Ауылдағылар сүйгенін жейді, қаладағылар тигенін жейді
Әуелгіде "қыстың қамын жаз ойлайтын" қазақ халқы соғымға сояр малын алты ай бұрын белгілеп қоятын. Ал қазіргі таңда бұл дәстүрді жаһандану ғасыры жолынан ығыстырып бара жатқандай
Сонау заманнан бері үзілмей келе жатқан үрдістің бірі - соғым сою дәстүрі. Төрт түлігін төскейде баққан қазақтың қай ғасырда болмасын қарыны тоқ, уайымы жоқ болып келген. Әуелгіде "қыстың қамын жаз ойлайтын" қазақ халқы соғымға сояр малын алты ай бұрын белгілеп қоятын. Ал қазіргі таңда бұл дәстүрді жаһандану ғасыры жолынан ығыстырып бара жатқандай.
Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен байланысты көшпенділердің көбінде соғым сою дәстүрі болған. Бұл дәстүрі осыдан мыңдаған жылдар бұрын дәл қазіргідей мұздатқыш жоқ кезде басталса керек-ті. Ол заманда технологияның тетігін тауып, тілін меңгермесе де бір жылдық астығын сайлап, қазанын майлап алатын көшпенділердің өз әдіс-айласы болған.
Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдаған көшпенділер көзіне көрінгенін бас салып бауыздап, соғымға соя бермеген. Кепиет пен киені басты назарда ұстайтын ұлттардың ұлттық ұстанымы, этикалық ережелері бар. Қазақта сойылатын малға, соның ішінде жылқыға қатысты "сойыс мал", "белгімал", "күздік", "той малы" қатарлы ұғымдар бар. Белгімалға қайтыс болған адамның "тұл аты", ауыр сырқатты адамға арналған "айқасқа", кәрі адамға арналған "сойыс малы" жатады. Мұндай белгісі бар жылқыларды "ер азығы мен бөрі азығы жолдан" дейтін барымташылар да жазбай танитын болған. Дала заңын сеніміне серт еткен барымташылар ондай жылқыларға құрық салмаған.
Ал соғымның жылқысына мал иесі бір жыл бойы немесе алты ай көлемінде жүген-құрық салмаған. Шөбі шүйгінді, суы тұнық өріске баққан. Күздікті әркім жағдайына қарай сойған. Ауқатты байлар тай жықса, орта ауқатты отбасылар тайынша сойған.
Төрт түліктің ішінде топаны көп Шопан ата түлігі соғымның негізгі түрінің қатарында болған. Сиырды етті болғаны үшін, жылқыны еті тәтті болғаны үшін сойса, қойды қонақ үшін сойған. Қазақ қонағының құрметіне қарай жіліктеп, жылы-жұмсақтап ет асқан. Мысалы, ақсақалдарға бас пен жамбас асса, асықжілік пен төстікті күйеубаланың алдына тартқан. Тоқбас жілікті қойшының асы деп төргі табаққа тартылған еттің қатарына қоспаған. Бұл ереже осылай ретімен жалғасып кете береді. Сондықтан да қонақжай қазақ соғымға қойды көбірек сойған. Соғымды көбірек союдың мәні ауа райымен байланысты. Қыстың қақаған суығына қақталған мал қабырға майынан арылып, арықтап қалатыны ақиқат. Сол себепті көшпелі халықта қыс уақытында мал сою деген ұғым аз болған. Малды бордақылап ұстау деген ұғым бертін ғана қалыптасты. Соғым сою үрдісінің үзіле бастауына да мал бордақылау технологиясы әсерін тигізгені анық. Ал жоғары да айтқан белгімалды жұрт жұтатпай бағып, аздап қана жемдеп отыратын болған.
Қарындаған жас ет жарты жыл сақталады
Көшпелі жұрт қар жауып, қарашаның қатқағы бастала сойған соғымының сөлін сорғытып, кептіріп алып отырған. Кептірілген етпен қатар, көктемгі ұзынсарыда ішетін жас сорпасын да дайындап алады. Оған көбінде қой етін пайдаланған. Соғымға сойған қойдың бір-екеуінің етін қан-сөлімен өз қарынына салып, қатырып салады. Біз білетіндей қой мен сиырдың еті өз қар нына сыйып кетеді. Қан-сөлімен қатырып қойған етімен босанған әйелді (қалжасы арық болған жағдайда), тұмау тиген бала-шағаны сорпалайтын болған. Бұл етті қарыннан ұзынсарыда шығарады. Осылайша қарындап алған жас етті жарты жыл қаз-қалпында сақтаған. Малдың сүйекті еті қарнына сыйып кетсе, сүйексіз еті жұмырына сыйып кетеді екен. Бұрын жаугершілік заманда кептірілген қой етін үгітіп, оны жұмырына салып, батырлар қанжығасына байлап жүретін болған. Ал жұмырдың ішіне аттың тері өтпейді екен. Аттың қанжығасында жүріп, сыртына ащы тер сіңген жұмырды ит те жемейді. Қазақтың "жау жұмырды ит жемес" деген мәтелі осыдан қалса керек-ті.
Қазақта "соғымы сайлының, қазаны майлы" деген мақал бар. Малсақ қазақ өрістегі малдың күйін күйісінен таныған. Соғым малының сауырын сипап қана бағасын берген. Жылқыны қазысымен өлшейтін қазақта пышақ сырты, бармақ, елі, екі елі, үш елі, төрт елі, табан, сере қазы деген атаулар бар. Бұл соғым сою салтынан сарқыт болып қана қалған ұғымдар.
