Ақшаға құныққан заңсыз жүргізушілер азаймай тұр
Өткен айда Жамбыл облысында жантүршігерлік оқиға болып, магистральмен жүйіткіп келе жатқан жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, он бір адам көз жұмған еді
Кейін Алматыдан Ташкентке сапарлап шыққан бұл автобустың тұрақты рейске жатпайтындығы анықталып, заңсыз тасымалдаушы екендігі белгілі болды. Ең сорақысы да сол - көз жұмған азаматтардың өміріне енді ешкім де жауап бермейді. Өйткені заңсыз тасымалдаушының сақтандыру лицензиясы жоқ, демек моральдық шығынды да ешкім өтемейді.
Қазір жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын жүргізушілер көбейіп кетті. Бұрын микроавтобуспен тасымалдайтын заңсыз жүргізушілер енді үлкен автобустарға ауыз сала бастаған. Қазір Зайсан мен Алматының, Үржар мен Алматының арасында 40 орындық ірі автобустар жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, 2016 жылы жолаушы мен жүк тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 270 тұлға жауапқа тартылған болса, 2018 жылы екі жылдың ішінде ол 560 адамға жеткен. Әсіресе, жазға салым заңсыз тасымал қыза түседі. Өйткені Бұқтырма мен Алакөлге ағылатын жұрт артады. Мұндайда қулыққа басатын заңсыз автобус иелері де заңды тасымалдаушылардың алдын орап кетеді: автобекет алдына кеп, елді дауыстап шақырып назарын аударады, жолақыны 200-300 теңгедей арзан етіп көрсетеді әрі тұрақты рейске қарағанда, жолға ертерек шығады. Содан тұрақты түрде қатынайтын рейстерге адам қалмай қалады. Нәтижесінде қазынаға салық төлеп, заң талаптарын орындап жүрген тасымалдаушылар табысынан қағылады.
- Соңғы уақытта кәсіпкерлер жиі шағымдана бастады. Себебі заңсыз тасымалдаушылар көбейіп, тұрақты маршрут иелерінің табысы күрт азайып кетті. Соның кесірінен тұрақты бағыттағы маршруттар жабылып, жолаушылар қатынассыз қалуда. Заңды автобус иелері көліктің техникалық талапқа сай болуына толықтай жауап береді. Жолға шығар алдында жүргізушілерін міндетті түрде медициналық тексерістен өткізеді. Ал жолда бұзыла қалса, компанияның басқа көліктері келіп, жолаушыларды барар жеріне дейін жеткізіп тастайды. Олардың амандығына жауап береді. Сақтандыру қоры бар, жолақысы тұрақты, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Айжан Рахимбаева.
Апат айтып келмейді, әрине. Бірақ "сақтансақ сақтайды" деген. Сондықтан жолаушы тасымалын зерттеумен айналысатын мамандар амандығыңызды ойласаңыз, тұрақты рейс автобустарына отыру қажеттігін айтады.
- Тұрғындардың өздері де тұрақты рейстердің ең алдымен өздеріне қажет екенін түсінсе екен. Өйткені заңсыз тасымалдаушылар бірде бар да бірде жоқ. Мәселен, Семей қаласы мен Қарауыл арасында қатынайтын тұрақты рейс бірнеше ай бойы жабылып қалған еді. Қарауылдан Семейге жете алмай әуре-сарсаң болған жұрт көбейіп, кейін ауыл тұрғындарының өзі де қалаға қатынайтын тұрақты автобустың қажет екендігін түсініп, басқармадан көмек сұрады. Қазір ол маршрутпен қатынайтын тасымалдаушы табылды. Алайда уақытша ғана жұмыс істейді. Егер жолаушысы көп болса, онда жұмысын ары қарай жалғастыра береді. Бұрын Жезкенттің де тұрғындары Семейге жете алмай дал болған еді. Кейін тұрақты рейсті қайта қайтарып бердік. Сондықтан тұрақты автобус қай ауданға болсын ауадай қажет, - деп түсіндірді бөлім басшысы.
Ең қиыны да сол - мұндай тасымалдаушыларды қатаң жазалауға заң да қауқарсыз. Өйткені олардың көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, рұқсат қағаздары қолында. Бірақ ондай рұқсат қағаздар тұрақты рейс жүргізуге құқық бермейді. Тек тапсырыспен жүк не жолаушы тасымалдауға ғана жарайды. Бірақ заңның кемшін тұстарын оң жамбасқа "салған" олар полицейлерді де орап кетуге бар. Тәртіп сақшылары ұстай қалса, автобусқа тиеп алған адамдарын тойға не турист ретінде демалыс орнына апара жатқанын айтып жалтарып кетеді. Не айыппұлмен ғана құтылып, кейін ісін жалғастыра беретін көрінеді.
- ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 1-бөлігіне сай автокөлікпен тасымалдауды қоспағанда, жолаушылар мен жүктерді халықаралық қағидаларына сай тасымалдамаған жағдайда елу айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға әкеліп соғады. Ал аталған баптың екінші бөлігі бойынша автокөлікпен жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдағаны үшін жеке тұлғаларға бес, шағын кәсіпкерлерге он, орта кәсіпкерлерге он бес, ірі кәсіпкерлерге жиырма бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал әкімшілік жаза қолданғаннан кейін тасымалдаушылар бір жылдың ішінде тағы да заңсыз әрекетін қайталайтын болса, шағын кәсіпкерлерге он бес, орта кәсіпкерлерге жиырма, ірі кәсіпкерлерге елу АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - дейді Шығыс Қазақстан облысы көліктік бақылау инспекциясының басшысы Кенжебек Мұқашев.
Яғни, бұл бап бойынша заңсыз тасымалдаушыларға 60000-120000 теңге шамасында айыппұл салынады. Заңсыз тасымалдаушылармен күресті тек басқарманың өзі ғана жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Сондықтан мұндай шикі кәсіпкерліктің жанданбауы үшін қоғамның өзі қарсы
тұруы тиіс.
Заңсыз тасымалдаушылар қандай құжат рәсімдесе де ешқашан тұрақты рейстің орнын ауыстыра алмайды. Тұрақты маршрутқа бүтіндей бір компания жауап береді. Егер маршрутпен қатынайтын жолаушы көбейіп кетсе, қосымша автобустар шығарып, сұранысты қанағаттандыра алады. Мәселен, кейде Өскемен мен Семейден Алакөлге қатынайтын адамдарды апарып тастау үшін кәсіпкер бір күнде екі автобусты жолға шығарып, екі рейсті қатар қояды.