Усть-Каменогорск
пасмурно
-4°
  • Усть-Каменогорск
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -5°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Уральск
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

"Мендегі ақындық өнердің бастауы - анамның әлдиі"

Жерлесіміз, айтыскер ақын Камалиева Құралай Қазақстан Республикасы "Мәдениет саласының үздігі" атағын алды

Құралай Қалиятқызы 1975 жылы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің "Музыка" және "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандықтарын бітірген.


"Мәдениет саласының үздігі" деген атақ алыпсыз. Құтты болсын! Қандай еңбегіңіздің арқасында бұл атаққа қол жеткіздіңіз?

- Иә, бұл мәдениет саласына сіңірген еңбегім үшін берілді деуге болады. Өйткені мәдениет саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Айтыс өнеріне де біраз еңбек сіңірдік, оны да ескерген болу керек. Жалпы бұл атаққа мені айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұсынды. Еңбегімізді елеп, ескергендеріне рахмет!


Сіздегі ақындық өнер қайдан бастау алады?

- Балалық бал ғұмырым Тарбағатай тауының бауырында өтті. Тарбағатай ауданының Жаңа ауыл деген жерінде, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Менің өмірдегі де, өнердегі де ұстазым - анам Күлпаш Әбділдақызы. Анам жазба ақын болатын. Отбасында, ошақ қасында жүріп те ойына келген жыр жолдарын дәптеріне түртіп, жазып жүретін. Менің қолымда анамның үш-төрт дәптері болды. Олардың ішінде өлеңдері, өсиет сөздері жазылған еді. Өткен жылы ол кісінің "Айналайын, ұл-қызым!" деген атпен кітабын шығардым. Сөйтіп, анамның алдындағы, анамдағы ақындық өнердің алдындағы парызымның бір бөлшегін ғана өтеген шығармын. Анамның айтқан ақылын, өсиетті өлеңін санама сіңіріп өстім. Жалпы мендегі ақындық өнердің бастауы - анамның әлдиімен келді деуге болады.


Қолыңызға неше жасыңызда домбыра алып, айтысқа шыға бастадыңыз?

- Мен домбыраны төрт жасымнан бастап үйрендім. Кеңес үкіметі тұсында қазіргідей домбыра да көрінгеннің қолында бола бермейді. Сондықтан алдымен гармонь тартып үйрендім. Одан кейін ішекті аспап қой деп ата-анам балалайка алып берді. Осылай аспаптарды біртіндеп үйрендім. Ал сөз өнеріне алғаш рет бесінші сыныпта қадам бастым. Ұстазымыз "ана" тақырыбында шығарма жазып келу туралы тапсырма берді. Мен шығарманы өлеңмен жазып шықтым. Кейін де сол үрдісті қайталап жүрдім. Мендегі ақындық өнерді байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бикен апай рухани шараларға қатыстырып жүрді. Ал домбыраны Мәйеш аға үйретті. Осылай мектеп қабырғасынан айтысқа қадам бастым. Айтыс сахнасындағы ұстазым Абаш Кәкенов. Айтысқа барарда анам сол Абаш ағама аманаттап ертіп жіберетін. Ол кезде "сен былай айт" деп ешкім аузыңа сөз салып бермейді. Абаш ағам сахнаға шығарда "қорықпа, қара қыз" дейтін. Сол сөзі маған үлкен демеу еді. Осылай тұлымшағым желбіреп Абаш ағаммен еріп жүріп ақын болып кеттім.


Үлкен сахнаға қай кезден бастап шыға бастадыңыз?

