Усть-Каменогорск
пасмурно
+2°
  • Усть-Каменогорск
    +2°
  • Алматы
    +6°
  • Нур-Султан (Астана)
    +2°
  • Актобе
    +3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +6°
  • Караганда
    -2°
  • Кокшетау
    +1°
  • Костанай
    +3°
  • Кызылорда
    +5°
  • Павлодар
    +2°
  • Петропавловск
    -4°
  • Тараз
    +7°
  • Уральск
    +4°
  • Шымкент
    +7°
$
491.71
529.97
¥
68.69
5.05
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ажалға асықтырған сырғанақ

Мұз төбешіктерден сырғанау үшін бұрын астымызға картон не линолеум тілімін төсеуші едік қой, есіңізде болар

Бертінірек пластмасс көпшіктер пайда болды. Ал соңғы бірер жылда “ватрушка” деп атап кеткен тюбингтер сұранысқа ие. Алайда оларды бәрі бірдей төбешіктен сырғанау үшін қолданса ғой, шіркін! Бірақ тюбингке тағар кінә қандай?! Бәрі - экстримге деген “махаббаттың” салдары емес пе?!

Қыс мезгілі ақ қары мен көк мұзы, қарып түсер ызғарымен ғажап. Шана немесе шаңғы тебу де жылдың өзге мезгілдері ұсына алмайтын кереметтер. Әсіресе аталған кереметтерді таулы шығыстың етегін мекен еткен тұрғындар үш ай бойы қызықтайды. Үш ай емес-ау. Өйткені біздің жақта қыс ұзақ.

Қысқы сырғанақ тебу алаңдары стихиялы түрде пайда болатыны аян. Оларды алдымен ауыл балалары, кейіннен ауыл тұрғындары тартылып үлкен сырғанақ алаңдарына айналдырып жатады. Бүгінгі таңда қала, аудан аумағында бірнеше сырғанақ тебу алаңдары бар. Өскеменде берісі - "Нұр тау" демалыс базасы, арысы - "Алтай альпісі". Тіпті, қала маңындағы Шешек асуы мен 19-шы ықшам ауданындағы шағын төбешіктер сенбі мен жексенбі күндері адам қарасы үзілмейтін мекенге айналғалы қашан?! Сырғанақ тебуге арнайы шығарылған жұмсақ баллондарын жалға беріп, ақша табатын ағайындар да жүреді осында. Бір сағат сырғанауға 1000 теңге беріп сөз жеткісіз ләззатқа кенелесің. Айтпағым бұл емес, әрине. Тек адамдар өмірінің қауіпсіздігі қарастырылмаған.

Жалпы, соңғы бірер жылда пайда болған “ватрушкаларды” төбешіктен сырғанау үшін емес, өзге экстремалдық мақсатта қолдану белең алып барады қазір. Арты қайғылы аяқталған оқиғалар да жоқ емес. Мәселен, Ресейдің Приморье өлкесінде төрт жасар бала қысқы ойындар үшін арнайы жабдықталмаған жерде жарақат алып, қаза тапты. Кішкентай қыз тюбингпен төбешіктен сырғанап, ағашқа соғылған. Ол алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды. Оқиға биыл 2 қаңтарда болған.

Одан бөлек жақында Петропавлда бір топ жас экстремал ұсталған болатын. Олар үрлемелі сырғанау құралын көлікке тіркеп, балағат сөздер айтып, түрлі бояуларды шашып, шаһар көшелерін кезген. Осылайша әлеуметтік желілерде танымал болғылары келген. Желіде мұндай бейнежазбалардың сан алуандығынан көз сүрінеді. Мақсат - "хайп" ұстау, танымал болу. Бірақ оларды енді әлеуметтік желідегі лүпілдер емес, айыппұлдар күтіп тұр.

