Грант бөлу жүйесі қалай өзгерді?
Енді ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орындарына білім гранттарын Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлетін болады
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін анықтау жөніндегі функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.
Бұл өзгерістер 2019 жылғы 28 қазанда мемлекет басшысы қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Қабылданған заң аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемін анықтау, оларды бөлу мен орналастыру бағытындағы құзіреттері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.
- Қабылданған бұл өзгерістер саладағы мамандарды дайындауда мемлекеттік тапсырысты нақты қалыптастыруға, қаржыландыру көлемін дұрыс анықтауға, сапалы кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарын әділетті түрде іріктеуді жүргізуге және мамандықтар бойынша гранттарды дұрыс бөлуге мүмкіндік береді деп күтілуде, - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Жоғарыда аталған Заңның білім беру гранттарына қатысты өзгерістер мен түзетулер енгізілген нормалары 2020 жылғы 6 қаңтардан бастап өз күшіне енеді.
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға бағытталған арнайы ауыл шаруашылық колледжі бар. Аталмыш жаңашылдық облыстың әр өңіріне қажетті, сұранысы жоғары және тапшы мамандарға қарай білім гранттарын бөліп, артынша ол мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға көмектеседі. Яғни, оқу орнын бітіріп алып жұмыссыз жүретін мамандардың саны да азаюы
мүмкін.