- Үлкен сахнаға алғаш 1992 жылы Дәулетбай бабамыздың тойында шықтым. Ол кезде 11-сынып оқитын едім. Сол жылдары батырларға ас беру, еске алу сияқты тойлар көп болды. Сондай-ақ, Самарда Абаш ағамыздың шығармашылық кеші өтті. Сонда бір тамаша айтыс жасадық. Содан, 1993 жылы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың музыка факультетіне оқуға түстім. Сол кезде Анар Құсайынова мен Жанат Әскербекқызы бағыт-бағдар берді. Абай атамыздың 150 жылдық тойында айтысып, өрелі өнер көрсеттім. Тоқсаныншы жылдардың басында бізбен қатарлас шыққан бір буын айтыс ақындары болды. Барлығы да ақкөңіл аңқылдаған айтыскерлер. Ол кезде айтыс та табиғилығынан айырылмаған еді. Сол орта мені тәрбиеледі.


Қазіргі айтыс табиғилығын жоғалтып алды дейсіз ғой. Жалпы қазіргі жас ақындардан қандай кемшілік көресіз?

- Қазіргі ақындар талантты. Олардың өнерлеріне таласым жоқ. Бірақ, бірлік жоқ сияқты. Қазіргі жастар жүлде үшін көп жүгіретіндей көрінеді. Сырттай бақылап отырамын. Олар айтысқа дейін бір-бірінен алшақтап, саяқ жүреді. Тіпті, бір-бірінен қашқақтайды екен. Оның ішіндегі рухани байлығын біреу ұрлап алатындай болып тұрады. Біздің кезіміздегі айтыстың "болғанынан боладысы қызық" еді. Қонақ үйде таң атқанша ән айтылып, әңгіме өрбитін. Ертеңінде қарсылас болып айтыса беретін едік. Қазіргі жастарға сол бір дархандық пейіл жетіспейтін тәрізді. Содан аздап жалқаулық бар екені байқалады. Кейбірінің сахнаға деген құрметі аз.


Өскемендік жас ақындардың көбі Республикаға таныла алмай жүр. Қолдау жоқтықтан ба, әлде, өздерінің жалқаулығынан ба?

- Таяқтың екі ұшы да бар. Біз баяғыда айтысқа барғанда жалғыз баратынбыз. Бізде әлі де сол үрдіс. Ал басқа облыстың ақындары топ-тобымен жүреді. Бір ақынның қасында бірнеше атқосшысы бар. Бірі киімін көтеріп, бірі көңілін көтеріп рухани қолдау көрсетіп жүреді. Қолдау дегенді аузына сөз салып беру деп ойламау керек. Бұл жерде міндетті түрде әкім еріп жүрсін деген сөз емес. Дем беріп, демеп жіберетін ақындар тобымен жүрсе, жарасымды да болады. Өзгелер сияқты сән-салтанатымен жүрсе артық болмас. Бізде қай жағынан да қолдау аз. Жас ақындардың республикалық деңгейге шыға алмауына себеп көп. Біріншіден, осындай қолдау жоқ. Екіншіден, барлығының басын қосатын бізде рухани орталық жоқ. Ақындардың басын қосып, айтысқа жіберіп отыратын орталық құрылса деп ойлаймын. Ол орталық айтысқа баратын ақынның жол қаражатын көтерсе, керек болса сәнді киімін де тауып беру керек. Одан тыс орталықтың айтысқа баратын ақынды қызметінен босатып алатындай мүмкіндігі болса. Ақындар танылу үшін алдымен осындай жағдай жасау керек.


Сіз өткен жылы "Ақтаңгер" деген жобаны қолға алғаныңызды айтып едіңіз?

- Иә, ол үлкен жоба болатын. Айтыс өткізу, дыбыс жазу орталығын ашу тағы да басқа дүниелер жазылған болатын. Бірақ сөз жүзінде ғана қалып отыр. Біз барлығын жазып облыстық Мәдениет басқармасына өткізгенбіз. Облыс әкімі де жобаны қолдау туралы келісімін берген еді. Алайда ақша мәселесіне келгенде жобамыздың жолы кесілген сияқты. Кейде жоғары жақтан "жоспардағы шараларың не болып жатыр" деп сұрайды. Ақша жоқ болса ауқымды жобаларды қайтіп іске асырмақпыз? Сонымен "Ақтаңгер" деген жобамыздың басы бар да, аяғы жоқ болатын сияқты. Алдағы уақытта жобамыз қолдау тауып жатса біраз жұмыс атқармақ ниеттеміз.


