Усть-Каменогорск
ясно
+17°
  • Усть-Каменогорск
    +17°
  • Алматы
    +18°
  • Нур-Султан (Астана)
    +22°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +14°
  • Атырау
    +16°
  • Караганда
    +20°
  • Кокшетау
    +21°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +24°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +22°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +26°
$
443.44
+1.86
480.51
+0.51
¥
61.36
+0.17
4.88
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қайыршылық: күнкөріс пе, әлде кәсіп пе?

Өскеменде күнкөрістің қиындығын, тағдырдың басқа салған тауқыметін алға тартып, алақан жаюшылардың қарасы азайғанымен, шеттен келген қайыр тілеушілер көбейген

Бірі -жетім, бірі - мүгедек, бірі - баласын құшақтаған әйел. Қайырымды халықтан садақа күткен мұндай қайыршылар қолымызға еріксіз қалам ұстатты.

Өскеменнің жазы енді көркіне еніп, жылы самал есіп тұр. Күн төбеге көтеріліп, көшеде адам қарасы көбейген. Абай көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында бой көтерген жерүсті өткелімен өтіп келе жатып, жыларман болып отырған бейтаныс бір әйелдің даусы назарымды бірден өзіне аударды. Біраз адамның жақтырмай, басын шайқап, өз жөндерімен кеткенін көрдім. Жаны ашыған кейбір жандар аз-маз тиын тастап жатыр. Әйелді аяп әрі мүсіркегені түрлерінен көрініп тұр. Басында жаулығы бар әйел "Помогите, пожалуйста маме…Алла разы болсын" деп баспалдаққа жайғасқан. Сөздерін бірден ұға қою қиын. Әйтеуір, мүсәпірлікпен көмек сұрап отырғаны түсінікті. Алдына "анасының" диагнозы жазылған қағазды қойып алыпты. Киімі таза, аяғында ер адамның аяқ киімі. Қарап тұрмай, сөмкемді ашып, біраз тиын-тебенін тастап, әңгімеге тарттым. Әйел өзінің есімін Зухра деп таныстырды.

- Қандай мақсатпен отырсыз?

- Анамның еміне және отасына ақша керек.

- Анаңыз қайда?

- №1 қалалық аурухананың хирургия бөлімінде жатыр.

- Қайдан келдіңіз? (түр-әлпеті өзге ел азаматтарына ұқсайды екен)

- ҚР азаматымыз. Астанадан келгені-мізге 1 айдай болды. Пәтер жалдап тұрамын. Осы жерде отырғаныма 1 аптадан асты, - деп қолындағы құжаттары бар жасыл папканы ашып, өзінің тағдырдың жазуымен, ақшадан қысылғандықтан отырғанын дәлелдемек ниетте анасы жайлы ақпарат жазылған қағазды көрсете 
бастады.

- Астанадан Өскеменге неліктен келдіңіздер?

- Өскеменде мамандар жақсы әрі ота бағасы да арзанға түсетінін естідік.

Менің күтіп тұрған автобусым келіп қалғандықтан, тіленші әйелмен әңгімемізді үзуге тура келді. Бірақ оның былай отырғаны ұзақ уақыт ойымнан шықпай, анасы жайлы ақпарттың рас-өтірігін анықтамақ болып, ауруханаға хабарластым. Аурухана қызметкері Зухраның анам деп айтқан Кульжамал Салваровнаның тіркелмегенін айтты. Демек...

Қолындағы бала 
үнемі ұйықтап жатады

Арада күндер өтпей жатып, дәл сол орында баласын құшақтаған жас әйелдің қайыр тілеп отырғаны жайлы хабар әлеуметтік желіде желдей есті. Бірақ бұл біз тілдескен әйел емес, басқасы, 1995 жылғы жас ана екені белгілі болды. Өскеменге нәпақа табу үшін келген екен, осында пәтер жалдап тұрады. Алайда баласының жасы 1 жасқа да жетпегендіктен жұмысқа орналаса алмаған.

- Бұл азаматпен бірнеше рет сұхбаттастық, ескерттік. Енді полиция учаскесіне жеткізілді. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 449-баптың 1-тармағында "Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни, мазалап өтініш білдіру" бойынша хаттама толтырылды, - деп түсіндірді Өскеменнің полция басқармасының баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының бұл қарсы қолданған шарасы кейбір қала тұрғындарына ұнай қоймады. "Қиын жағдайға тап болған адамға айыппұл жазып, жығылғанға жұдырық болу - адамгершіліктен безу" десе, кейбірі азық-түлік, киімдердің оған керек еместігін, тек ақша, бизнес үшін екендігін айтып жарысты. Алайда ең қызығы - әйелдің қолындағы баланың үнемі ұйықтап жататыны тұрғындар арасында күмән туғызды.

- Алматыдағы мұндай бизнес өкілдері баланың тыныш болуы үшін оған есірткі, алкоголь не ұйықтататын дәрі ішкізеді. Одан кейін бала өліп қалса, басқасына ауыстырып алады. Алайда Өскеменде бұрын мұндай болмаған, - дейді Александр есімді әлеуметтік желі қолданушылардың бірі.

Иә, халық көп шоғырланған көше бойлары мен базарларды күнделікті табыс мекеніне айналдырған мұндай жандар біреудің аянышын тудырса, өзгенің ашудан өзегін өртеуі табиғи құбылыс. Өйткені сырт көзге аянышты көрінгенімен сол қайыршылардың жұрт жүрегін жібіту үшін неше түрлі айлаға баратыны тағы аян. Қала берді, көпке қол жайып, садақа сұрайтындар шын мұқтаж болғанымен, оларды сол "кәсіпке" мәжбүрлеп, тапқан ақшасын тартып алатын "крышалары" да талай ұсталды. Мұндайлардың арасында бала ұрлап, адам алдап тағы да басқа қылмыстарға барғандар құрықталды да.

