Усть-Каменогорск
ясно
+2°
  • Усть-Каменогорск
    +2°
  • Алматы
    +17°
  • Нур-Султан (Астана)
    +8°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +19°
  • Атырау
    +22°
  • Караганда
    +6°
  • Кокшетау
    +8°
  • Костанай
    +6°
  • Кызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +18°
  • Уральск
    +16°
  • Шымкент
    +19°
$
444.22
+0.37
476.38
+2.08
¥
61.31
+0.06
4.82
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Шетелдік озық тәжірибеге сүйенеді

Жанның байлығы - деннің саулығы. Ал халықтың денсаулығын сақтау - мемлекеттің мойнына артылған басты міндеттердің бірі

Елдегі денсаулық сақтау саласы бүгінге дейін сыннан арылған емес. Жұрттың денсаулығына жауапты ведомстволарға тағар айып та көп. Өйткені қарапайым тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса, емханадан қажетті ем ала алмай, әбігерге түсіп, қызмет көрсету сапасы сенімді ақтамай жатады. Алайда бұл олқылықтар Глубокое аудандық аурухасында жолға қойылған десек болады. Өйткені аурухана - табалдырықтан бастап заман талабына сай жаңғырған, түрлі профильді мамандарды шоғырландырған жедел диагностикалау мен пациенттерге жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуде бар жабдығы мен жайы сай ауруханалардың бірі.

Цифрлы жүйе уақытқа үнем

Глубокое аудандық ауруханасы шетелдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, науқастарға барлық жағдайды жасап отыр. Мекеме жедел жәрдем көлігімен жеткізілген пациенттердің ағымын реттеп, науқастың жағдайына байланысты "аса шұғыл" және "шұғыл" деп алғашқы медициналық көмек көрсету уақытын ұтымды пайдалануда. Бұл аса қатты науқас үшін әрбір сәттің маңыздылығын ескеруден туындайды. Сонымен бірге, жоспарлы түрде емделуге келген науқастар үшін де қабылдау ережесі бар. Олар бұрынғыдай әртүрлі мамандардың қабылдауына кезек күтіп, уақытын өткізбейді. Барлық күш пациенттің ауруханада болған күндерін қолайлы етіп, оның тез айығып кетуіне жұмсалады.

Мұнда медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар баршылық. Солардың бірі - SOS жүйесі (шұғыл шақыру пульті). Қабырғадағы бұл пернетақтамен ауыр жағдайда түскен науқастарға жедел көмек көрсетіледі. Яғни, инновациялық жоба - батырманы басып, қажетті дәрігерді шақырту құралы.

- Бұрыннан бері осындай сымсыз жүйені орнатуды қалағанбыз. Электронды қызмет "Денсаулық" бағдарламасы негізінде орнатылды. Пернетақтада хирург, реаниматор, гинеколог, терапевт, педиатр, зертханашы, рентген зертханашы, күзетші, антитеррор деген батырмалар тұр. Сол батырмаларды басу арқылы қажетті маманды қабылдау бөліміне шақыртамыз. Осы жүйемен негізінен қаңтар айынан бастап жұмыс істей бастадық. Бұл пульт, тіпті, әлі қалалық ауруханаларда жоқ, - деп аға медбике Гүлнар Шәкіртқызы жаңаның жақсылығымен таныстырды.

Иә, шынымен, бас медбике батырманы басқанда қоңырауды арғы жақтан дәрігер қабылдап, небары 15 секундтың ішінде маман біз отырған бөлмеге жүгіре кірді. Бұндай жылдамдықты көрген біз таңғалыстық. Жүйе әрбір бөлімдегі дәрігерлер мен медбикелердің арнайы телефонына қосылған. Сол арқылы жауап береді және науқасқа жылдам келеді. Тағы бір қоса кетерлігі, ауыр және бақылаудағы науқастар үшін арнайы білезік бар. Науқастар арнайы білезікті өзімен үнемі киіп жүреді және кез келген уақытта, кез келген жерде кезекші медбикені шақырта алады. Сонымен қатар, аурухананың бас дәрігері электронды жүйелерге қосылған, одан бөлек орталықтандырылған жүйені компьютермен басқарып отырады.

- Кешенді ақпараттық медициналық жүйемен жұмыс істейміз. Мен өз жұмыс үстелімдегі компьютерімнен барлық жайттарды, яғни, қабылдауға келген адамдардың уақытын, көмекке жүгінген адамдардың саны, олардың диагнозы мен аурулардың тарихын көре аламын. Бұл ақпараттарды талдап, қызмет сапасын жақсартуға және олқылықтарды жоюға өте қажет. Жалпы аудандық ауруханаға қарасты 15 дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық пункт бар, - деп атап өтті бас дәрігер Қайрат Беделманов.

