Биыл облыста қанша мектеп жөнделеді?
Биыл аймақтағы оннан аса мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жасалады. Одан бөлек, осы жылдың соңына дейін өңірде төрт білім беру мекемесі салынып бітуі керек
Қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің ақпаратына сүйенсек, биыл барлығы 112 мектепке жөндеу жұмыстары жасалмақ. Оның ішінде 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Яғни, есік-терезесі мен парта-орындықтары түгелдей ауыстырылып, материалдық базасы жаңартылады.
- Ал былтыр 130-ға жуық мектепке жөндеу жасалған болса, оның ішінде тек 9 мектепке ғана күрделі жөндеу жасалды,- дейді ШҚО Білім беру басқармасы басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Облыста барлығы 600-ге жуық мектеп бар. Сонда жыл сайын жүзден астам мектептің ғимараты жөнделіп отырады екен.
Бастан-аяқ жөнделетін мектептердің арасында 30 жыл бойы жөндеу көрмеген білім ордалары бар. Мәселен, Алтай қаласындағы бір мектеп пен осы ауданның Октябрь кентіндегі орта мектептің сылақ көрмегеніне 25-30 жылдай уақыт болған. Былтыр бұл екі мектеп те "Қазақстанның энерготиімділігін арттыру" жобасына қатысып, жылу жүйесін жаңарту бойынша мемлекеттік грант ұтып алған екен. Енді бұл мектептердің терезесі ауыстырылып, жаңа пештер орнатылмақ.
Ал апатты жағдайда тұрған мектептердің орнына жаңа мектептер салынатын болады.
- Облыс бойынша апатты жағдайдағы мектептердің санын және тапшылығын жою мақсатында қазір төрт мектеп салынуда. Оның екеуі Өскеменде салынып жатса, бірі Тарбағатайдың Ақжар ауылында салынып жатса, енді бірі Өскемен қаласының Согра кентіндегі орта мектептің қосымша ғимараты түрінде салынып жатыр, - дейді аймақтың бас мұғалімі.
Айта кету керек, аймақтағы мектептерге орташа жөндеу жұмыстарына жасауға 1 млрд теңгеден артық қаржы жұмсалмақ.