Сондай-ақ, жақында Ақтөбе облысының Темір ауданында жол-көлік оқиғасы болды. Бес жасар бала шамамен сағат 11:00-де үйінің жанында төбеден төмен қарай сырғанап жүрген. Ол аңдаусызда көшеде өтіп бара жатқан "КамАЗ" автокөлігінің, яғни, ассенизатордың дөңгелегінің астына түсіп кетті. Аталған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кезек өзіміздің шығыстың жастарына да келді. Жантүршіктірерлік жол апаты 2 қаңтарда Бесқарағай ауданында Жаңа жылдың екінші кешінде болып, 18-19 жасар 2 жігіт қайтыс болды. Үш жасөсіпірім автокөлік баллонымен сырғанамақ болып, оны Nissan Terrano көлігіне байлаған. Олардың бірі рөлге отырып, қалған екеуі сырғанаған. Транспорттық құрал қозғалысты бастаған сәтте баллон қарсы бағытқа шығып кеткен. Дәл сол қарсы бетте Nissan X-trail көлігі келе жатқан. Қарсы бағыттағы көлік жүргізушісі екі жасөспірімді қағып кеткен. Салдарынан 2001 және 2002 жылы туған аймақ тұрғындары алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тәсілім еткен.

- Жол талғамайтын көліктің тізгінінде болған 19 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша "Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзу" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қысқасы, бір сәт көңіл көтеріп, адреналин аламын деп, өмірден өтіп кету ғажап емес. Бұған жоғарыда келтірілген оқиғалар дәлел.

Жақында мынандай келеңсіз оқиғаға тағы куә болдық. Тау басынан төмен қарай қатты жылдамдықпен сырғанай жөнелген әрі бір адам емес, тіркескен қыздардың көлденең көліктің астына кіріп кете жаздап, бір ажалдан аман қалғанын көрдік.

Осы мәселе бойынша Полиция департаментіне хабарласып едік, ақпаратты растады. Алайда бұл оқыс оқиғада көлік жүргізушісі кінәлі болып шықты.

- 11 қаңтарда сағат 18.42-де Өскемен қаласы "102" жедел арнасына 1-ші қалалық аурухананың медициналық қызметкерлерінен екі қыздың түрлі жарақаттар алғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Полицейлер тексеру барысында, сол күні сағат 17.10 шамасында Өскемен қаласының 24 жастағы екі тұрғыны Шешек асуында баллонмен сырғанап бара жатып, Nissan автокөлігіне соғылғанын анықтады. Көлік тізгінінде 1980 жылғы азамат отырған. Соқтығысу нәтижесінде екі қыз дене жарақаттарын алды, - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Нұрғазина.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 1-бөлігінің "Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл Шешек асуындағы сырғанақта бір емес бірнеше рет болған оқиға. Көлік толы адамдар сырғанақ тебуге асығу үстінде, одан бөлек Самар тасжолы тағы бар. Олар жүргізушіден бастап тау басынан арнайы баллонға мініп, бүлдіршіндер мен ересектердің сырғанап келе жатқанын байқайтын емес. Көлденең келіп қалған көлікке кептеліп қалмасқа не амал...

Дүңк еткен дауыс шығады кенет. Бұл соққыдан бүлдіршіндер тұрмақ, ересектер де есінен танып, жоқ дегенде миы шайқалатыны ақиқат.

- Біз қала тұрғындарына ол жаққа бармаңыздар деп қанша ескертсек те бәрібір. Алдыңғы сенбі, жексенбіде мыңға жуық адам келді. Адамдардың мол келуіне байланысты кезекшілік те қойдық. Десек те, дене жарақатын алған, тіпті, аяғын сындырып алған келеңсіз оқиғалар азаяр емес, - дейді Төтенше жағдайлар бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.

P.S.: Бірер айдан кейін көктем шығып, сырғанау мерзімі аяқталары да аян. Тек аймақ тұрғындары алдағы көктемді балдақ ұстап қарсы алмаса екен деген ізгі тілек бар. Бұдан арғысын айтуға ауыз да бармайды. Тағы бір мәселе, атқарушы органдар мен кәсіпкерлерді тартып, жабдықталмаған сырғанақ тебу алаңдарын мәдени қалыпқа келтіре отырып, тәртіп әрі қауіпсіздік орнатуға болатын сияқты.

Следующая →