Аймақта мал дәрігерлері неге тапшы?
Мал дәрігері. Бұл ұғым көбінесе күн демей, түн демей, боранда немесе жаңбырлы кезде де ауру малға көмек көрсетуге әрқашан дайын болу ұғымымен ассоциацияланады, сала жүрегі мейірімге толы, жарқын, жігерлі, жүйкесі мықты адамдарды қажет етеді
Иә, малдәрігерлік қызмет саласы салғырттықты көтермейді. Себебі бұл бағыттағы іс-қимыл, атқарылған шаралардың барлығы бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жалпы ветеринария - мал шаруашылығының ең беделді саласы. Себебі, ветеринария дұрыс жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау малдың етін жеп, сүтін ішкен адам аурудан алыс болады.
Өкінішке қарай, біздің бүгінгі қоғамда мал дәрігерлерінің беделі төмен. Бұл мамандықтың мән-маңызын түсініп жатқандар аз. Неге? Мәселеге көз жүгіртіп көрейік.
Жалақы аз
Ең бірінші мәселе жалақыға келіп тірелуі заңды. Өйткені күн сайын құндылықтар мен қажеттіліктердің өзгеруі - көк қағаздың құнын одан сайын арттырып отыр. Ал арнаулы орта білімі және жоғары білімі бар мал дәрігерлерінің орташа айлық жалақысы сын көтермейді.
- Аймақта, оның ішінде ауылдық жерлерде ветеринар маманының ең жоғарғы жалақысы - 120 мың теңге. Ал ең төменгі - 45 мың теңгені құрады. Дегенмен, мал дәрігерлерінің жалақысы әр ауданда әртүрлі. Бір ауданда 50, екіншісінде 60, басқасында 70 мың теңгедей дегендей. Біздің облысқа келсек, мал дәрігерлеріне барлық жағдай жасалған. Әр ауылдық округте көліктері бар, - дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Дегенмен Шығыс аймағы мал шаруашылығы жақсы дамыған облыс екенін бүкіл ел біледі. Сөйте тұра, еңбек өз деңгейінде бағаланбай келеді. Бұдан кейін жұмысқа жас мамандарды тарту мәселесін қозғау да артық. Мал дәрігерлік саласын таңдайтын ұл-қыздардың аздығы да сондықтан. Жалақыны бір ізге түсіріп, бәрін бірдей қылса, мүмкін маман тапшылығы жойылар.
- 10 жылдың еңбек өтіліммен 70 мың теңге жалақы алып отырмын. Маманға сұраныс көп, талап жоғары, бірақ неге жалақы аз? Жоғары жақтағы билік мұны білмейді емес, мәселемен таныс, - дейді Шілікті ауылдық округінің мал дәрігері Асқар Түсіпбаев.
"Жығылған үстіне жұдырық" демекші, мал дәрігерлерінің жұмысын қаржы полициясы, прокурорлар және аумақтық инспекторлар жиі тексереді. Мұның барлығы адамның жүйкесіне тиіп, жұмыс барысына кері ықпал ететіні белгілі. Осындай олқылықтардан кейін жастар қалталарында тиісті дипломдары бола тұра, мал дәрігерлігіне жұмысқа бармайды. Ал белін бекем буып, ветеринарлық салаға аяқ басқан бірді-екілі жас болса, көп ұзамай қызметтің қиындығына шыдамай, кетіп жатады.
Қауіпті мамандықтардың санатына жатқызса...
Тағы бір мәселе - мал дәрігерінің қызметінің аса қауіптілігінде. Мысалы, жылдың қай мезгілінде болмасын белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті алдымен мал дәрігері тексеріп, ем-дом шараларын атқарады. Кей жағдайларда ауру түрін анықтау үшін малдың өлекселерімен де жұмыс істеуге тура келеді. Мал дәрігерлері сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, аусыл (ящур), қарасан (эмкар), індетті лимфангоит, қатерлі ісік, сап, құтырық (бешенство) сияқты жұқпалы аурулармен жалғыз күресуге мәжбүр. Аталған ауру түрлерінің адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екенін айтпаса да түсінікті.
- Мамандар жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында егу жұмыстарын жүргізеді. Табындағы малдың бәрі бірдей жуас емес. Әсіресе, бас білмейтін жылқы малы, ірі қара малдарының оқыс қимылынан мал дәрігерінің жарақат алуы жиі кездеседі. Дегенмен біздің облыста 2018 жылы және 2019 жылдың басынан бері мал ауруларының түрінен жарақат алған немесе қайтыс болған мамандар жоқ, - дейді басқарма басшысы.
Салыстырмалы түрде алар болсақ, еліміздің заңнамасына сәйкес күкірт қышқылымен жұмыс істейтін бірқатар өндірістер қауіпті жұмыс орындарының санатына қосылған. Ал мал дәрігерлері адам денсаулығына зиянды мұндай химиялық заттардың бірнеше түрімен (хлор-сутегі қышқылы, тұз қышқылы, гиподермин қоспасы, карбохолин, гексахлоран, креолин, фенол, хлорофос, формалин, хлорамин) жұмыс істейді. Соның салдарынан ұзақ жыл осы салада еңбек еткен мал дәрігерлерінің денсаулығы ерте сыр береді. Ал мамандар ветеринария мамандығының қауіпті мамандықтардың санатына жатпайтынын айтады. Алайда бұл жаңашылдықтан үміттері бар...
