Ахметов министрліктің жүйесін сынға алды
Аймақта ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендемей келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығына акушерлік көмек саласындағы жұмысты жақсартуды ұсынды
Себебі жыл басынан бері 4 жас босанған ана көз жұмып, бірнеше жасқа толмаған нәресте шетінеген. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда аса жоғары емес: соңғы үш жылда облыста сәбилердің өлімі 21,6% төмендеді және қазіргі уақытта 100 000 тірі туғандарға шаққанда 8,4 жағдайды құрайды. Әйтсе де жыл соңына дейін шенеуніктер мен дәрігерлер бұл көрсеткішті 7.19 деңгейіне жеткізуді жоспарлап отыр.
- Бізде ана мен бала өлімі мәселесі тұр. Көрсеткіш басқа облыстардағыдай емес, бірақ төмендету қажет. Барлық жабдықтарды сатып алдық, дәрігерлерді оқытып, ынталандырып жатырмыз, енді не керек? Егер алдын алу шараларының жүйесін анықтау керек болса, оны да істейік. Егер қосымша әйелдер консультациясын ашу қажет болса, оны да ашып, қаржыландырамыз. Бұл мәселені шешуіміз керек, оған біздің әлеуетіміз толығымен жетеді. Иә, министрлік перзентханаларды жауып, оңтайландыруды жүзеге асырғаны белгілі. Бұны дұрыс деп есептемеймін. Мәселен, Марқакөлдегі перзентхананы жапты, ал босанған әйелдерді 180 шақырымға жіберуге болады деп түсіндіреді. Әрине, болады, бірақ бір шақырымдық жер одан да жақсы емес пе?! Басқарма министрліктің белгілеген шегінен шығу керек. Министрлік "ана жақта" отырып, Марқакөлдің Күршімнен 180 шақырым жерде орналасқанын және қыста аудан орталығына көлікпен қатынау қиын екенін білмейді, - деген облыс әкімі Даниал Ахметов Үкіметке барып жергілікті бюджеттен немесе бюджеттен тыс қаржыға алғашқы көмек беру пунктілерін ашу үшін басқармаға ұсыныс жасауды тапсырды.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, облыста акушерлік көмек жүйесін жақсарту үшін әлі атқаратын жұмыстар баршылық. Басқарма аудан ауруханаларын дамытудың 3 жылға арналған жоспарын жасап жатыр.
- Әрине, көрсеткішті жақсартқан жөн. Әкімнің тапсырмасы бойынша, облыстағы барлық емханалар мен ауруханалардың жағдайын тексеріп жатырмыз. Қазіргі таңда облыс орталықтарындағы ауруханаларының деңгейін жоғары көтердік. Енді келесі кезеңде, яғни, алдағы 3 жылда аудандардағы емханалар мен олардың жабдықтарын, дәрігерлердің дайындығын тексеріп, шалғай ауылдардағы медициналық жағдайға назар аударамыз. Ал Марқакөлдегі жағдай бойынша айтсам, былтырдан бері ол жерде босануға арналған 1 арнайы төсек орын қойдық. Жақында сол Күршім ауданына, Марқакөлге бардым, түгел аралап шықтық. Қазіргі таңда аудан ауруханаларын дамытудың 3 жылдық бағдарламасында Марқакөлдің де жағдайы ескеріледі. Бұл бағытта жұмыс істейміз, - дейді Ілияс Мұхамеджан.
Айтпақшы, басқарма бүгінде облыста көптеген жас мамандарға баспана алуға көмектескен. Тіпті, басқа облыстардан да тәжірибелі дәрігерлер де аймақтың медицина саласына тартылып, жүзге жуық дәрігерге пәтер табысталды. Десе де аймақта дәрігерлер тапшылығы әлі де өткір.