Темір жолдағы түйіткілдің түйіні шешілуде
Көптің қалауы орындалып, Өскемен вокзалындағы қысқа перрон ұзартылып жатыр
Әр жыл сайын газет бетінде Өскемен вокзалындағы перронның ыңғайсыздығы және оның жөндеуді қажет ететіндігін мәселе етіп көтеріп, жазып келеміз. Бұл шынымен де халықтың титығына тиіп біткен мәселе. Өйткені перрон қысқа, ал пойыздың ақырғы вагондарынан түсіп-шыққандардың аяғы жерге жетпей, аяқтарының астына шелек қойып, бір-бірін демеп әуре-сарсаңға түсетін. Жағдайды біраз жеңілдету үшін қиыршық тастар да сеуіп қойған. Бірақ одан қауіп еш сейілген жоқ. Өйткені пойызбен қария да, жас та сапарлайды. Жастық жалынмен бұл кедергі білінбесе, егде жастағыларға қиынға соғатын.
Бұл мәселе көтерілгелі біраз уақыт болса да, әйтеуір биліктегілердің құлағына жеткендей. Халық шағымданды, жолаушылар әр келген сайын перронды сөз қылды. Бірақ осы жазда Өскеменнің тұрғындары Өскемен вокзалы темір жолының бойында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын байқаған. Жақында “Youtube” әлеуметтік желісіне белгісіз автор перронның жөнделіп жатқан видеосын салған болатын.
- Перрон шамамен пойыздың 17-ші вагонына дейін ұзартылып жатқан көрінеді, - деп жазды видео авторы. - Жұмыстың жүргізілу барысында перрон болатын жерге қиыршық тастар мен бетон төсеніштер салып, кейін үстінен сұйық бетонды құйған тәрізді.
Иә, жөндеу жұмыстарының жүріп жатқаны рас екен. Анықталғандай, перронның ұзындығы - 150 метрге дейін созылады.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы темір жол желілері "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның құзырында. Ал шығыстағы темір жолды "Семей магистральдық темір жол желісі" өз қарамағына алған.
- Біз перронның жөндеу жұмыстарын өз қолымызға алдық. Өскемен қаласында теміржолдың әр бөлімшесінен бірнеше адамды алып, құрылыс жұмыстарына қатыстырдық. Перронды жөндеуді бұрыннан бері жоспарлағанбыз, алайда қаржы тапшылығы осы уақытқа дейін жоспарымызға кедергі болды, - дейді "Семей магистральдық темір жол желісі" директорының орынбасары Әлібек Шуманов.
Құрылыс жұмыстары аяқталуға да жақын қалған екен.
- Құрылыс жұмыстарын 20 күн бұрын бастағанбыз. Қазіргі уақытта перронның 100 метр жері құйылып бітті. Толықтай жұмысты теміржолшылар күніне, яғни тамыз айының алғашқы демалыс күндеріне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді "Семей магистральдық темір жол желісі" сигнал беру және байланыс дистанциясы жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Саит Әділбаев.