Усть-Каменогорск
ясно
+20°
  • Усть-Каменогорск
    +20°
  • Алматы
    +19°
  • Нур-Султан (Астана)
    +23°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +17°
  • Атырау
    +17°
  • Караганда
    +19°
  • Кокшетау
    +22°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +22°
  • Павлодар
    +19°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +20°
  • Уральск
    +15°
  • Шымкент
    +21°
$
443.44
480.51
¥
61.36
4.88
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ажырасқандардың қатары да, қатері де көп

Ақ некеге немқұрайлы қарайтындардың қатары артып, қатері көбейіп барады. Биыл еліміз бойынша үйленгендердің 50% ажырасып кеткен. 2019 жылы 63917 неке тіркеліп, оның 29073-інің бақыты баянсыз болған

Салтын санасына сіңіріп өспеген қазақтың бүгінгі ұрпағы ұлттық құндылықты құрбандыққа шалуда. "Отбасы құндылығы" деген ұғымға пысқырып та қарамайтындар көп. "Отан отбасынан басталады" деген теориялық мақалдың мәні мен мазмұнын түсінбейтіндер тірі жетімдердің қатарын көбейтіп жатыр. Ажырасқан әр жұптың арасында жаутаңдап қалған балалардың болашағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Бұл әрекет ұлттың психологиясы мен танымына әсер етіп жатқандығын махаббатқа жауапсыз жандар түсінбейтін сияқты. Бұл ұлттың болашағының баянды болуын ойлайтын ойлы азаматтардың аздығынан болар. Елім дейтін ерлер болса, үйленгендердің 50%-ы ажырасып кетпес еді. Дәл осы тақырып "Бақытты отбасы" жобасының ұйымдастырушаларымен өткен баспасөз брифингі барысында кеңінен талқыланды.

"Бақытты отбасы" бақытсыз жанұялар көп дейді...

Қазақстанның 8 аймағында "Бақытты отбасы" жобасы аясында "Отбасы соты кезінде азаматтарды ресурстық қолдау" орталығы ашылған. Орталықта заңгер, психолог және әлеуметтік қызметшілер тегін қызмет көрсетеді екен.

- Қазіргі таңда ажырасқандардың саны артып барады. Шырқы бұзылған отбасыларды көріп, көңілің түседі. Біз барлығын татуластыруға тырысып, қолымыздан келгенінше кеңес береміз. Отбасы құндылығы туралы ой саламыз. Заң туралы түсіндіреміз. Психологиялық кеңес береміз. Биыл осы Өскемен қаласындағы "Отбасын ресурстық қолдау орталығына" 579 адам, яғни, 149 ерлі-зайыптылар келіп, соның 26%-ы қайта татуласуға келісті, - дейді психолог Назигүл Ахметқалиева.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша соңғы 8 айда 6221 неке тіркеліп, оның тең жартысы ажырасып кеткен. Бұл тек заңды неке бойынша берілген есеп. Азаматтық некеде тұрып, айырылысып жатқандардың саны қанша екені белгісіз.

Келеңсіздіктен шаршап, кеңес сұрай барғандардың ең жасы 20 жаста болса, үлкені 60-тың асқарына шыққан. Ажырасып жатқандардың көбі жастар екендігі айтылды. Некеде тұрғандарына 10 жыл болмай ажырасуға бел буғандардың саны - 472 адам. Ал 20 жыл бір ошақтың отын жағып, отбасын құрғандардан 93 адам ажырасуға келген. Одан да көп жыл некеде тұрған азаматтардың да ажырасамыз деп барғандары бар екен. Соған қарағанда ажырасуға әртүрлі жағдай әсер ететін сияқты. Осы адамдардың отбасын ойрандап, жол ортадан жұптарын жазуға қандай жағдай себеп болғанын сұрап көрдік.

Жастар жағы әлеуметтік желіге алданып қалады

Әлеуметтік желіге алданып, интернеттің илеуіне түсіп қалатындар көп екен. Көбі сол Инстаграмдағы сұлулыққа иланып, ВКонтактідегі байлыққа бас ұрып, Фейсбуктегі ақылға ауызы ашылып қала береді. Баяғыдағыдай қазғаз хаттарды бауырлары таситын немесе жеңгесі апарып жеңінен ұстап тұрып таныстыратын заман кеткелі қашан. Қазіргілер электронды хатпен бір-бірінің жүрегін елжіретіп жібереді де, ертеңінде үйлене салады. Оның ақыры көп ұзамай ақ некесін бұзып, ажырасуға алып келеді.

- Көп қыздар мен жігіттер әлеуметтік желі арқылы танысып, артынша үйлене салады. Мысалы, кейбір қыздар өздері жасамаса да әдемі торттар мен неше түрлі тамақтардың суреттерін әлеуметтік желіге салып отырады. Оны көрген жігіт он саусағынан өнер тамған аспаз деп ойлап қалады. Ал ол қыз торт жасағанды қойып, картоп та қуырып көрмеген болуы мүмкін. Кейбір жігіттер біреудің домбырасын ұстап суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктейді. Басына әдемілеп пікір жазады. Оны көрген қыз өнерлі жігіттің өресі биік деп ойлайды. Біреудің домбырасын ұстап тұрғанын қайдан білсін. Міне, осындай жағдайларға алданып, отбасын құрғандар махаббатарын өтіріктің құрбаны қылып алады, - дейді психолог Назигүл Тәубақұлова.

