Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бақытжан Раисова: Қанаты таудың бар менде...

Ай мен Алтай", "Шағылға біткен шынармын", "Ай патшалығы", "Сезім сәулесі", "Кәусар дүние" қатарлы жыр жинақтардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, білім саласының үздігі, ақын Бақытжан Раисова биыл 60 жасқа толып отыр

Раисова Бақытжан Мұқтарханқызы 1959 жылы 6 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Бақытжан Раисова С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген. Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған Бақытжан Мұқтарханқызы 1981 жылы "Қазақ университеті" газетінде қызмет атқарады. 1982 жылы Катонқарағай ауданындағы Аршаты ауылына оралып мұғалім болып қызмет істейді. 1984-85 жылдары Бақытжан Раисова аудандық "Арай" газетінде аудармашы-тілші ретінде қызметте болады. Ары қарай Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы гуманитарлық-эстетикалық дамыта оқыту бағытындағы мектепте ұстаздық қызметін жалғастырған.

Өлең ғұмырыңызда қандай тылсым жағдайға тап болып көрдіңіз?

- Ақындық деген тылсым дүние екені рас. Мен ақынның адамдардан бір саты жоғары, пайғамбардан бір саты төмен, яғни, екеуінің ортасындағы әулиелер деген ұғымға иланам. Себебі, мен Алматыда оқып жүрген кезімде бір тылсым жағдайды бас-тан өткердім. Алматының бұлттары қорғасындай ауыр болып келеді. Бір күні оқудан қайтып бара жатып сол бір қорғасындай ауыр бұлттың үстіндегі Бекежанды көрдім. Ғашықтық жырынан санамызға жағымсыз кейіпкер ретінде сіңіп қалғандығы белгілі. Бекежанды көрдім де, бірден күбірлеп өлең шығара бастадым.

"Күз болғанда Қособада сор болған,

Сөнген соның өз қолынан сөнді арман.

Енді өзінің қайғы уын сорғандай,

Сұп-сұры боп түрегелер сол маңнан...", - деп сыбырлай жөнелдім. Маған сол мезет Бекежанның жаны жай таппай, бұлт үстінде жүргендей болды. Осы өлеңім сол кездегі әдеби ортада дүмпу тудырды. Жұрттың бәрі жолыққанда "Қособаны" оқышы дейтін сол кезде. Мен осы өлең арқылы біраз танылдым. Жалпы басымнан өткен тылсым жағдайлар туралы өлеңдерімнен оқып білуге болады. Мысалы, "Ғайып өлең" деген жырым бар. Ол да бір тылсым.


"Алматыда қалсам әлдеқайда көптеген дүниелер жазып, біраз биікті бағындырар едім" деп өкінген кездеріңіз болды ма?

- Мен көп уақытқа дейін өкінбейтіндей болып жүрдім. Өйткені, Алтайда да ақын болуға болады ғой деп ойладым. Кейін келе, қоғам мен өмірді көріп өкіндім. Ауылда жүрген соң әдебиет майданынан қалыс қала береді екенсің. Мен осы өзіміздің Өскеменде өткен "Шығыс шынары" деген мүшәйраға екі рет қатыстым. Біреуінде де жүлде бермеді. Егер мен сол кезде Алматыдан келген болсам, атағыма қарап болса да жүлде берер еді. Біз біреудің атағы мен абыройына, жүрген жері мен келген еліне қарап сыйлай салатын халықпыз ғой. Сондай кездерде өкінесің. Шындығы өкіндім. Бірақ, өлеңнің жазылуы жер талғамайды. Қай қиырда жүрсең де жаза аласың. Әдеби орта өлеңге емес, танымалдылыққа ғана әсер ететін болу керек. Бұл біздің дәуірге қатысты ойым. Қазіргі ақындарға Алматы немесе Астана, тіпті, Алтай мен Атырауда тұрып жатса да бәрі бір. Интернетті игілікке жаратса қазір-ақ танылып шыға келеді. Оны көзіміз көріп жүр. Ақын халықтың бағасын емес, алдымен әдеби ортаның бағасын алу керек. Сонда ғана дұрыс бағыт табады.


Қазір "мұғалімде қадір қалмады" деген сөз көп айтылады. Осы оймен келісесіз бе?

- Мұғалімнің қадірі мен қасиеті азайып бара жатқандығы ақиқат. Бізде жаңартылған бағдарлама енгізілгенмен, жалақы сомасы жаңартылып, жағдай жақсармады. Егер жақсы айлық-жалақы төлесе, сапалы мұғалімдер мен ер адамдарды мектепке көптеп тартуға болар еді. Мектепте ер адамның жоқтығы тәлім-тәрбиеге әсер етіп жатыр. Жаңағы сіз айтқан қадір мен қасиетке қатысы бар. Қыз мінезді жастар көбейіп кетті. Осының бәрі мұғалімнің қадірін кетіруде.

