Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Зеңгібаба кәсібі - көпбалалы аналардың бүгінгі нәсібі

Аймақтағы көпбалалы аналар өз кәсіптерін аша бастады. Бұл бастаманы "Ауылшаруашылығын қолдау қоры" АҚ қолдап отыр

Қазақ үшін мал шаруашылығы атам заманнан бері сарқылмас ірі қоры екені тарихтан белгілі. Бабаларымыздың "мал-әулие, малсыз болсаң, жарылқар қай әулие" деп тауып айтқан сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шынымен, ақшаң болса сыйлысың, болмаса... Енді көпбалалы аналар қадірлерін жоғалтпау үшін, ел арасында сыйлы болып, ешкімге алақан жаймас үшін, бала-шаға қамы үшін кәсіптерін бастап жатыр. Солардың бірі - облыс орталығынан 500 км жерде орналасқан Үржар ауданының Көлденең ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Бақтыгүл Елекенова.

5 баласы бар көпбалалы ана "Ауылшаруашылығын қолдау қоры" АҚ арқылы алатын несиеге қол жеткізіп отыр. "Қол жеткізді" дейтін себебіміз бүгінде, тіпті, несиені ала алмай, талай есікті тоздырып жүргендер жетерлік. Алайда бұл жылы аймақтағы көпбалалы аналарға ерекше қолдау бар. Себебі олар ешқандай кезекті күтпестен өтініш білдіріп, несие алып, кәсіптерін аша алады. Бақтыгүлдің "ата кәсіпке" деген үлкен бетбұрысын көріп, өзімен біраз тілдестік.

- 4-6%-бен қордан 4 млн теңге қаржыны несиеге алып отырмын. Бұл қаржыға 16 бас ірі қара мал аламын. Оларды сауып, сүтін өткізіп, әр түрлі өнімдер жасап сату, мал басын көбейту жоспарда бар. Өзімізде 3 сиыр бар. Бұнымен шектелмеуді жөн көріп, өтініш білдірдім. 5 балам бар, 2 балам студент, 3 балам мектеп жасында. Оларды оқыту керек. Жолдасымның да жеке шаруа қожалығы бар. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырмыз. Көпбалалы аналарға кәсіп ашуға үлкен мүмкіндік туып отыр, - дейді Бақтыгүл.

Көлденең ауылы Үржардан 30 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы тұрғындар сүттің литрін 100 теңгеден өткізіп, күнделікті нәпақасын табады. Ал ауданда "Алғабас" ШҚ, "Үржар сүт" СПК сияқты сүт өндіру зауыты мен сүт қабылдау пунктері бар. Бақтыгүл Елекенова несие шарттарымен танысып, үйін кепілдікке қойған. Енді кәсібін дөңгелетсе, тағы 2 жұмысшы алмақ ниетте.

Осы уақытта Көкпекті ауданы, Ажа ауылынан келіп отырған тағы бір көпбалалы ана кәсібін ашуға несие рәсімдеп жүрді. Өзін 7 баланың анасымен деп таныстырған Зәмзәгүл де мал шаруашылығын жүргізбек.

- Бұрын сауыншы болғам, мал шаруашылығы таңсық емес. Алған сомаға ірі қара алып, сүтін өткізіп, етін сатып, күнделікті шәй-тағамдарымды ақтасам деймін. Ауылда тағы да осылай кәсіп бастағысы келетін аналар бар, - дейді Зәмзәгүл Толғанбаева.

Аналар несие алардан бұрын "Бастау бизнес" курсынан өтіп, 16 мың шәкіртақы, арнайы сертификат алды. Екі ана да аудан орталығына 600 теңгеге таксимен келіп-кетіп оқыған.

- Оқу барысында сауатымыз ашылды. Жобаларды өзіміз жасадық, тренерлер көмектесіп, жолын көрсетті. Салықты қалай төлеу керектігін, пайызды қалай шығаруды үйрендік, - дейді аналар.

Өтініштері қаралып жатқан тағы басқа 2-3 ана бар. Олар тек мал ғана емес, дәмхана, наубайхана, ет өнімдерін өндіру, ара, құс шаруашылығын да дөңгелетпек ниетте.

- Биыл "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың" 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде облысқа республикалық бюджеттен 3 млдр 234 млн теңге бюджеттік кредит бөлінді. Бөлген қаражаттан 500 млн теңге 250 көпбалалы отбасын кредиттеуге бағытталатын болады. Несиені 2 негізде: кәсібін ілгерілету және кәсібін жаңадан ашу мақсатында несие беріледі. Кәсібін ілгерілету үшін алған кәсіпкерлер міндетті түрде 1 жұмыс орын ашу керек. Ал жаңадан бастаушыларға бұл шарт міндетті емес, - дейді "Ауылшаруашылығын қолдау қоры" АҚ ШҚФ несие беру бөлімінің жетекшісі Қанат Рғатов.

Мәселен, 6%-дық мөлшерлемемен 6,5 жылға 4 млн теңге несие алған Бақтыгүл Елекенова несие қарызын бірден қайтармайды, тек 9 айдан кейін бірінші 180 мың теңге төлемін береді. 180 мың (пайыздық өсім) - 9 айдың өсімі. Одан кейінгі төлемді 6 айда бір рет (120мың теңге) төлеп отырады (төлем сомасы ай сайын азаяды). Ал негізгі қарыз жылына 1 рет төленеді. Жалпы алғанда 6,5 жылдың ішінде Зәмзәгүл 1,5 млн теңге үстеме төлейді. Егер ол уақытқа дейін жеткізбей ертерек несиесін жапса, қарыз сомасы бұдан да аз болады.

- Малдардың немесе қажетті техникалардың сатып алынуына, жалпы кәсіптің басталуына 3 ай уақыт береді. Мамандар арнайы барып тексереді. Егер несиені алып, мақсатты жерге жұмсамаған жағдайда, келісімшартта көрсетілгендей алған сомадан 25 пайыз айыппұл төлейді. Ай сайын төлеуге де болады, ол енді несие алушыларғдың ыңғайына байланысты, - деп қосты маман.


Следующая →