Усть-Каменогорск
малооблачно
-13°
  • Усть-Каменогорск
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    +1°
  • Караганда
    -3°
  • Кокшетау
    -9°
  • Костанай
    -7°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Уральск
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Абайлық Айдос "Толағай сұлтаны" атанды

Көлігіміз көгілдір тауларды бетке алып, Көкпектіге қарай жөңікілтіп барады. Халықаралық "Толағай сұлтаны" болатын өлкеден сұлулық пен батырлықтың ізін іздеп келемін, іштей

Әріптестердің бірі тау сілемінен сәл ғана алыста тұрған Толағай тауын көрсетті. Бірақ Тарбағатайда да Толағай тауы бар дейді. Соған қарағанда, ертегі желісіндегі "Толағай" ұғымы күштілік пен ептіліктің символы болу керек деген қорытындыға келдік өзара. Абылайханның атының ізі қалған өлкеде жігіттің төресін таңдап, темір тұлпар мінгіземіз деген елдің дайындығында мін жоқ екен. Аудан орталығының шет жағына тігілген ақшаңқан кигіз үйлерге барып тізгін тарттық. Көкпектіліктер "батамен ел, жаңбырмен жер көгереді" дегенді ескеріпті. Тоқсандағы Әбен Бағадиев абыз келіп тілшілерге тілегін айтып, батасын берді. Бұқар жыраудың "Тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармасқа", деген тілегінің орындалғаны осы шығар дедік. Той бағдарламасын бағамдап қарап едік, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қазақ күресі, қол күрес, топ бәйге, аралас бәйге, қой көтеру, арқан тарту қатарлы ұлттық спорттың ұпайын түгендейтін жарыстар мен өнер сайыстары өтетіні жазылыпты.

- Бұл өлкеден талай-талай білімді ғалым, білекті батыр, шешен тілді ақындар шыққан. Бүгінгі күні өткен тарихтағы атақ-даңқымызды биіктетіп, "Толағай сұлтаны - 2019" сайысын өтікізіп отырмыз. Сайыскерлерге сәттілік тілей отырып, әркімнің жеңіс туы биікте желбіреуіне тілектеспін, - дейді аудан әкімі Асхат Смайлов.

Торқалы тойға жан-жақтан жиналған жұртпен қатар, құрметті қонақтар да келіпті. Әнші Ерлан Төлеутай, абайтанушы Омар Жәлел, әлем барысы Айбек Нұғымаров сияқты танымал тұлғалар төрден орын алыпты.

- Тарбағатайдан бастау алған осынау дүбірлі мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қазақ бойындағы өнері мен білімін мақтан еткен халық. Бүгінгі тойға шақырсаң келтіре алмайтын құрметті қонақтар келіпті. Бұл аудан әкімшілігінің атқарып жатқан ісінің нәтжиесі деп білем. Аудан жұртшылығына толағайдай табыс тілеймін. Қатысушыларға сәттілік, бүгінгі жарыста, тек, әділдік жеңсін, - деді Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Беделхан Камадханұлы.

Жарыс жамбы атудан басталды

Халықтың қиқуымен бірі - садағын асынып, бірі - бүркітін қолына қондырып, толағай сұлтандары тұлпарларымен топ ортаға шықты. Халықаралық жарысқа Ресей федерациясының Алтай өлкесінен, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарынан және Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан үміткерлерін шақырылыпты. Алайда, автономиялы Алтай Республикасынан келеді деген қатысушы жарақатына байланысты сәйгүлік мінген сайыскерлердің қатарында болмады. Өнеріммен өзгеден озып, біліміммен биіктігімді көрсетем деген 23 қатсыушы Көкпектінің төрінде дүбірлі доданы бастады.

Садағын асынып, сәйкүлігін мінген жігіттер жамбы ату жарысына шықты. Қатарымызда отырған қарт журналист Қайрат Мәліқаждар ағамыз жамбы ату сайысының бәйгесіне бұрын қыз тігіпті деп қызығушылығымызды арттыра түсті. Ат үстінде шауып келе жатып жамбы ату көз мергендікті де, қол мергендікті де қажет ететін секілді. Жауынгерліктің әдіс-айласын үйрететін бұл спорт қатысушыларға қиынға түскендей болды. Бірі адырнаға қол салғанша аты арғы бетке өтіп кетсе, бірінің жебесі желге ұшып жатты. Жебелерін үш нысанға дөп тигізген жігіттер болмады. Тек, ат үстінде жамбастай жатып жамбы атқан өскемендік Слямбек Қабиевтің жебесінің бәрі тимесе де, отырысы оңтайлы көрінді. Сол спорттың арнайы өкілдері болмаған соң айып таға алмадық.

Екінші сайыс теңге ілуде де топтан оқ бойы озып шыққандар болмады. Бірі аттан ауып түссе, бірі еңкейгенмен қолы жерге жетпей жатты. "Қап әттеген-ай" деп қапаланған халық аттың биіктігінен көріп отырды. Арнайы қиғаштай шауып, жамбастай жақындайтын аласа аттар дайындаса болғандай екен дегенді өзара айтып жатты жұрт. Аттары арнайы аласа ат болса, тиынның түгін қалтырмай сыпырып әкететін әккі жігіттер де жоқ емес екен. Еңкейместен ел алдынан шауып өткендері де болды. Бұл сайыста бәске тігілген бес теңгенің үшеуін ілген павлодарлық Батырбек Қошқарбаевтың бәсі жоғары болды.

