Усть-Каменогорск
малооблачно
+11°
  • Усть-Каменогорск
    +11°
  • Алматы
    +17°
  • Нур-Султан (Астана)
    +8°
  • Актобе
    +14°
  • Форт-Шевченко
    +20°
  • Атырау
    +18°
  • Караганда
    +14°
  • Кокшетау
    +7°
  • Костанай
    +11°
  • Кызылорда
    +23°
  • Павлодар
    +9°
  • Петропавловск
    +6°
  • Тараз
    +17°
  • Уральск
    +10°
  • Шымкент
    +19°
$
443.37
+1.32
474.49
+0.35
¥
61.24
+0.17
4.83
+0.09
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Рамазан - қайырымдылық айы

Күллі мұсылман қауымның асыға күтетін, мол сауапқа кенеліп, руханиятын жаңартатын, игілік пен жақсылыққа ұмтылып, сансыз қайырымдылық жасайтын мейірім айы Рамазан айы да келіп жетті

Айлардың сұлтаны атанған құлшылық айы - Алланың жұмыр басты пендесіне берген шексіз мейірімінің бір айғағы екен. Өйткені бұл айда жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыруға, адамзатты тура жолға салуға бұйырылған Құран Кәрім жер бетіне түсірілген. Сондықтан бұған шүкіршілік етіп, Алланың разылығын алу үшін ораза ұстап, барша жамандық атаулыдан тыйылуымыз қажет.

Шығыста да қари бар

Ал аймақ имамдары Рамазан айының алдында баспасөз жиналысын өткізіп, жұртшылыққа үндеу жолдап, жоспарларымен бөлісті. Облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай биылғы Рамазанның ерекшеліктері жайлы әңгіме өрбітті.

- Биыл Орта Азия мемлекеттерінің муфтияттары бірігіп, бір күнтізбемен Рамазан айын бекіткен болатын. Алматы қаласындағы расытхананың деректеріне сүйене отырып, ғалымдар биылғы Рамазан айы 6 мамырда басталады деп шешті. Яғни, 5 мамыр күні кешке тарауық намазы оқылып, ертеңгі күні таңсәріден бастап ауыз бекіту керек. Ал 5 маусым - Ораза айт. Пітір садақа былтырғыдай 300 теңге. Бұл өте маңызды. Өйткені халқымыз пітір садақа беруге шынайы мән береді. Ал зекет берем деушілерге муфтияттың ресми сайтында зекет есептеудің арнайы калькуляторы іске қосылған, соны пайдаланса болады. Үш жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан "Имам такси" биыл "Рамазан такси" болып өзгертілмек. Қазір қоғамдық көліктерді де жұмылдыруға күш салынуда. Биыл тарауық намазын өзіміздің имамдар оқитын болады. Былтыр қарилар орталығын құрып, шәкірттерімізге Құран Кәрімді жаттата бастаған едік. Жақында жарысқа да барып қайтты. Алдағы уақытта шығыста да қарилар бар деп айта алатын деңгейге жетерміз, - дейді Ермек қажы Тасболатұлы.

Рамазан айы - жұмақ есіктерінің ашылып, тозақ есіктерінің жабылатын, шайтанның кісенделетін уақыты. Ораза жай ғана ішіп-жемнен тыйылу емес, ішкі жан-дүниеңді, руханиятыңды тәрбиелеу, тепе-тең ету. Бұл айда ауыр сөз, балағат, өтірік айтудан, бұзақылық жасау сынды жаман әдеттерден бас тартып, барынша ізгілік мен сабырлық танытуға тырысу керек.

Адамға күліп қараудың өзі сауап

Аймақтың бас имамы Рамазан айындағы ғибадат пен ізгі амалдардың сансыз сауапқа кенелетінін тілге тиек етіп, бұл айда мұсылмандардың қайырымдылық пен жақсылық жасауға аса мән бергені жөн екендігін айтады. Өйткені ораза, алдымен, Алла үшін жасалатын өнегелі ғибрат саналады әрі оның сауабын бір Алла ғана береді.

- Рақымды Жаратушымыз құлдарым тәубеге келсін, сауап жинасын, қайырым жасап, қияметке қамдансын деп, сауапты істеріміздің қарымтасын еселеп қайтаратынын сүйіншілеп, жақсылық пен жомарттық жасауға ынталандырды. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Кімде-кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда 70 парыз өтегеннің сауабындай сауап алады" деген. Сондықтан осы айда барынша мейірімді, қайырлы болуға күш салайық. "Басқаларға пайдасы тиген адам - ең жақсы адам" дейді Алланың елшісі. Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде "Шынында, садақа Алланың азабының жалынын өшіріп, жаман өлімнен сақтайды" деп өсиет еткен, - дейді бас имам.

