Баланы мектеп пен балабақшаға қалай орналастыруға болады?
Әлеуметтік желі парақшаларында ата-аналарға ақысын төлесе, баласын балабақшаға орналастырып беру қызметін ұсынатындар көбейген
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті халықты бұндай алаяқтарға алданып қалмауға шақырады.
"Құрғақ қасық ауыз жыртады" дегендей балаларды балабақшаға оп-оңай орналастыру үшін, тіпті, кейбір пысықтар өз қызметін 20 мың теңгеге бағалайды екен.
- Балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру үшін облыс аумағында жалпы қолжетімді ақпараттық порталдар жұмыс істейді: Өскемен қаласында - garden.oouk.vko.gov.kz, Семей қаласында - garden.bilim-semey.gov.kz, Курчатовта - garden.kurchatov.vko.gov.kz, Риддерде - garden.ridder.gov.kz/ru/, Тарбағатай ауданында - garden.tarbagatay.vko.gov.kz, - деді департамент мамандары.
Ал қалған 14 ауданда мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарына баланы тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі vko.ddo.kz ақпараттық порталы арқылы жүзеге асырылады. Яғни, баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін де аталмыш сайтты электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы пайдалану қажет. Бұл порталдарда балабақшаға жолдама алу процесі қарапайым және түсінікті. Ең бастысы - бұл жерде қызмет тегін көрсетіліп, 24/7 режімінде жұмыс істейді. Қызмет көрсету мерзімі өтініш берген сәттен бастап 5 жұмыс күнді қамтиды. Сайтта қажетті ақпарат пен байланыс мәліметтерін толтырып, келесі құжаттардың сканерленген көшірмелерін қоса беру қажет: ата-аналардан өтініш; баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; денсаулық жағдайы туралы анықтама (медициналық пас-порт); 3х4 екі фотосуреті.
- Ал әлеуметтік желі арқылы қызметін ұсынып жүрген делдалдар баланың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), телефон байланыстарын және сіздің дербес деректеріңіз болып табылатын өзге де мәліметтерді сұрайды. Мұндай деректерді олар өз жымысқы әрекеттеріне пайдалануы мүмкін. Сондықтан ешкімнің көмегінсіз өзіңіз де балаңызды балабақшаға орналастыра алатындығыңызды еске саламыз, - деп қосты ведомство мамандары.
Instagram әлеуметтік желісі арқылы осындай қызмет ұсынған бір қолданушыға департамент тарапынан ескерту де жасалған екен.
Белгісіз себептермен өз баласын жоғарыда көрсетілген порталдар арқылы балабақшаға орналастыра алмай жүрген ата-аналар Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1 мекенжайы бойынша орналасқан облыстық Білім басқармасынан көмек сұрай алады. Байланыс телефондары: 70-23-57, 70-20-86.
Айта кетейік, құжаттар тізбесінен мекенжай анықтамасы алынып тас-талды. Сондай-ақ, бірінші сыныпқа оқушылардың құжаттарын қабылдау 30 тамызда аяқталады.