Бұл бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан жағдай екені түсінікті. Интернетте әдеппен иіліп, қасы-көзі қиылып отыратындар көп. Сол адамның қасына жетіп барсаң, әлеуметтік желіден көрген әлгі адамыңды таппай қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Алар жарының ішкі жан дүниесі мен шынайы бет пердесін көрмегендердің махаббаты мәңгілік болмайды екен дейді жобаны жүзеге асырушылар. Ажырасуға келетіндердің айтатын басты себебі осындай.

Банк бақтарын қайтарады

Ажырасуға алып баратын себептің келесісі - кредит. Бағасы қымбат көлікке сүйеніп тұрып, қалтаға қолды салып, шіреніп тұрып түскен суретін әлгінде айтқан әлеуметтік желіге жүктеп қоятындар аз емес. Бірақ солардың тұрмысы мен тұрысы сай болмай шығады. Көлікті банктен несиеге алғанын айтпайды. Оны қойып тойды да кредитке жасайтыны белгілі.

- Көптеген адамдардың ажырасуына кредит себепкер болып жатады. Кредит алып, шашылып той жасайды. Шаш етектен шығынға батады. Ал оны қайтарудың қиыншылығын артынан көреді. Кейбірі несиеге көлік алып алады. Тапқан табысын көлігі мен кредитке салып, отбасына көңіл бөле алмайды. Мұның ақыры тағы да сол ажырасуға алып келеді, - дейді "Бақытты отбасы" жобасының үйлестірушісі Назигүл Ахметқалиева.

Кредит көпшіліктің бас ауруына айналғалы қашан?! Бұл тақырыпты ақындар да жеріне жеткізе айтып жүр. Ақын Рүстем Қайыртайұлы айтыста былай депті:

"Қазақпыз дәстүр, салттан танбайтұғын,

Оларсыз оты түзу жанбайтұғын.

Мысалы, жігітте бар жеті қазына,

Сіздер оның білесіз қандай түрін.

Олардың да бүгінде орны ауысты,

Дүниенің екпінін-ай заулайтұғын.

Жүйрік атың ол қазір - мерседесің,

Майын құйсаң, тұяғы талмайтұғын.

Қолдағы қыран құсың - телефон ғой

Жер дүние, күллі әлемді шарлайтұғын.

Мылтық пенен қақпаның - доллар, евро,

Оның болса, жауың жоқ алмайтұғын.

Өткір пышақ - желі ғой әлеуметтік,

Тіліп айтсаң, соқтыққан сорлайтұғын.

Ал енді иттің орнын не басты деп

Заңды сұрақ туады алмай тыным,

Құмай тазы сол осы - кредит-ау,

Қайда барсаң соңыңнан қалмайтұғын", - деп жырлапты. Халықтың қыр соңынан қалмай жүрген кредит ақ некені бұзуға да себепші екенін есте ұстаған жөн.

- Қазір барлығын ақша шешетін мына заманда жастарға қиын болып тұр. Басында баспана жоқ, қарызға әбден батып кеткен жас отбасылардың махаббатын осы тұрмыстық қиындықтар құртып жібереді. Бұрын ақ сезіммен қосылған жарыңа адал болып, тіршіліктің кез келген қиындығын бірге еңсеретін едік. Қазіргі жастар әлсіз, махаббаттары берік емес. Отбасы болған соң тұрмыстық қиындықтарсыз болмайды. Бірақ шешілмейтін мәселе де жоқ. Асығыстыққа салмай, екі жұп барлық мәселені бірге шешсе, барлығы жақсы болады, - дейді жарты ғасырға жуық отасқан жарымен бірге зейнет көріп отырған Өскемен қаласының тұрғыны Күләш Қалиякперова.

Студенттерге лекция оқып жүрміз

Себебін білген соң салдарымен қалай күресіп жатқандығын сұрадық. Кейбір келіндер енесімен немесе күйеуімен тіл табыса алмай қалады. Бұл отбасы тәрбиесінің жоқтығы. Сондықтан балада тәрбиенің тағаны отбасында дұрыс қаланса, мұндай жағдай көп бола қоймайды дейді психолог маман.

- Біз бұл жағдайдың алдын алуды қарастырып жатырмыз. Сондықтан қазіргі уақытта білім басқарамасымен келісе отырып, колледж, университет студенттеріне дәріс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Студент жастар бұл тақырыптың өзектілігін жақсы түсінеді екен. Белсенді кірісіп, жақсы талқылайды. Сондықтан үкімет тарапынан әлі де қолдау болып, жастармен ертерек жұмыс істесе бұл жағдайдың алдын алуға болады, - дейді "Бақытты отбасы" жобасының үйлестірушілері.

Мамандардың айтуынша, отбасылық жанжал кезінде психологтың, медиатордың жәрдеміне жүгінуді жұртшылық әлі толық үйрене қоймаған. "Отбасыларды ресурстық қолдау орталығы" аптасына 5 күн жұмыс істейтінін оқырман қауымға ескерте кетейік. Барлығы тегін. Орталыққа кез келген жағдайда жүгініп, кеңес алуларыңызға болады. Өскемен қаласы бойынша орталық Қасым Қайсенов көшесі, 55 және Гагарин желекжолы, 20 мекенжайларында орналасқан.

Следующая →