Осы орайда сауда сататын кәсіпкерлер азық-түлік бағаларын арзан қойып, өзге мұсылмандардың ауыз ашарына көмектессе құба-құп болмақ. Ал жұмысшысы бар кәсіпкерлер болса, жомарттық танытып, оларға ауыз ашар берсе, нағыз мұсылмандық болар еді. Тіпті, жолда жатқан тасты "ешкімге кедергі келтірмесін" деп алып тастаудың өзі - қайырлы іс.

- Адамның жүзіне күліп қараудың өзі зор сауап. Жылы сөз айтып, таныс-жақынның халін білуге тырысыңыз. Қонаққа шақырып, ауыз ашар жасаңыз. Базарға барып, өзіңізге азық-түлік алған екенсіз, біраз көбірек алып, тұрмысы төмен жандарға таратып беріңіз. Ардақты пайғамбарымыз садақаның өмірді ұзартатынын, тәкаппарлықты кетіретінін айтқан. Сондықтан барынша қайырлы іс жасауға ұмтылайық. Жаңа жылда берген сыйлықты Рамазанда неге бермеске? Бұған халықты үйретуіміз керек. Сонда ғана Аллаға жақындай аламыз, - дейді бас имам.

Қазір елде ысырапшылдық көбейді. Соның кесірінен адам қатыгез, мейірімсіз болып барады. Дүниені ақырет үшін жұмсау түсінігі қалыптаспай жатыр. Ақырет үшін пайдасы жоқ істер көп. Мәселен, зәулім зираттар салып, даңғаза той-думан өткізу - өте ысырапшылдық.

- Дінімізде зәулім зират салу керек деген үкім жоқ. Демек оны салғанша, оған кететін қаражатпен бір шәкірттің оқу ақысын төлеп беруге болады. Қазір қаншама студенттер жұмыс істеп, оқу ақысын өзі төлеп жүр. Ал жұмыс істеп жүріп оқығаннан қандай маман шықпақ? - дейді бас имам.

Ал үлкен той жасағанша, ол қаржының жартысына көпшік қағар, елге жария етер дастархан ұйымдастырып, қалған қаражатқа талай қайырымдылық жасауға болады. Бір отбасының баспаналы болуына, екінші бір отбасының баласын аман алып қалуға себепші болуымыз мүмкін. Жақсылық жасаған адам да рухани ләззат алып, жан-дүниесі байлыққа кенелмек.

Күн бекеті салынса...

Былтырдан бастап Халифа Алтай мешіті баламалы энергия өндіруге көңіл қоя бастаған еді. Яғни, күн панелдерін орналастырып, ғимаратты жарықпен, жылумен қамтуды қалайды. Алла қаласа, бұл да қолдан келетін шаруа. Тек білім мен қаржы керек болып тұр. Білімді жігіттер бас қосып, инженерлік жоба құрастырып, қамқор кәсіпкерлер демеушілік жасаса, қатып кетер шаруа болмақ.

- Егер мешітті жылумен, жарықпен қамти алсақ, оған жұмсалатын қаржының орнына қайырымдылық шараларын жасайтын едік. Имамдардың еңбекақысын да көтеруге болады. Қыстай жылуға қаншама қаржы шығындалады. Ал біз көбірек қайырымдылық жасауды қалаймыз, - дейді Ермек қажы Тасболатұлы.

Шығыстың климаты күн сәулесін игеруге келмейді дегендерге де имамның жауабы дайын болып шықты.

- Елордамызда "Алланың гүлі" атты Ырыскелді қажының мешіті бар. Бұл мешіт толықтай автономды түрде күннен қуат алып, жұмыс жасайды. Тіпті, мешіттің күн панелдері өндіріп берген энергияны қалаға да беріп отыр. Ал одан түскен қаржыны тұтастай қайырымдылыққа жұмсауда, - деп уәж айтты қажы.

Халқымыз "қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің", "кең болсаң - кем болмайсың" дейді. Кезінде бір бай бір рулы елді асырап, төрт құбыласын теңдей бөліп отырған. Бұл нағыз жомарттық пен мәрттіктің, қайырымдылық пен мырзалықтың белгісі. Ал "жомарттық" мұсылманның бір есімі екенін ұмытпайық.


Ескерту:

  • Сәресі ішуді таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтату абзал.
  • Ақшам намазының уақыты кіргенде ауыз ашылады.
  • ҚМБД төралқасының шешімі бойынша биылғы пітір садақаның ең аз мөлшері 300 теңге болып бекітілді.
  •  Мамырдың 31-інен Маусымның 1-іне қараған түн - қасиетті Қадір түні.

Следующая →