Дәрігерлердің қағазбастылықтан арылуы да тұрғындарға көрсететін қызмет сапасын жақсарта түсетіні анық. "2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлы нұсқада жүргізуге көшуге тиіс" деген тапсырманы аудандық аурухана есінен шығармаған. Қалай дегенмен де, бұл қадамдардың дәрігерлер жұмысын жеңілдетудің және науқастарға сапалы қызмет көрсетудің жолы екеніне көз жеткіздік. Бұл тұста жүктелген міндеттерді сапалы орындауға, жергілікті халықтың өсуіне, денсаулықтарының жақсара түсуіне аурухана дәрігерлері де мүдделі.

Заманауи жабдықтар тұрғындар игілігіне

Аурухананың барлық ғимараты мен бөлімдерін аралап шықтық. Әркім өз ісімен шұғылданып жатыр. Ең бірінші байқағанымыз аурухананың күн тәртібі ретке келтірілген екен. Тіркеу бөлімі сағат 7-ден, зертханалар 7.30-дан 10- ға дейін жұмыс істейді. Ал дәрігерлер сағат 8-ден 20-ға дейін жұмыс істейді (кесте бойынша). Дәрігерлердің айтуынша, мұндағы зертханалық және прорцедуралық кабинеттер маңында сағат 9-да, тіпті, адам қарасы азаяды. Себебі мамандар жеткілікті әрі талдау өткізушілерді бөліп қабылдайды.

- Әр жыл сайын жабдықтарды жаңартып отырмыз. 94% жаңа медициналық құралдармен жаблықталған: заманауи УДЗ, 5 ЭКГ, 8 ИВЛ аппараты, әмбебап ота үстелі, төсек жанындағы монитор, нәрестелер үшін инкубатор, гастрофиброскоп, кольпоскоп және тағы басқа жабдықтар бар. Енді 2-3 құрал алсақ, сонымен 100%-ға жеткіземіз, - дейді аурухана меңгерушісі Шәріпхан Сансызбайұлы.

Одан бөлек 6 орынды жан сақтау бөлімі, процедуралық кабинеттер, ота залдары талапқа сай жабдықталыпты. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда жүрек қан-тамырларының ауруларынан басқа барлық ауру түрлеріне, оның ішінде эндоскопиялық оталар жасалады. Аудандық аурухананың балалар мен перзентхана бөлімінің жағдайы да оң. Бүлдіршіндерге ем-дом жасайтын, сауықтыратын және ойын бөлмелері бар. Қабырғалары ертегі кейіпкерлерімен безендіріліп, науқастар палатасы мен балалар бөлмесі, асхана қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал перзентхана бөлімінде дәрігерлер сәбилердің дүниеге келуіне барынша ынта қойған. Мұнда босанатын әйелдердің жеке бөлмелері бар, ал кесер тілігімен босанатын ота залы бөлек. Күніне орта есеппен бұл ауруханада 2-3 сәби жарық өмір есігін ашады.

- Енді аудан бойынша травматологиялық пункт ашу жоспарда бар. Себебі халықаралық тасжол болғандықтан апаттар жиі болады. Оған да арнайы құрылғылар қажет. Сонымен қатар, алдағы уақытта Прапорщиковтағы апатты ғимарат жөнделеді, Верхберезовка ауылдарына амбулатория салынады. Жұқпалы аурулар бөлімінде тубқызметті жаңартып жатырмыз. Тағы да қосымша қаражат бөлсе тіптен керемет болар еді, - деп қосты аудандық аурухананың бас дәрігері Қайрат Беделманов.

Мамандар тапшылығы сезіле ме?

Ауданның 64 мың тұрғынын қабылдауға қауқарлы аурухана қызметкерлерінің 70-80 пайызы жастар. Айта кетерлігі соңғы 5 жылда 105 жас маман баспаналы болды (оның ішінде 35 дәрігер, 70-тен астам фельдшер және медбике). Тек 2018 жылы ғана 27 жас маман (8 дәрігер және 19 орта медициналық қызметкер) ауданның денсаулық сақтау саласына еңбек етуге келген. Олардың қатарында оңтүстіктен келген мамандар да бар. Ал мамандар тапшылығы "анау айтқандай" емес. Тек онколог пен жұқпалы аурулар дәрігеріне ғана мұқтаж.

- Аурухана қызметкерлерінің біліктілігі жоғары деңгейде деп сеніммен айта аламын. Мектеп жақсы қаланған. Бізде істеген кейбір дәрігерлер елордамыздағы озық ауруханаларда жұмыс істеп жатыр. Ал "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы ауданымызға жастар да көптеп келеді. Негізінен осы бағдарлама - жақсы бағдарлама. Осылай ары жалғаса берсе екен. Жастар бір реттік төлемдерін алып, пайызсыз несие мен баспана алып, ауылда қалып жатыр. Жас мамандар оқуларын бітіре сала үй алса жақсы ғой. Бұл - үлкен мүмкіндік, қолдау, - дейді аурухана меңгерушісі Шәріпхан Сансызбайұлы.


Следующая →