Усть-Каменогорск
ясно
-11°
  • Усть-Каменогорск
    -11°
  • Алматы
    +5°
  • Нур-Султан (Астана)
    -10°
  • Актобе
    -5°
  • Форт-Шевченко
    +9°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -13°
  • Костанай
    -12°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -13°
  • Тараз
    +7°
  • Уральск
    -6°
  • Шымкент
    +8°
$
499.51
+0.96
525.83
+1.55
¥
68.9
+0.14
4.62
-0.13
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Шектеулі мүмкіндік - білім алуға шектеу емес

Өскемен қаласындағы №15 мектеп инклюзивті білім беруді игілікке айналдырып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың баянды ғұмыр кешіп, басқалармен тең жүруіне жағдай жасап, білім беріп отыр

Төрткүл дүниенің тепе-теңдігін тең ұстау табиғи заңдылық, адами ұстаным. Сөйте тұра, өтірік пен шындықтың, бай мен кедейдің, ауру мен саудың, жаман мен жақсының жарысып отыруы да заңдылық. Осы бір қағиданы көптеген елдер бүгінгі қоғамда қайшылыққа айналдырмай, қарсылыққа ұрындырмай ұстап отыруды ұстанымға айналдыруда. Қоғамды әділдік алаңына айналдыру демократиялық үрдістің негізгі тетіктерінің бірі екені анық.

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласынадағы №15 мектеп 2016 жылдан бері инклюзивті бағытта білім беріп келеді. Бұл білім беру түріне ғалымдар төмендегідей анықтама беріпті: инклюзивті білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау көрсету, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.

Аталған саясаттың сау балаларға салқыны тиіп кетпей ме деген ой келді. "Балаларда бір-біріне деген психологиялық қарысылық болған жоқ па?" деген сұрақты мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісіне қойдық.

- Алдымен ата-аналар мен балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Адаптация кезеңінен өтті. Ешбір ата-ана мен балалар қарсы болмады. Қандай да бір психологиялық қарсылықты да көрмедік. Қазір балалар үйреніп алды. Мүгедек балалардың сөмкелерін көтеріп, арбасын итеріп келесі сыныпқа бірге ертіп жүреді. Бір-біріне түсіністікпен қарайды, - дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Роза Жүнісова.

Жарымжан жандардың арбасын итерген балаларға іштей "Алла разы болсын" дедік. Өйткені өмірдің арбасы кімді қайда апарары белгісіз ғой. Осы мектепте инклюзивті бағытта білім беруді бастаймыз дегенде, мұғалімдердің де кейбірі "қобалжыдық" дейді. Көз көріп, құлақ естіген соң үйреніп алғандарын айтады. Мектеп мұғалімдеріне бұл бағытта жұмыс істейтін республикалық орталықтан арнайы мамандар келіп дәріс оқып тұрады екен. Олар мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын, әдіс-тәсілін үйретеді.

Оқыс оқиғаның құрбаны болғандар да бар

Бұл мектепте оқып жатқан балалардың барлығы да мемлекеттік білім беру стандартына сай білім алып жатыр. Ары қарай жоғары оқу орындарына түсіп, білімдерін жалғастырып жатқандары да бар. Бәрі де туабітті мүгедек емес. Оқыс оқиғаның кесірінен кемтар болып қалғандары да бар. Мектепке 2016-2017 оқу жылында 66 бала қабылданған. Сол жылы бесеуі мектеп бітіріп, әртүрлі деңгейдегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен.

Үрдісті үзбей жалғастырған мектепке 2017-2018 жылы 80 оқушы қабылданса, 2018-2019 жылы оқушылар саны 90-ға жеткен. Ал биыл 106 бала қабылдап отыр.

- Әр жыл сайын әртүрлі деңгейдегі мүгедек балалар келеді. Оқып жатқан балалардың 39-ының тірек-қимыл жүйесі бұзылған болса, 11 оқушының көру қабілеті нашар. Ал есту қабілеті нашар 4 бала оқып жатыр. Сонымен қатар, 26 баланың сөйлеу қабілеті бұзылған. Барлығы да осындай жағдайларына қарамастан білім алып, білігін арттырып отыр. Қоғамға белсене араласуда. Тіпті, қоғамдық іс-шараларға, әртүрлі сайыстарға қатысып, жеңіске жетіп жатқандары бар, - дейді №15 мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Роза Жүнісова.

