Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Балалықпен шалалық еткендер

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 14-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 20 мыңы жүкті болып, оның 10 мыңға жуығы жасанды түсік жасатады екен

Бұл жасөспірімдер арасындағы жыныстық сауаттылықтың төмендігінен бе?

БАҚ беттері мен әлеуметтік желі парақшаларында сәбиін қоқыс жәшігіне, дәретханаға тастаған жантүршігерлік оқиғалар жиі көрініс табады. Алайда оның себептерімен күресу, салдарын білу жеткілікті дәрежеде айтылмайды. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандық жасөспірімдердің босану көрсеткіші Еуропа елдеріне қарағанда алты есеге көп. Ал әлемде әр жылда жасөспірімдер арасында 3,2 млн жасанды түсік жасалса, еліміз бойынша 1000-нан астам жасөспірім қыз осындай қауіпті қадамға барады. Жасанды түсік жасататындар бұл саннан да асып түсетін шығар. Өйткені, облыста жекеменшік емханалар көп болғандықтан және дәріханаларда арнайы дәрілер емін-еркін сатылатындықтан олардың саны бойынша нақты статистика жоқ. Дегенмен, облыста жылына 14-17 жас аралығындағы 400-ге жуық бойжеткен түсiк жасатады деген бейресми дерек бар. Ал өткен жылы елде 3443 жасөспірім "ана" атанған.

"Соқыр сезімнің жетегінде кеткеніме өкінемін"

Көкпекті ауданы, Амангелді ауылынан Өскеменге жұмыс істеуге келген 17 жастағы Айша (аты-жөні өзгертілді) өзінің жүкті болып қалғанын білгеннен кейін бірге жүрген жігіті тастап кеткенін айтады.

- Аяғым ауыр екенін естіген соң алғашында телефонын өшіріп қоятынды шығарды. Бұрын жиі келіп, кездесіп тұратын едік. Қазір байланысты мүлде үзді, - дейді ол.

Айшаның құрсақ көтергеніне қазір 5 ай болған. Басындағы жағдайды жігітінің анасына айтқан қыз тек сөгіс естіпті, ақыр соңында бұл ауыр жүкті өзі арқалауды ұйғарған.

Ал Самал есімді әйел алғашқы балаға босанғанда 15 жаста болған. Әуелгіде баладан бас тартпақ болғанымен кейін райынан қайтқан.

- Балалар үйіне тастаймын деп ойлағам, тіпті, есігінің алдына дейін бардым. Бірақ тастауға қимадым. Үйге алып келдім. Анам асырап алды, - дейді Самал.

Самал қазір өзінен екі жас үлкен жігітпен көңіл қосып жүргенін, құрсағындағы баласын әкесі тастап кетпейді деп сенетінін айтады.

- Ол (жігітін айтады) 16 жасқа толғанымда маған "үйленем" деп уәде берді. Құрсағымдағы баланы алдырып тастауға қимадым. Бір жағынан ол кезде өзім де бала болдым ғой. Сол бір сезімнің жетегінде кеткеніме өкінемін, - дейді көзіне жас алған жас ана.

Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға сағат бөлмейтін ата-ананы ма, әлде сол жасөспірімнің араласатын ортасын ба?! Әркімнің тағдыры әр түрлі. Бірі балалықпен шалалық етсе, енді бірі албырт сезімнің жетегіне ереді. Осылайша от басқан кейбір бойжеткендер ата-ана мен сүйгенінен қолдау таппай жатады. Ондайда бірі түсік жасатса, бірі бойына біткен сәбиден бас тартпақ емес.

Жалпы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста 2017 жылы ерте жүктілік бойынша 304 бойжеткен есепке алынған. Былтыр, яғни, 2018 жылы облыста 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 402 жүктілік фактісі тіркеліп, олардың 300-і босанды, 102-сі түсік жасатқан. Ал 2019 жылдың басынан бері облыста 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 171 жүктілік фактісі тіркеліп, олардың 130-ы босанды, 41-і түсік жасатқан.

Бұл тек ресми деректер. Жалпы жүкті болғандардың көбі партада отырған аналар. Яғни, әлі мектеп қабырғасында білім алып отырған оқушылар. Ал олардың материалдық және моральдық қиындықтары жастық өмірімен ерте қоштасуға, жасанды түсік жасатуға, сәбиін жетімдер үйіне өткізуге немесе қоқыс жәшігіне тастап кетуге әкеп соқтырады.

- Ерте жыныстық қатынасқа түсу жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын бұзады. Қыздар 9-10 жастан, ал ұлдар 12-14 жастан жыныстық тұрғыда жетіле бастайды. Жасы келгенмен бойжеткен ана болуға психологиялық, гармондық жүйеде дайын емес болады. 5 жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің орташа есеппен 23%-ға төмендеуі байқалады. Облыста жүкті болған жасөспірімдердің ең кішісі 14 жаста, - дейді басқарма басшысының м.а Гүлнар Шарипова.

Тексеріс тежеу бола ма?

Енді бойжетіп келе жатқан өрімдей қыздарды осындай қатерден қалай сақтауға болады? Ол үшін не істеу керек? Мәселен, 2009 жылы облыстық Прокуратура 2 айдың ішінде 3 оқушы қыздың сәбиді далаға лақтырып кеткенін анықтағаннан кейін облыстық Білім басқармасына оқушы қыздарды тоқсан сайын гинекологиялық тексерістен өткізіп тұру туралы ұсыныс жасаған. Алайда елімізде соңғы жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, гинеколог мамандардың оқушы қыздарды жаппай тексеруіне тыйым салынған болатын. Десе де, көк жағалылардан келіп түскен ұсынысты ақ халаттылар да құп көріп отыр.