Жігіт сұлтаны болам деген үміткерлер ат үстінен түспестен аударыспақ ойынын жалғастырды. Қызуқанды ойынға қол соққан халықтың делебесі қозып, дүрлігіп қалды. Не бел кетеді, не белбеу кетеді деген азаматтар алысып-ақ бақты. Белінің бекемдігінің, өзінің ептілігінің арқасында аударыспақтан қарағандылық Тілеухан Нұрхан жеңіске жетті.

Баласына "палуан бол" деп бата беретін қазақтың қай ұлы болмасын күресуден кері шегініп көрген емес. Байқауға келгендердің барлығы да палуан болмаса да қарсыластың алдында қасқайып тұра алатын қайсарлықты көрсетті. Финалда Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаевтан айласын асырған Әкбар Елубайұлы қазақ күресінен алға шықты. Түркістан облысынан келген бұл палуан еркін күреспен кәсіби түрде айналысатындығын және Жастар жылына орай 2019 рет қошқар көтеріп, Қазақстанның КинЭС рекордтар кітабына енгенін естідік. "Күрестен жеңетін жөні бар екен" деп жатты жұрт.

- Бұндай жігіт сұлтанына бірінші рет қатысып тұрмын, үлкен іс-шараға оңтүстік өңірінің үмітін арқалап келдім. Осындай қомақты жүлде тігілген жарыс елімізде бірінші рет шығар. Бұл жарыстың жастарға беретін өнегесі өте көп. Абай шыққан шығысқа келіп өнер көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын, - дейді Әкбар Елубайұлы.

Жігіт сұлтанына қатысушылар спорттық сайысты қол күреспен түйіндеді. Алматылық Мейрамбек Рахымбаевтың білек күшіне ешбірі дес бере алмады. Білектің күшіне сынаумен аяқталған кеш, білімнің сыны, өнердің сырымен ертеңінде жалғасын тапты.

Білекте бірді жыққанмен, білімде мыңды жықпады

Тағы бір күнді артқа тастап тойдың қызығына батқан қалың қауым Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйіне жиналды. Бұл күні жігіттер өнері мен білімін сынға салды.

Өнер сайысында сан түрлі тамашаларды көз көрді. Бірі қамшы өріп өрімшілігін көрсетсе, бірі әнге салды. Алтай ауданынан келген өнерпаз қалжыңға қарқ қылса, өскемендік Слямбек Қабиев Оралхан шығармасынан үзінді оқып ойға батырды. Жармалық Жандос Қалижаров үрлемелі аспаппен "титаник" музыкасын ойнау арықылы озық көрінді. Барлығы да бабында екен дей алмаймыз, өзі әніне, әні өзіне ілесе алмағандар да болды. Өнерім осы деп өлең оқығандар да бар.

Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев алыптардың ұрпағы екендігін дәлелдеді. Кеудесіне тас шақтырып, шегеге жатты. Басымен бөтелке шағып, кеудесіне кірдің тасын тастатты. Бірнеше өнер көрсетіп көпшіліктің көңілінен шықты.

Түркістандық Әкбар Елубайұлы елді орнынан бір тұрғызды. Қазақтың түйе палуан, өгіз палуан деген аңызға айналып бара жатқан атауларын шындыққа жақындата түсті. Ол салмағы 120 келідей болатын тайыншаны 20 рет көтеріп, көпшіліктің көңілінен шықты.

Өз өнерлерін ортаға салған өнерпаздардың кейбірі білім сайысына сақадай сай емес болып шықты. Абай шығармашылығына қатысты сұрақтардың қатары көп болды. Бас ақынның шығармаларын бірі білсе, бірі білмей жатты. Көшпенділердің авторын білмеген өнерпазға халық іштей ренжіп қалғандай болды. Мемелекеттік бағдарламалар туралы сұрақтар қатысушыларға қиындық туғызды. Қазақы дүниетанымға байланысты сұрақтардың қиынынан оңайы көп еді. Бір өкініштісі сұлтандарымыз білім сайысынан көп сүрінді.

Мәрттік мәртебеден биік екен

Сайыстың қортындысын тағатсыздана күткен жұрт алаңдағы ақбоз темір тұлпарға қызыға қарап жүрді. Мен іштей елдің мәртігіне мейірленіп тұрдым. Атымтай жомарт ағайын халықаралық байқаудың қаржысын қалтасынан шығарыпты. Бірі бәйгеге темір тұлпар тіксе, тағы да басқа кәсіпкерлер 1 млн және 500 мың көлемінде қаржылай қолдау көрсеткенін аудан әкімі ризалықпен атап өтті.

Екі күнгі созылған байқауда 8 түрлі сайыс бойынша бақ сынап, қатысушылардан қара үзіп шыққан Абай ауданының үмітін арқалап келген Айдос Үркімбаев темір тұлпарды жеңіп алып, "Толағай сұлтаны - 2019" атағына ие боды. Ал түркістандық Әкбар Елубайұлы 1 млн теңге мен бірінші орын иегері болды. Қарағандылық Тілеухан Нұрхан екінші орын алып, 700 мың теңгені қоржынына салды. Павлодардан келген Батырбек Қошқарбаевқа 3-орын және 500 мың теңге табысталды.

Тойшыл қауым бұл сайысты дәстүрге айналдырса Көкпектінің көсегесі көгереді деп кетті. Келер жылы бұдан жоғары деңгейде өтеріне ел бек сенімді. Ел алдында темір тұлпардың кілтін табыстаған кәсіпкер ағамыздың мәрттігі мәртебеден биік тұрды. Елдіктің белгісі осындай болса керек-ті.

Следующая →