Зағип жандар қоғамнан шет қалмайды
Қоғамның сан саласында игі бастамалар қолға алынып, олар билік пен кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болып жатыр
Алдымызда бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл ұлы көштен зағип жандар да шет қалмауы керек. Олар тағдырдың маңдайға жазуына орай жанарынан жастай не туабітті айырылды. Бірақ соған қарамастан өмірдің қиындықтарына мойымай, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Жанары көрмесе де жүрегі көретін, өмірді сүюге құштар осындай жандарға жасалған тағы бір жақсылықтың куәсі болдық. Өскемен қаласында №19 қосымша білім беру мектеп-орталығында көзі көрмейтін балаларға арналған арнайы сынып ашылды. Көп жағдайда ақыл-ойы толық сақталған балалар үшін мекенжайы бойынша білім алуы және одан ары қарай дамуына қажетті жағдайдың болмауы - басты кедергі. Көбіне көзі көрмейтін балалар мектеп жасына жеткен соң отбасынан кетіп, республиканың кейбір қалаларында ғана ашылған интернатта білім алуға немесе үйде оқуға мәжбүр.
- Облыста 18 жасқа дейінгі көзі көрмейтін 27 бала бар. Соның 14-і Өскемен қаласында тұрады. Олар сабақты үйден оқиды, оған ата-аналары қанағаттанбайды. Себебі сағаттар аз. Оның үстіне үйде отырған бала көппен қарым-қатынасқа түспейді, қоғамға бейімделуі де қиынға соғады. Ал мектепте оқитын болса 8 емес, 34 сағатқа дейін айналысуға мүмкіндік бар, - дейді облыстық Білім басқармасы Қорғаншылық, қамқоршылық және интернаттар ұйымдары бөлімінің бас маманы Сәуле Қайдарқызы.
Сыныпта қазіргі уақытта 4 бала оқиды: Аяжан Әсетқызы, Даниал Ғабдулкаков, Досым Кенжебек және Қырмызы Мұратбек. Қалғандары келер оқу жылында бұл мектептің табалдырығын аттамақ ойда екен. Оларды тасымалдау мәселесі де шешімін тапқан.
- Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің "Дара" қорымен ынтымақтастығы және серіктестері "Алтын Қыран" қайырымдылық қоры, "Актеп" ЖШС, "Рокос Центр Астана" ЖШС, "Анвар" ЖШС, "Дастан" ЖШС мен жеке тұлғалардың қолдау көрсетуі нәтижесінде Өскемен қаласында арнайы сынып ашу мүмкіндігі туды. Бұл "Өңірлерде әлемді ашамыз" жобасы аясында республика көлемінде ашылған бесінші сынып. Мұндай сыныптар Астана, Ақтөбе, Ақтау және Қостанай қалаларында жұмыс істеуде. Барлық балалар дарынды, білім алуға және дамуға тең құқылы. Жалпы білім беру мектебінде көзі көрмейтін балаларға арналған арнайы сынып ашу - бұл сапалы, толыққанды білім алу кеңістігінің кеңеюі және қолжетімділігі, - дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Әртүрлі құрылғылармен жабдықталған сыныпқа қордан 8 млн теңге бөлінген. Брайль әліпбиі, рельефті-нүктелі кітаптар, басып шығару құрылғысы, лупа, калькулятор, дыбыстық салмақ өлшегіш пен сағаттар, жазу-сызуға арналған жабдықтар, жиһаздар, сондай-ақ, әлеуметтік бағдарлау аймағы жабдықталған. Мұнда ас үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтар қойылған. Ерекшелігі - баланы өз-өзіне қызмет етуге, тұрмыстық заттармен жұмыс істеп үйренуге, өзін қоғамға дайындауға үйретеді.
Сонымен қатар, енді қор балалар мен ата-аналарына "Дарын" жазғы демалыс лагерінде демалуға мүмкіндік сыйлайды.
Айта кетейік, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 3500 бала елімізде күрделі көз ауруларына шалдыққан.