Әкім малмен күн көру "тиімді" екенін айтады
Күршім аудынының халқының саны соңғы 15-20 жылда күрт азайған. Оған екі ауданның біріктірілуі айтарлықтай әсерін тигізді
Әсіресе, үдере көшу тенденциясы шекаралық ауылдарда көптеп байқалады. Осыған байланысты аудан басшылығы талдау жүргізген екен.
- Бұрынғы Марқакөл ауданындағы ауылдардан тұрғындардың көшу тенденциясы байқалады. Ауданнан неге көшетіні жайлы талдау жүргізіп, халықпен кездестік. Ең түпкі, шекара түбіндегі ауыл - Төсқайың ауылдық округіне барғанда, халықтың сұрайтыны - ауызсу, клубтардың келбеті және бұрынғыдай жұмыстарының жандануы, жаңа мектеп. "Осылар болса, бізге ештеңе керек жоқ. Қалған жұмыстарды өзіміз істейміз" дейді ауыл халқы. Урунхайка ауылы да сол - "мектеп керек, мектеп болса, балалар қалады" дейді. Сосын жол мәселесі айтылады. Негізінен халық көшкісі келмейді, - дейді аудан әкімі Дулат Қажанов.
Бұл мәселені аудан басшылары облысқа айтып жүріп, жуықта Төсқайың мектебінің жөндеуіне қаражат бөлгізді. Сондай-ақ, клубтың да заманауи үлгідегі жөнделуі аяқталуға шақ қалды. Ал Урунхайка жері "Лесхоз" шаруашылығының иелігінде болғаннан кейін аудан биілігі ол жерге ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізе алмаған. Енді жер мемлекетке қайтарылды. Алдағы уақытта жол жөнделіп, 80 орынға арналған мектеп салу аудан басшылығының жоспарында.
- Беріліп жатқан несиелер бар. Соны халық пайдалануы керек. Жер бар, мал бар. Қазір мал өсіру, малмен күн көру экономика жағынан тиімді, - деп санайды Дулат Зайсанбекұлы.
Дегенмен, ауданға Дулат Қажанов әкім болып барғалы шекаралық ауылдарға, әсіресе, Марқа өңіріне көңіл бөліп келе жатқаны ерекше байқалады.