Тірек-қимыл жүйесі бұзылғандар да тірлігін жалғастыру үшін оқу оқып жатқандығы қуантты. Мұндағы көзі нашар көретіндердің, ең бастысы, көкірегі ояу екен. Құлағы керең болса да, көштен қалғысы келмейтіндерін көріп, көңіл марқайды. Сөйлеу қабілеті нашар балалар да өмірдің сүрлеуінен қалғысы келмейді. Бұның барлығы да өмірге деген ерекше құлшыныс, махаббат деп білдік.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған мектепке қабылдауда географиялық шектеу жоқ екен. Облыстың барлық өңірлерінен келеді. Атап айтар болсақ, бұл мектепте Катонқарағай, Үржар, Семей, Тарбағатай аудандарынан келіп, оқып жатқан балалар бар. Олар мектептің іргесінде орналасқан "Ақ ниет" мектеп интернатында тұрады. Мектепке келіп-кеткенге арасы да алыс емес. Тіпті, сол жерде жоғары оқу орнын аяқтағанша да тұра беруге мүмкіндіктері бар екен. Сонымен қатар, қалада тұратын балаларды ата-аналары алып келеді. Жалпы айтқанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мүмкіндік көп екен. Білім алуы мен қоғамға араласуына қолайлы жағдай жасалған.

Аутист балаларға арналған арнайы кабинет бар

Оқу орнының қай бағытта екендігі кірген адамға бірден байқалады. Мектептің әр жеріне бағыт-бағдар сілтейтін арнайы танымдық белгілер жапсырылған. Сары жолақтарды жағалай жүріп отырып, "Инклюзияны қолдау кабинетіне" бардық. Бұл кабинет "Болашақ" корпоративтік қорының қолдауымен ашылыпты. Қазіргі таңда 10 баланы қабылдап отыр. Әр баланың өз тьюторы бар. Біз кабинетке барғанда екі тьютор және психолог маман отыр екен. Әркім өз жұмысының әлегімен әуре.

- Аутист балаларға арналған кабинетте 10 бала қабылдап отырмыз. Одан көп бала қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені әр балаға бір тьютор қажет. Кабинет төрт бөліктен тұрады. Әр бөліктің өз қызметі бар. Балаларды алғаш қабылдағанда біраз қиыншылығы болды. Қазір үйреніп қалдық. Біз әр баланы сабаққа қатысуға бейімдейміз. Кейбір балалар сабақта айқайлап, жылап отырмай қояды. Басында 2 минут қана отыратын балалар бар болатын. Ақырындап бейімделіп келеді. Олар қазір 45 минут, яғни, бір сабаққа толық отыра алатын деңгейге жетті. Соған қарағанда нәтиже бар, - дейді психолог Гүлнұр Нұрлыбекова.

Мамандардың айтуынша, қоғамдық ортаға бейімделіп, сабақ оқуға құлшыныс жасаған балалардың ата-аналары қуанып қайтады. Жұмыстарының нәтижесін балаларының жанарынан байқайтын мұғалімдер мен тьюторлар да марқайып қалатыны даусыз.

Кабинетте балаларды бейімдейтін құрал-жабдықтардың біраз түрі бар екен. Бірақ мамандар бұл аздық етеді дейді. Оқушылардың танымдық қабілетін арттыру үшін әлі де көптеген құрал-жабдықтар керек екенін айтты. Егер көмек көрсететін адамдар болса, бас тартпақ емес.

Біз кабинетпен танысып жүргенде 11-сынып оқушыларының бірі жанымызға келді. Тілінің сәл ғана мүкістігі болмаса, қол-аяғы балғадай балуан жігіт екен. Біз қойған бір-екі сұраққа тілі мүдірсе де, қасқайып тұрып, қайсарлықпен жауап берді.

- Биыл 11-сыныпта оқимын. Достарым мені жақсы қабылдады. Олар менің оқуыма ешбір кедергі келтірмейді. Әр нәрсені түсіндіруге, менімен түсінісуге тырысады. Сыныптастарыммен жақсы араласып, сырласамын. Мектебімде бізге барлық жағдайды жасаған. Оқуымды бітіріп, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түссем деймін. Бұл менің арманым, - дейді №15 мектептің 11-сынып оқушысы Ерлан Совет.

Еңсегей бойлы Ерланның арманы асқақ екен. Биыл бұл мектептің Ясира Нұрлыбек есімді оқушысы Ерлан армандаған университетке оқуға түсіпті. Ерланға да Ясираның жолын беріп, оқуға түсіп кетсе екен деген тілектестік білдірдік.

Сонымен қатар, мектептте тағы бір кабинет арнайы жасақталыпты. Ол кабинет қашықтықтан білім алуға арналған. Мектепке келуге мүмкіндігі жоқ балалар үйде отырып-ақ, 40 минуттық сабақты оқи алады. Онлайн білім беруге арналған кабинетке камера және теледидар орнатылған. Қашықтықтан білім алып отырған бала өзін балалармен бірге отырғандай сезінуге мүмкіндік жасалған. Мұғалімге сұрақ қойып, жауап беріп сабаққа қатысып отырады. Мектеп ұжымы онлайн оқимын деген әр балаға білім беруді қарастырған. Кабинет жалғыз болғандықтан арнайы сабақ кестесін шығарып қойыпты.

Мемелекет мүмкіндігі шектеулі жандарға да білім алу мүмкіндігін беріп отыр. Мүмкіндігіне қарамастан, қоғамдық ортадан ойып орын алуына жағдай жасауда. Үміт пен құлшыныс қосылса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Иә, әркімнің шексіздікке ұмтылуға мүмкіндігі бар...

Следующая →