Аудан орталығына сабылуға мәжбүр
Қазіргі кезде қай салада болмасын компьютерсіз жұмыс істеу қиын. Өкінішке қарай, мал дәрігерлерін компьютермен қамтамасыз ету, ғаламторға қолжетімділік төмен деңгейде. Әсіресе, шалғай ауылдар зардап шегуде. Мәселен, Катонқарағайдың 8 ауылы, Күршімнің 10 ауылы, Аягөздің 7 ауылы, Ұланның 9 ауылы, Тарбағатайдың 6 ауылы, Үржардың 6 ауылы, Абайың 7 ауылында интернет жүйесі жоқтың қасы. Аталған елді мекеннің мал дәрігері құжаттарын толтыру үшін амалсыз аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Мұның барлығы жұмыс сапасына әсер етпей қоймайды. Жергілікті жұртшылық та мал басына берілетін қарапайым анықтаманың өзін күнбе-күн ала алмайды. Ветеринариялық іс-шараларды уақтылы атқару үшін автокөлік қажет.
- Кейде арнайы шақырту болып қалады, ол үшін ақы да төленбейді. Негізі мемлекет берген автокөлік бар. Бірақ кейде жүріп, кейде жүрмей қалады, оның бөлшектеріне тиісті қаржы жетпей қалады, ал шақырту көп. Сондықтан көп жерлерге өзімнің жеке көлігіммен баруға тура келеді, - дейді Шілікті ауылдық округінің мал дәрігері Асқар Түсіпбаев.
Мамандар тартуда кешенді шара керек
Мал шаруашылығында көптеген аурулардың алдын алу және емдеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін табу, мал өнімдерінің сапасын тексерудің жаңа технологияларын іздестіру қажеттілігі туып тұр. Бұл сұрақтардың жауабы бүгінгі студент, ертеңгі маман-мал дәрігерінің қолында.
Шығыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық колледжі - ауыл шаруашылығы салалары үшін мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны. 74 жылдан асқан тарихы бар колледж 20 мыңнан астам орта буын мамандарын дайындап шығарды. Бүгінге дейін осы оқу орны дайындаған қаншама мамандар тек қана облыс көлемінде емес, республика көлемінде қызмет атқарып жатыр. Біз көтерген мәселеге колледж ұстаздары да өз пікірін білдірген еді.
- Ветеринарлы медицина ғылыми білімдердің жүйесі және практикалық іс-әрекеттің саласы ретінде бүгінгі аграрлық секторда және денсаулық сақтауда негізгі мәселелерді шешеді. Қазіргі кезде заман талаптары өзгерген сайын, ветеринар мамандарының алдынан шешімі қиын жаңа мәселелер шығып отыр. Бір ауру жойылса, екінші біреуі пайда болады. Оларды емдеу, сақтандыру алдын алудың тиімді шараларын табу керек, бұл кезде ветеринар маманы шешуші рөл атқарады. Ветеринар мамандары өз білімін үнемі толтырып қана қоймай, өз қоластындағы малшы, сауыншы, оператор т.б. жұмысшыларды үйретіп отыруы керек. Сонымен қатар, халықпен жұмыс істей алуы керек. Халықтың арасында ветеринарлы-санитарлы-гигиеналық үгіт - насихат жұмыстарын жүргізіп отыру - бұл мал ауруларының алдын алудың бір шарасы, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылық коледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ардақ Кабдуалиева.
Өндірістік және оқу практикасын жоғары деңгейде өткізу үшін колледж шаруа қожалықтарында және "Восток-Молоко" ЖШС, "Багратион" ЖШС, "Украинка" ЖШС, "ОХМК", "Милана", "ЗооВита", "Фауна" облыстық ветеринарлық зертхана, қалалық базарларда, аймақтық малдәрігерлік басқармаларымен келісім шарт негізінде жұмыс атқарып жүр. Студенттер шаруашылықтарда тәжірбие жинақтайды, біліктілігін шыңдап, кәсіби дағды қалыптастырады, нақты шаруашылық мәселелерін терең зерттеу мүмкіндігіне ие болады, ал ұйым басшыларына қажетті кадрларды алуға мүмкіндік туады. Алайда бітірген жастардың бірлі-жарымы ғана таңдаған мамандықтарымен күн көруге бел байлайды.
Ал бұл тұста облыстық басқарма аймаққа ветеринария мамандарын тартуда жәрмеңке ұйымдастырумен шектелмей, Денсаулық сақтау басқармасы сияқты мал дәрігерлерінің жалақы, үй, біліктілігін арттыруда кешенді шара қабылдап, жұмыстар атқарса, құба-құп болар еді...