс жарып ештеңе де айтпады. Айтары да жоқ сияқты.
Өңірдің қаржылық жағдайы туралы баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова оқып шықты. Ондағы мәлімет бойынша Аягөз, Көкпекті, Ұлан және Күршім аудандарының экономикалық жағдайы жақсы. Ал Бородулиха, Глубокое, Бесқарағай аудандарының экономикалық кірісі төмен екендігі көрсетіліпті.
Сондай-ақ жиын барысында шағын бизнес тақырыбы да талқыланды. Жарма, Ұлан және Бородулиха қатарлы бірқатар аудандар көш бастап тұрса, алты бірдей ауданның шағын бизнесте артта қалғандығы айтылды. Олар Бесқарағай, Курчатов, Зайсан, Катонқарағай, Күршім және Үржар аудандары. Барлығына да бизнесті дөңгелетіп, шаруаны тындырыңдар деген тапсырма берілді.
Жиын барысында Бесқарағай ауданының әкімі бастатқан бірқанша әкім орындарынан бірнеше рет тұрды. Енді оларға отырмай жұмыс істеу керек сияқты.