"Елім-ай Көпекті" ежелгі тәсілді жаңғыртып жатыр
Ауыл шаруашылығы бойынша Көкпектінің көсегесі көгеріп тұр екен. Аудан көлемінде 942 ауылшаруашылық құрылымдары тіркеліп, оның 923-і жұмыс істеп тұр. Соның ішінде 14 шаруашылық "асыл тұқымды" статусын иеленген
- 2019 жылдың 8 айының қортындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 15 млрд 360 млн теңгені құрайды. Өсу қарқыны өткен жылғы деңгейге қарағанда 104%. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 103%-ды құрайды, - дейді Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смайлов.
Әкімнің айтуынша, елге аты мәлім "Елім-ай Көкпекті" шаруа қожалығы ежелгі үрдісті жаңғыртып жатыр. Малды қорада қамап ұстамай, жайылымда бағуды қолға алыпты. Жайылып жүріп семірген малдың еті сапалы әрі дәмді болатынын зерттеп білген. Бұл шаруа қожалығы жылдар бойы дамылсыз еңбек етіп, сатылап дамып келеді екен. Бұл бір жағы қазақтың ежелгі мал бағу үрдісін жаңғырту екенін айтады.
Шаруашылығы дамыған аумақтағы тіршіліктің негізгі көзі болған ауызсу мәселесі де айтылды. Ауданда 11 су қоймасы мен 20-дан астам өзен бар. Аудан аумағынан ағатын өзен суларын тиімді пайдалану жағын қарастырып отыр екен.
- 2019 жылы сумен жабдықтау саласы бойынша құны 1745,0 млн теңге болатын 8 жобаға қаражат бөлінді. Осы жобалар іске асырылған жағдайда, орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 14 ауылдан 26 ауылға дейін артады, - дейді әкім. - Сонымен қатар, биыл тағы да 12 ауылдық елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 88,5 млн теңге бөлінеді.
Егінін егіп, малын баққан көкпектіліктердің тыныс-тіршілігі туралы толығымен баяндалды. Қарқынды болмаса да, біртіндеп дамып келе жатқандығы байқалады.