Глубокоеде ел игілігі үшін атқарылар шаруа көп
Глубокое ауданының қойнауы полиметалды рудаларға бай екені белгілі. Бір кездері кен байыту саласында көш бастаған ауданда қазіргі күні біраз кәсіпорындар тұралап тұр
Десе де кенге бай ауданның соңғы жылдары халқы да азайып жатқаны жасырын емес. Көбі көрші Ресей мемлекетіне, Германияға қоныс аударуда (орыстар (70,58%), қазақтар (23,76%), немістер (2,12%), украиндар (1,10%), татарлар (0,87%), белорустар (0,42 %). Ал жастардың дені ауданда тұрады дегенмен, нәпақасын Өскеменнен табады. Алайда мұнымен ауылдар бос қалып жатқан жоқ. Аудан ауылдарында кемі 1000-ға жуық тұрғын тұрады. Енді жергілікті әкімдік осы ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтына, бос уақыттарын тиімді өткізу жолында жұмыстар атқарып жатыр.
Спорт кешені пайдалануға беріледі
Шілденің соңына қарай ауыл тұрғындары таза ауада спортпен шұғылдана алады. Спорттық кешен Глубокое ауданы әкімінің және демеушілердің қаражаты есебінен жабдықталып жатыр.
Қазіргі уақытта Предгорное ауылында шамамен төрт мың адам тұрады. Алайда осы уақытқа дейін аталмыш ауылда бірде-бір спорт алаңы болған емес. Сол себепті әмбебап кешен құруға негізі бар.
Алаң бірнеше аймақтан тұрады және 1200 шаршы метр аумақты алады. Бірінші аймақ - хоккей қорабы, жаз мезгілінде бұл аймақ жасанды көгалмен жабылып, футбол алаңына айналмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлінген.
- Құрылыс жұмыстары басталды. Алдымен біз бүкіл аумаққа құм-қиыршық тас қоспасын төгіп, тегістейміз, одан кейін жасанды шөппен жабамыз, - деді Краснояр ауылдық округінің әкімі Олег Егоров. - Ал алаңның қасында орналасқан бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның бос ғимаратын киім ілу, заттарды қоюға арнамақпыз. Сол кезде нағыз спорт кешені болады.
Олег Владимировичтің айтуынша, жұмыстардың барлығы шілде айының соңында аяқталуы тиіс. Содан кейін жаңа спорт кешені тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де таптырмас сауықтыру орны болмақ.
- Мен бұл жердің адамдар көп жиналатын орын болатынына үміттенемін. Жергілікті тұрғындар, балалар, мектеп оқушылары осы жерде уақыттарын пайдалы әрі қызықты өткізе алады, - деді ол.
Жоспарлар, атқарылатын жұмыстар әлі де бар. Күзге қарай жергілікті демеушілердің қаражаты есебінен хоккей қорабының маңындағы жүгіру жолағы, сондай-ақ, баскетбол және волейбол алаңы жөнделмек.
Саябақ бой көтереді
Шілденің соңына қарай Верхберезов ауылында абаттандырылған саябақ тұрғындардың игілігіне берілмек.
"Тополек" саябағын абаттандыру жұмыстарына 10 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Мұнда балаларға арналған әткеншек, сырғанақ және тағы басқалары орнатылады. Балалар алаңынан бөлек, спорттық жаттықтыру алаңдары салынып жатыр.
- Бұл маңайда колледж, мектеп, балабақша бар. Сондықтан саябақты осы ауылдың ішінен ашуды жөн көрдік. Көгалдандыру, қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар қазірдің өзінде ойнап жүр. Оларға тыйым сала алмаймыз. Негізі саябақ бұрын кеңестік өкімет кезінде болған, бірақ әбден тозығы жетті, - дейді Верхберезов ауылының әкімі Талғат Қабденұлы.
Балалар алаңы болса да мотоциклмен жол қысқартпақ болып, саябақты кесіп өткендерді көз көрді. Ауыл әкімі жол кесушілерге ескерту жасап, бұл жерде балалар жүргенін батыра айтты. Дегенмен алдағы уақытта саябаққа арка қойылып, қоршалған соң, мұндай олқылықтар болмайтынына уәде етті.