Алғашқы қыз бен қыздың айтысын Айнұр Тұрсынбаева екеулеріңіз жасадыңыздар ма?

- Иә, интернетке солай деп салыпты айтысты. Алғашқы ма, емес пе оны нақты білмеймін. Бірақ екеуіміздің айтысқанымыз рас. Ол 1998 жылғы айтыс болатын. Мен бірінші айналымда Аманжол Әлтаевпен айтыстым. Ал финалда шығыстың қос қызы айтыстық. Қыз бен жігіт айтысы болса, қалжың болар еді. Қыз бен қыздың айтысуы қиындау екен. Айнұр менен сәл басым түсті. Бірақ менің де жеңуге мүмкіндігім бар еді. Тапқырлық жетіспеді.


Біраз уақыт айтыстан қол үзіп кетуіңізге не әсер етті?

- Айтыстан біраз уақыт қол үзіп қалуыма қызметім әсер етті. Қайта-қайта жұмыстан сұранып кете алмайсың дегендей. Мысалы, сол кезде Айнұр, Оразалы сияқты ақындар қызмет істемейтін еді. Қолдары бос болды. Сондықтан шақырған кейбір айтыстарға бара алмай жүрдім. Бірақ сол кезде аздап болса да қолдау бар еді. Мәдениет саласында қызмет істеген Анар Құсайынова айтыс туралы келген хаттарды бірден ақындарға жолдап отыратын. Ал ол кісі мәдениет саласынан кеткеннен кейін айтыс жайлы ақпараттардан хабарсыз қалдық. Қазір бізде айтыс туралы ақпарат аз айтылады. Кейде айтыс өтіп кеткеннен кейін кейбір адамдар "айтыс өткен бе?" деп сұрап жатады. Біздің мәдениет саласы кейде жұмысты жүйелі атқармайтын сияқты.


Орал қаласында өткен "Алтын домбыра" айтысына барып қайттыңыз. Ол жақтың ұйымдастырудағы қандай ұтымды тұсын көрдіңіз?

- Биылғы "Алтын домбыра" айтысының бір ерекшелігі әрі қызығы "тимбилдинг" болды. Ол жерде бұрын сахнада жүрген аға буын ақындарының басы қосылып, арқа-жарқа әңгіме айтты. Жас ақындармен пікір алмасты. Айтыстың жаңа ережесін жасау туралы ұсыныстар, пікірлер айтылды. Айтыс жаңа ереже бойынша өтті. Бұрынғыдай жоғары ұпай алған ақын емес, жұп ақынның жеңгені финалға шықты.


Жаңа ереженің жұртқа жақпаған тұсы болды ма?

- Әр нәрсенің артығы да, тыртығы да болады ғой. Бұл ереже кейбір мықты ақындардың аяғына тұсау салды. Қазылар алқасы ереже бойынша екі ақынның бірін бірінші айналымда ұшыруға мәжбүр болды. Жұрттың ықыласына бөленген Жандарбек Бұлғақов жаңа ереженің құрбаны болып кетті. Сол сияқты Талғат Мықи да ұшып кетті. Бір қызығы Бауыржан Шимердинов деген ақын бірінші айналымда өте жақсы айтысты. Ал екінші айналымда шаппа-шапқа келгенде шабандық танытты. Жаңа ереже осылай қолданыла беретін болса, нағыз таланттар ғана топтан озбақ.


Қай ақынның сөз жебесі нысанаға дөп тиіп жатты?

- Мен бұл айтыста Мұхтар Ниязовқа риза болдым. Мұхтар көбінен басым болған сияқты. Дарынымен де, арынымен де, талантымен де топтан озып жүрген ақын ғой. Қылыштай қылпылдап тұр. Ал Рүстем бауырымыз сол баяғы байсалдылықпен, байыппен қоғамдағы барлық тақырыпты қозғады.


Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Следующая →