Сойған соғымын сән көретіндер көбейді
Әлемді жаулаған әлеуметтік желіден көзді арбап, көңілді баурайтын көп дүниені көруге болады. Алайда ұлттық құндылықты табанға таптап, этика мен эстетиканы ескермейтін жазбалар да жарысып жүреді. Сондай дүниелерді қалалық жұртшылық соғым сою кезінде жүктей бастайды. Қан-жынды жағалаған қарға-құзғынша әлеуметтік желінің бетінде қаптап кетеді. Кейбіреуі сойған соғымын сән көріп, суретін салады. Маңдай тері тамшылап мал бақпаған соң қадірін қайдан білсін. Ауылдағы ағайыны сойып салып жіберген аз ғана етті әлеуметтік желіге де, асқазанына да арқау етеді.
Малдың бабын малшыдан, бағасын базардан сұрап көрдік. Қойдың еті 1500-2000 теңге аралығында. Сиыр еті 1700-2200 теңге аралығында. Жылқы еті 2000 теңгеден жоғары. Қазы 3000-3500 теңге. Бұл базарға біз барған күнгі баға. Базар бағасының құбылып тұратыны белгілі. Сатушымен саудаласып, арзанға алып жатқандар да бар. Ол қызыл тіліңнің "қызметіне" байланысты.
Облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының ет бағасы туралы бізге берген жауабы төмендегідей: жылқы еті қалада - 1 кг үшін 1800-1900 теңге. Сиыр еті қалада - 1 кг үшін 1700-1800 теңге. Қой еті қалада - 1 кг үшін 1500-1600 теңге.
Еңбектеніп соғым соймайтындар "еттің барлығын экспортқа шығарып жіберді" деп шуылдайтыны тағы бар. Оны да сұрап білдік.
- Жоспар бойынша экспортқа 2 мың тонна ет шығару керекпіз. Мысалы, Ақмола, Павлодар жақта мал еті таза болып есептелінеді. Біздің ет пен малды ол жаққа апаруға болмайды. Өйткені біз буферный аумақ болып есептелеміз. Алматы да сол сияқты. Бізде Өзбекстан, Ресей, Қытай елдеріне ет шығаруға болады. Бірақ бізде талапқа сай заводтар жоқ болғандықтан Қытайға шығару жағы қиын. Экспортқа шығардық дегеннің өзінде, таза ет ретінде шығара алмаймыз. Еттен консерві, шұжық жасап қана шығарамыз. Биыл осылай 280 тонна етті Ресейге шығардық, - дейді Ауыл шарушалығы басқармасы басшысының салалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ербол Қуанышов.
"Елдегі еттің бәрі экспортқа шығып, мал қымбат болған соң соғым соя алмай қалдық" деп сылтау айтуға негіз жоқ секілді. Ауылдан мал алып келу қиын болса, жәрмеңкеге барыңыз. Әр ауданда және қалада сенбі сайын жәрмеңке өтіп тұрады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, алдағы 16, 23, 30 қарашада және 7, 14 желтоқсан күндері Өскемен, Семей қалаларында жәрмеңке өтеді. Дәл осы уақыттарда аудан орталықтарында да жәрмеңке ұйымдастырылады.
Соғым сою салты ғой бұрынғының...
Қала тұрғындары соғым соя ма, сойса қайдан алып, қанша мал сояды? - деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Бұл сауалға әркім әрқалай жауап берді. Бірқатары базардан алса, ауылдан арнайы соғым алдыратындары да бар екен.
- Соғым сою біржағы дәстүр болса, екінші жағы тамақ. Тамағың тоқ болса, уайымың жоқ болады. Мен көбінде жылқы немесе ірі қара соямын. Ал қаладағы қазақтың тамырлары ауылда ғой. Сондықтан соғым соймайтын қазақ аз шығар деп ойлаймын, - дейді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.
Жалпы айтқанда қала қазақтарының көбі жылқы сойғанға жағдайы келе бермейтіні белгілі болды. "Сиыр, оның өзінде тайынша соямыз ғой" дегендер көп болды. Қазақта "пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді" деген мақал бар. Бұл мақалды қазір "ауылдағылар сүйгенін жейді, қаладағылар тигенін жейді" деп өзгертсе болғандай ма деп қалдық.
Сан мың жыл бұрынғыдай сайын даламыздың төсі төрт түлікке толып жатпаса да, соғым сойып алуға мал саны жететін сияқты. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1 166 835 ірі қара, 1 955 223 ұсақ мал, 401 437 жылқы, 593 түйе бар екен. Бұл 2019 жылдың соңғы 9 айы бойынша берілген есеп.
Мал саудасымен айналысушылардың айтуынша, қазіргі жағдайда жылқы бағасы 400 мыңнан жоғары, сиыр 150-300 мың теңге шамасында. Қой бағасы 35-45 мың теңгенің айналасында екен.
P.S. Қазақ соғымды тамақ үшін ғана емес, береке үшін де сойған. Соғым сойған үйдің асында береке, шаңырағында мереке көп болады деп білген. Әр үйде соғым басы асылып, "соғым шүйгін болсын" деген тілек айтылған. Кейін келе, бұл тілекті сөзбұзарлар "соғым сүйкімді болсын" деп өзгертіп жіберіпті. Алдағы уақытта сөзіміз де, соғымымыз да семіз болғай.