БЦЖ екпесін салу тоқтатылды
Елімізде БЦЖ екпесін салу уақытша тоқтатылды. Өйткені Жапониядан тасымалданатын вакцинаның құрамынан күдікті зат табылған
Енді балаларды туберкулезге қарсы егу жұмыстары 2-3 айға кешігуі мүмкін.
Кез келген адамның қолында кішкентай тыртық бар емес пе? Бұл - бәрімізге белгілі БЦЖ екпесінің ізі. Ауызекі тілде айтып жүргеніміз - шетелдік аббревиатура, Кальметт-Герен бацилласы, яғни, туберкулезге қарсы вакцина сәби дүниеге келгеннен кейін 3-4 күннің ішінде салынатын міндетті препараттардың бірі және бала 6-7 жасқа келгенде тағы бір мәрте қайта беріледі. Шетелдік вакцинадан бөгде заттың анықталуына байланысты, енді дүниеге келген шақалақтар дәстүрлі екпені уақытылы ала алмайды және босанған аналардың үйге шағуы да қиындай түскен.
- Екпені уақытша алып тастаудың салдарынан перзентханада ұзағырақ жаттық. Өйткені шығарып алу үшін үйдегі адамдардың барлығы флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс болды. Осы процесс үшін перзентханадан шығуымды кешеуілдетті, - дейді жаңадан босанған ана Дидар Жылысова.
Отандық дәрігерлер 14 жылдан бері Жапониядан шығатын екпені үздіксіз қолданып келген. Биыл өндірушілер вакцина ерітіндісінен қақпақтың сынығын тауып алған. Сол себепті қазір 35 елге жөнелтілген препараттар кері қайтарылып жатыр. Ал бұған дейін балаларына осы екпені салдырған ата-аналардың бірде біреуінен шағым түспеген. Дәрігерлер де өз кезегінде алаңдауға еш негіздің жоқтығын айтып сендіруде.
- БЦЖ вакцинасын алып тастауға вакцинаны өндіруші бума процесінде анықталған бөгде заттарды табуы себеп болды. Бұл шара Жапонияда қабылданған фармакологиялық қадағалау стандарттарына сәйкес келеді, осыған байланысты комитет аталған вакциналарды нарықтан шығарып, вакцинацияны тоқтата тұру туралы бұйрық шығарды. Осы вакцинаны алған балаларға қатысты ешқандай қауіп жоқ, - деп Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызмет сапасын, қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова БЦЖ вакцинасына қатысты түсініктеме берді.
Енді аталмыш екпені Үндістаннан алдыртатын болады. Үндістаннан елге жеткенше әлі 2-3 ай уақыт қажет.