Сөзімізге дәлел, осыдан 3 жыл бұрын Алтай қаласындағы көше кезіп жүрген үйсіздер қоқыстардың үйіндісінен мөшекте оралған жаңа туған сәбидің денесін тапқан. Сәби бірнеше күн бұрын жан тәсілім етсе де, медицина қызметкерлері сәбидің аман-сау туылғанын және мөшекке тұншығып қалғанын дәлелдеген. Қатыгез ана сол беті табылмады, полиция жасөспірім қыздың ауруханада тіркелмегенін анықтаған.

Түсік жасататын дәрілерге сұраныс көп

Камила - дәрігер-фармацевт. Оның айтуынша, медикаментозды түсік жасатуға мүмкіндік беретін дәрі-дәрмек нарықта көп сұранысқа ие.

- Бұл дәрілерді алып, үй жағдайында қалай қолдану керектігін қазір барлық қыздар ғаламтор арқылы біледі, оның үстіне қағазда да барлығы жазулы. Дәрігердің нұсқауымен, арнайы рецептімен келетіндер аз, көбі өзінің бастамаларымен келеді. Ал заң бойынша, мұндай дәрі-дәрмектер еркін әрі қолжетімді түрде сатылады, тек жасында ғана шектеу бар. Әрбір қыздан оның куәлігін сұрап отыра алмаймыз, оның үстіне, қазір мектеп жасындағы қыздардың түрі едәуір үлкен көрінеді немесе тіпті болмаса, таныстары арқылы сұратып ала салуға ешкім кедергі емес. Мен сатып алушыға үнемі нұсқаулықпен танысып шығуды, дәрігермен кеңесуді және түсіктен кейін міндетті түрде УЗД жасатуды айтып отырамын. Ал контрацептивтік заттарды бозбалалар сатып алуға жиі келмейді, көбі ұялып сұрайды, - дейді Камила.

Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі жоспарлы емес жүктіліктің алдын алатын бірқатар ұсыныстарды алға тартқаны да есімізде. Олардың бірі - контрацептивтік заттарға қол жеткізу, басқаша айтқанда мектеп оқушыларына мүшеқаптарды тарату. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева қыздардың ата-аналарының рұқсатынсыз жүктілігін тоқтата алатын жасын азайтуды ұсынған.

- Жасөспірімдер 16 жасында жеке куәлік алады, соған сәйкес 16 жастан бастап медициналық қызметке кіру туралы тәуелсіз шешім қабылдай алады. Халықаралық сарапшылар бұл тәжірибе басқа елдерде де кездесетіндігін айтады, - деп ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева Парламентте өз ұсынысын білдірген.

Ұлт алдындағы ұрпақ мәселесі

Белгілі болғандай, Денсаулық сақтау басқармасы жас қыздарды жоспарланбаған жүктіліктен қорғау мақсатында контрацептивтік заттар сатып алуға қаражат бөлуді енді ғана қолға алған. Бәлкім, бұл да жүктіліктің көп тарауының негізгі себебі шығар. Алайда қазақ менталитеті көп жағдайда үйде отырып, жүкті болған қызды сынға алып, қоғамнан шеттететіні тағы бар. Сондықтан көп жасөспірімдер не айтпай аборт жасатады, не үйден кетіп қалып, бала туып, оны тастап кетіп жатады. Міне, дәл осындай жасырын жасалған аборттан кейін жасөспірімдер арасындағы мәселенің ушығып бара жатқанын аңғару қиын емес. Еліміздің ертеңі саналатын қыздардың еркелігінің соңы ессіздікке ұласса, оның себебін қайдан іздейміз?

- Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің өсуі, жасөспірімдер арасындағы некелер мен жасөспірім аналар, ерте жаста түсік жасау, кәмелетке толмаған аналардың жаңа туған нәрестелерінен бас тартуы сынды жағдайлар санының артуы, жаңа туған нәрестелер мен аналар арасындағы өлімінің жоғары болуы, кәмелетке толмаған қыздардың дамуында патологиясы бар нәрестелерді дүниеге әкелуі, қыздар арасындағы суицидтердің көбеюі - осының бәрі еліміздегі демографиялық жағдайға кері әсерін тигізеді. Бұл ұлттық деңгейдегі мәселе, - деді Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Майра Айсина.

Шынымен, балиғатқа толмаған қыздардың ерте тұрмыс құруы мен балалы болуы - мектепті тастап кету, жоғары білім алмауға және жұмыссыздыққа әкеледі. Өзі әлі бала, бірақ ана болған соң өз баласын тәрбиелеуі керек, жетілдіруі керек. Ал мемлекетімізде жасөспірімдердің жүктілігін, түсік жасауды, кәмелетке толмаған аналардың өз нәрестелерінен бас тартуын болғызбауға бағытталған бірде-бір тиімді бағдарлама жоқ. Тіпті, бұл мақсатта білім беру мекемелерінің жауапкершілігі көп болса да, келелі жиын мен отырыстардан аспай отыр.

- Мектептерде балалардың жыныстық тәрбие жөніндегі білім деңгейін көтеру мақсатында түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп тұрады, - дейді Білім басқармасының тәрбие жөніндегі мамандары.

Айта кетейік, жасөспірімдер тек қауіпсіз жыныстық қатынас шарттарын сақтамағандықтан жүкті болып жатқан жоқ. Бұл құбылыстың тағы бір себебі - мыңдаған жас қыз кәмелетке толмаған күйі ұзатылып та жатыр. Президент жанынан құрылған Отбасы-демография саясаты және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық бюроның дерегіне сәйкес, Қазақстанда орта есеппен жылына үш мыңға жуық 18 жасқа толмағандардың некесі қиылады екен.


Следующая →