Соныман қатар, қала мен ауылдың білім сапасының арасы тым алшақтап кетті. Ауыл артта қалып қойды. Білімді әрі білікті мұғалімдер ауылға бармайды. Өйткені ауылда жағдай жасалмаған. Сондықтан да, ауылдан жұрт көшіп жатыр. Ауыл тұрғындары жансақтай алмай көшіп жатқан жоқ, ұрпағы дұрыс білім ала алмаған соң көшіп жатыр. Осыны үкімет түсінсе ғой.


Өзіңіз оқыған Еңбек ауылының жағдайы қалай?

- Мәз емес. Кейбір сыныптар жабылып жатқан сияқты. Осы қарқынмен жүре берсе, ұзаққа бармайды-ау. Ауылға әр барған сайын жүрегім ауырып қайтады. Мендегі сол көңіл-күй өлеңдерімде де көрініс табады.

Алтайды жұмаққа айырбастар ма едіңіз?

- Алтайдың өзі де жұмақ ғой. Кезінде шет елден келген зерттеушілер жердің кіндігі де, жұмағы да - Алтай деген екен.


"Ай мен Алтай", "Ай патшалығы" деген кітаптарыңыз бар. Айды жақсы көретін сияқтысыз?

- Ай мен Күн көшпенді халықтың серігі. Ай сұлулықтың символы. Бабаларымыз төрт мезгіл төрт түліктің соңынан көшіп-қонып тірлік кешті. Осы көшпелі ғұмыр Айдың сұлу бейнесін санамызға сіңірсе керек-ті. Айдың сол сұлулығы менің рухыммен тамырлас болса керек. Мен кейде күллі адам өмірі туралы, қоғам туралы тебіреніп кеткенде санам табиғатпен байланысады.

"Қанаты таудың бар менде,

Аспан ем жерге түспеген.

Түйсігім неден шерменде,

Қайғының бұлтын ішпеген...", деген өлеңім бар. Бұл қоғам мұңын жырлаған өлең. Бірақ табиғатпен жапсарласа, аспанмен астарласа жырланған. Өлеңімде "Ай" көп қайталанып жатса, табиғатпен тамырлас болғандықтан шығар деп ойлаймын.


Оралхан Бөкейдің "Атаукере" романында "Неге біз осы..." деген сұраулы сөйлем қайталанып отырады. Сіз осы сөйлемді қалай жалғастырып, не айтар едіңіз?

- Неге біз осы қолымызға ақша түссе, үй саламыз. Тіпті бір емес, бірнеше үй саламыз. Неге біз осы мейірімді, қайырымды мінезіміз бен болмысымыздан айырылып қалдық. Неге біз осы екі дүниенің шапағатына бөлену үшін жақсылық жасамаймыз. Неге біз осы бөгде тілде сайрай жөнелеміз. Неге біз осы қазақтың шұрайлы тілін жоғалтып алдық.

Ерікті сұраққа кезек берейік. Сіз өзіңізге қандай сұрақты қойғанды қалайсыз?

- "Өлеңнен басқа нені жақсы көресіз?", - деген сұрақ ұнайды екен. Осы сұраққа мен былай деп жауап берер едім...

Мен жас кезімде сурет салғанды ұнататынмын. Қарап отырып адамдардың портретін салатынмын. Суретті қарап салғанға шебер болдым. Бірақ кәсіби суретші емеспін. Есенин, Құрманғазының суреттерін айнытпай салған кездерім болды. Сонымен қатар, домбыра шертіп, терме айтқанды жақсы көрем. Мазмұны бай, мәні терең ойлы кино көргенді ұнатам. Дәмді тамақ істегенді жақсы көрем. Дәмді тамақ істей алсам, содан өзім рахат табам. Құрт пен ірімшік жасаймын. Мен үшін әлемдегі ең керемет тамақ - ірімшік деп ойлаймын. Біз ірімшікті болашақта брендке айналдыруымыз керек.


Шығыстың рухани ортасы Алтайдай асқақ, тым тәкаппар сияқты?

- Өз басым рухани ортаның тәкаппарлығын көп көрдім деп айта алмаймын. Біреудің қолдауынмен емес, өз еңбегіммен жетістікке жеткенді жақсы көрем. Мен көп кітаптарымды өз еңбегіммен шығардым. Кейіннен мемлекеттік тапсырыспен де шықты. Биыл "Абай әлемі" жобасы аясында "Жердің күн беті" деген кітабым шыққалы жатыр. Ең бастысы еңбектену керек.


Шығармашылық кешіңізге дайындық қалай болып жатыр?

- Алла қаласа облыстық драма театрда 30 қазан күні шығармашылық кешім өтеді. Облыстық драма театрдың актерлері шығармашылық кешті дайындап жатыр. Өлеңдерім оқылып, менің сөзіме жазылған әндер орындалады. Сонымен қатар, сол кеште менің сөзіме жазылған екі бірдей жаңа әннің тұсауы кесіледі. Қала тұрғындарын шығармашылық кешіме шақырамын.

Следующая →