Шаштараз бен сұлулық салоны қызметі қымбаттап кетті: сұраныс аз
Шаштараз бен сұлулық салоны қызметінің көлемі бір жылда 20%-тен артық азайған. Есесіне бұл сфера мамандарының еңбегі қымбаттап барады
Қазақстанда шаштараз бен сұлулық салоны қызметі қымбаттады. 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қызмет бағасы 2018 жылдың сондай кезеңіне қарағанда 6,3% өскен. Бұл мәліметті Energyprom.kz зерттеушілері жария етті.
- Әр жыл сайын баға қосылып отыратыны рас. Себебі қазір техникалар мен керек-жарақтар қымбат. Соған сәйкес баға да өсіп тұр. Келушілер аса көп дей алмаймын, тұрақты клиенттер көбінесе келеді. Оларды баға жағы алаңдатпайтын сияқты. Себебі үйренген мастерлеріне келеді, - дейді Өскеменде сұлулық салонының иесі Светлана.
Секторда қызмет қымбаттағанымен өндіріс көлемі азайған. 2019 жылдың 3 тоқсанында 16,2 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген, былтырғы 3 тоқсанда көрсеткіш 20,8 миллиард теңге болды.