Ресми дерекке жүгінсек, бір ғана Астананың өзінен былтыр Өзбекстанның 215 азаматы еліне қайтарылған екен. Араларында өтірік мүсәпір адамның кейпіне еніп, қайыршылықты кәсіп еткендер жетіп артылады. Ал шын мұқтаж адамды мемлекет қамқорлығына алып, асырап-бағатын арнайы орындар бар.

Қараңғылық басқан 
ортаның көлеңкелі бизнесі

Қаланың сиқын бұзғандарды тәртіп сақшылары талай қудалағанымен, олар жаңбырдан кейінгі қозықұйрық секілді қайта пайда болады. Әсіресе, мұндай жандарды "45-ші гастроном" маңындағы жерасты өткелі мен "Заречный", "Орталық базарына" бара жатқан жол бойынан, "Колос" және "Әуезов" аялдамаларынан жиі кездестіруге болады. Олар тиын-тебенді көбірек алу үшін орын мен уақыттан да жаңылмайды. Мәселен, жұма күні мешіт маңынан табылса, емтихан уақыты жақындағанда жоғары оқу орындарын төңіректейді. Азын-аулақ шәкіртақыға қарап отырса да, ырым-тыйымға сенгіш студенттер сынақ кезінде қайыр-садақа беруге құлшына кiрiсетінін біліп алған.

Әдетте бірдеңені ойға алсаң, айналаңдағы құбылыстың бәрі орайын тауып, сол ойыңмен біте қайнасып кеткендей көрінеді емес пе?! Әлгі оқиғадан кейін достарыммен орталықтағы кинотеатрдан шыққан бойда, бір бала келіп, қайыр-садақа сұрады. Жасы - жеті-сегіз шамасында. Жақсы киінген, өзге ұлт өкілінің баласы. "Апай, шамалы ақша бересіз бе?" деді. "Мына түнгі уақытта далада неге жүрсің? Үйіңде неге отырмайсың?" десек те, тіленуін қояр емес. Өтірік айтып тұрғандай көрінсе де, ақшамызды беріп тұрып, "Балақай, ешқашан өтірік айтып, үлкендерден ақша алма! Тек шыныңды айт! Шын қиналсаң, онсыз да қол ұшын беретіндер көп" деп ақыл айтқансыдық. Бәлкім, шынын айтқан болар, бәлкім, өтірік. Алайда қаршадайынан осындай өтірікпен күнелтер болса, ол баланың ертеңі қандай болмақ? Еске бірден "Миллионер из трущоб" фильмінің эпизодтары түсті. Қараңғылық басқан ортаның көлеңкелі бизнесі. Кішкентай баланың екі көзін көрсоқыр қылып, қайыр тілетіп қоятын фильмнің эпизодтары өмірдің шындығын бүркемесіз көрсетеді. Айта кету керек, сол фильм "Оскардың" сегіз номинациясын жеңіп алған.

Әбу Насыр әл-Фараби "Ең бақытты ел - қайыршысы жоқ ел" деген екен. Елдің әлеуетін көшедегі қайыршының санына қарап бағамдар болсақ, біз қандай елге жатамыз? Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерту еліміздегі қайыршылықтың тамырына түбегейлі балта шаппаса да, тым болмағанда жат жұрттық тіленшілердің қарасын азайта алды ма? Ішкі істер кодекстегі жаңа бап қайыр-садақа сұрауды кәсіпке айналдырған келімсектерді өз елдеріне қайтарып қана қоймай, бес жылға дейін Қазақстанға келуге тыйым салады деп сендірген болатын. Кодекстің 449-бабы бойынша, мұндай әрекеттер үшін алғашында 5 АЕК мөлшерінде, ал екінші рет 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы керек. Әйтсе де, жаңа заң қолданысқа енгізілгелі мәдениетсіз тіленшілер азая қоймады. Баяғы жартас - сол жартас. Мәдениетсіз дейтін себебіміз, біздегі қайыршыларға мәдениеттілік жетпейді. Кейбір мемлекетте, әсіресе, Түркияда мұндай жандар алақан жаймай, 80-100 теңгеге болсын майлық, шар сатып нәпақасын табады. Бұл тіленшілер емес, кішігірім саудагерлер дер едік.

- Мұсылман адамның қол қусырып бос жүргені жараспайды. Сондықтан да ғұламалар "Қолың - істе, жүрегің Алламен болсын" деген. Дінімізде еңбек мәртебесінің жоғары қойылатындығы сонша, еңбек ету - ғибадат болып саналады. Өкінішке қарай, қазір еңбек емес, алақан жаю діннің бір бөлшегі сияқты әсер қалдыра бастады. Рас, ислам - қайырымдылыққа құрылған дін. Бірақ қайырымдылық пен алақан жаю бір ұғым емес, - дейді Өскемендегі "Халифа Алтай" мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Сондықтан да шариғатта садақаны алақан жайғанға емес, үйден шығуы мұң болып отырған адамға беру қажеттілігі ескертіледі. Өкінішке қарай, қазір сұрамсақтық бизнес көзіне айналып кетті. Әлгілердің өз "бизнесіне" балаларын да тарта бастағанын және оның бизнес екенін білгенде, еріксіз таңдай қағасың.


Следующая →