Көмірге қарағанда көгілдір отын тиімді
Зайсан ауданындағы 10 елді мекен көгілдір отынға қосылған. Биыл және келер жылы тағы 9 ауыл көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс
Қазіргі уақытта ауданда 3,5 мың тұрғын үй, 5 мектеп, 88 сауда және 17 бюджеттік нысан қосылған.
Қаладағыдай!
"Бізге де өркениет келді-ау" деп Айнабұлақ ауылының тұрғындары қуаныштарын жасыра алмады. Ауыл тұрғыны Бибігүл Көпенова бұрын жылыту маусымы басталысымен аязды күндері таң сәріде тұрып, үй мен көмір қора екі ортада жүріп,
үйдің жылынғанын сарыла күтетін. Кейде пеш тартпай, үйдің
аңырап тұрған кездері де аз болмаған.
- Ауылға газ тартып жатқанда біз бірден қаражатты жинай бастадық, - дейді Бибігүл Көпенова. - Жаңа газ пеші үшін 100 мың теңге және газ құбырын үйге дейін кіргізіп бергенге қосымша 50 мың теңге бердік. Ешқандай өкініш жоқ. Керісінше, жылы, таза.
Газ тартуға кеткен шығынды тұрғындар осы қыста-ақ ақтап алған. Қарапайым ғана арифметика: Зайсандағы көмірдің бір тоннасы 12 мыңнан 14 мың теңгеге дейін жетеді.
- Қысқы мезгілге КамАЗ-бен әкеліп түсіретінбіз, ол шамамен 100 мың теңгеге жететін. Оған отынды қоса беріңіз... Газды бізге өткен жылдың қазан айынан бері кіргізіп берген. Сол кезден осы жазға дейін 30 мың теңгеден астам сома төледік, айырмашылық бар, әрине, - дейді Бибігүл Көпенова.
Аз-аздан, үздіксіз...
Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін газбен жабдықтау коммуналдық қызметінің құны көптік етпейтін сыңайлы, айына 6-7 мың теңге қалтаны қаққаны болмаса... Жалпы Зайсан ауданының тұрғындарын газбен қамтамасыз ету басталғаннан бері газ, қосымша құн салығын қосқанда, бір текше метрі үшін 11,22 теңгеге төмендетілген бағамен жеткізілуде. Бұл - табиғи газдың республикадағы ең төмен бағасы. Сондықтан Айнабұлақтың 320 үйінің 200-і көгілдір отынды орталықтандырылған түрде пайдаланады.
- Қалғандары қаржы жинап, пеш орнатып жатыр, - дейді Айнабұлақ ауылдық округі әкімдігінің маманы Гүлмира Қабдоллина. - Барлық тұрғындар газдың кіргізілуін қалайды. Мердігер ұйым жұмыс істеп тұр. Бірнеше үйден өтініш келіп түссе, келіп, тез қосып беріп кетеді.
Айта кетейік, 2015 жылы "Тарбағатай Мұнай" ЖШС (газды және мұнайды барлау және өндірумен айналысатын Шығыс Қазақстандағы компания) Зайсан қаласы мен тоғыз елді мекенге газ құбырын тарту құрылысын аяқтаған. Бұл - Зайсан ауданының Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен-Қаратал ауылдары. Жобаның құны - 2,37 миллиард теңге. Сонымен қатар, тағы сегіз елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Олар: Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдары. Магистральдық жеткізу желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы бар. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ол үшін қазынадан 89,6 миллион теңге жұмсалған. Мұнда тағы 1800 абонентті көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр, ал газ құбырының жалпы ұзындығы 248 км құрайды.
Басқа аудандарға қашан тартылады?
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандарының айтуынша, Үржар, Күршім және Тарбағатай ауданын газбен қамту үшін автоматтандырылған газтаратушы бекеттер мен магистраль тораптардың құрылысы басталады. Барлығы 20 мыңдай үй қамтылмақ.
Аталған аудандардың ішінде Тарбағатайдың үлесі көп. Онда 24 ауыл (35 мың адам) газбен қамтылады. Соның ішінде Тұғыл, Қабанбай, Ақжар, Жаңатілеу, Ақсуат, Қарасу, Ақмектеп, Шолақорда сынды сегіз елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажет бюджеттік өтінім облыстық комиссияның қарауында
жатыр.
Ал Күршім мен Үржар аудандарындағы барлығы 28 ауылға (14 ауылдан) көгілдір отын барады.
- Сарыбұлақтағы (Зайсан ауданы) газ қоры қанша екенін нақты айта алмаймыз, шамамен, 5,5 миллиард текше метр, - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова. - Қазақстан мен Қытай арасында осы жерде өндірілген газдың жартысы ел нарығында пайдаланылатыны туралы келісімшарт жасалған болатын талай жыл бұрын. Ал оның екінші жартысы Қытайға өтеді.